Ashyq-та "қызыл" мәртебесі бар ереже бұзушылар тізімі БАҚ-та жарияланады, — деп хабарлайды primeminister.kz. Бүгін, 21 шілдеде Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының тарауына жол бермеу жөніндегі ВАК отырысы өтті. Оған премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қатысты. Онда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 19 шілдедегі елдегі эпидемиологиялық жағдай жөніндегі кеңесте берген тапсырмаларының орындалуын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
"ВАК Ashyq-та "қызыл" және "сары" мәртебесі бар адамдарға қатысты шараларды қатаңдату туралы шешім қабылдады. Енді карантин режимін бұзған "қызыл" мәртебесі бар тұрғындардың есімі бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады", - делінген хабарламада.Сондай-ақ, вице-премьер Ералы Тоғжанов мемлекеттік органдардың басшылары мен өңір әкімдіктеріне иммундау тұрғысынан түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, сондай-ақ халықты коронавирус инфекциясына қарсы вакцинамен қамтуды арттыру туралы нақты тапсырмалар берді. Вице-премьер мемлекеттік орган өкілдерінің баяндамаларын тыңдап, қысқа мерзімде Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша келесі шараларды қабылдауды тапсырды:
- жаңа штамдардың пайда болуын ескере отырып, коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі жедел іс-қимылдардың нақты жоспарын әзірлеу және енгізу;
- QazVac отандық вакцинасын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымында тіркеу және оны одан әрі үшінші елдердің нарықтарына шығару мәселесін пысықтау, осы бағытта нақты жол картасын әзірлеу;
- карантин шектеулерін сақтауға қойылатын талаптарды қатаңдату мәселесін пысықтау;
- вакциналау қарқыны төмен өңірлерге әдістемелік көмек көрсету үшін көшпелі бригадаларды қалыптастыру;
- коронавирусты диагностикалау мен емдеу хаттамаларына сәйкес реанимация бөлімшелері мен жедел медициналық көмек қызметтерін қосымша жарақтандыруды қамтамасыз ету жөнінде нақты ұсыныстар енгізу;
- коронавирус жұқтырған науқастарды емдеу үшін "Ремдесивир" препаратын орталықтандырылған сатып алу мәселесін шешу жөнінде шаралар қабылдау;
- Ішкі істер министрлігі басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жалған вакцинация паспортын жасаудың жолын кесу жөніндегі ведомствоаралық арнайы топ құрсын;
- Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі "Атамекен" Ұлттық палатасымен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, бизнес субъектілерін Ashyq бағдарламасына енгізу жөніндегі талаптарды жеңілдетсін.