Шымкент – Қазақстанның шахмат астанасы
Шымкент – Қазақстанның шахмат астанасы
392
оқылды

Орталық саябақта орнатылған шахмат фигурасының биіктігі – 3 метр, салмағы – 4 тонна. Сәулетті мүсінді  «Шымкент – Қазақстанның шахмат астанасы» атануына орай «Black Rock Business» ЖШС-і өкілі Бауыржан Мырзатаев Шымкент қаласына сый ретінде тарту етті.

Сондай-ақ, бүгін Шымкентте шахматтан жасөспірімдер арасында ҚР Чемпионаты басталды. Сайыстың ашылу салтанатына  Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко, "Black Rock Business" ЖШС-і директорының орынбасары Бауыржан Мырзатаев, Қазақстан шахмат федерациясы директорының орынбасары Ануар Исмагамбетов және Visit Shymkent орталығының басшысы Айдарәлі Раманов арнайы қатысты. Бұл спорттық сайыс халықаралық шахмат аренасында Қазақстанның оң имиджін қалыптасыра отырып, Шымкентті зияткерлік шаһарға айналдыруды мақсат етеді. Қазақстанда тұңғыш рет Шымкент мектептерінде шахмат ойыны енгізілгені белгілі. Көптеген халықаралық додаларда Әнұранымызды шырқата білген алғашқы гроссмейстерлер Ринат Жұмабаев, Гүлісхан Нахбаева және Жансая Әбдімәлік, Гүлмира Дәулетова Шымкент қаласының тумасы. Шахматтан жасөспірімдер арасындағы Қазақстан чемпионатының Шымкентте ұйымдастырылуына Visit Shymkent орталығы бастамашы болып отыр. Айта кетейік, маусым айында «Қазақстан Шахмат Федерациясы» Қоғамдық бірлестігі  мен Visit Shymkent орталығы арнайы ынтымақтастық меморандумына қол қойған болатын.

Назгүл НАЗАРБЕК