СҚО-да туыстарын пышақтап өлтірген жігіт өмір бойына бас бостандығынан айырылды
СҚО-да туыстарын пышақтап өлтірген жігіт өмір бойына бас бостандығынан айырылды
© azattyq-ruhy.kz
138
оқылды
Петропавлда туыстарын пышақтап тастаған алматылық жігітке қатысты сот үкімі шықты. Қандықол қылмыскер өмір бойына бас бостандығынан айырылды, - деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Наурыз айында Петропавлда болған қанды оқиға халықты дүр сілкіндірген еді. 48 және 89 жастағы екі әйелді өлтіріп, ер адамды ауыр жаралаған 30 жастағы Бекболат Ғабдуллин қылмыс үстінде ұсталған болатын. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, алматылық жігіт 9 наурызда Нұр-Сұлтан қаласынан Петропавлға туыстарының үйіне қонаққа келеді. Ер адам еш жерде жұмыс істемейді, құмар ойынға салынып, қарызға белшеден батқан. Ауқатты туыстарын көріп, оларды тонамақ болған.
«Жәбірленуші Алпысбаевтардың айтуынша, сотталушы үйдің ішін аралап, құрылысқа қанша қаржы кеткенін және құңды заттардың қай жерде сақталғанын сұрастырған. Осыдан оның байлыққа қызығып, туыстарын тонамақ болған пиғылы байқалады. Оның үстіне, үй иелеріне пышақпен шабуыл жасағанда маған ақша керек деп айқайлаған», - дейді СҚО қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы Сергей Викторенко.
10 наурызда Ғабдуллин қаладағы дәмханалардың біріне барып, алкогольдік ішімдік ішкен. Түнгі екілерден кейін үйге қайта келіп, немере інісін «темекі шегейік» деген сылтаумен шақырып алып, арқасына бірнеше рет пышақ сұққан. Жаралы Алпыспаев көмек шақыру үшін екінші қабатқа әжесінің бөлмесіне жүгіреді. Ондағы телефон арқылы көрші тұратын туыстарына телефон соғып, мән-жайды айтып үлгеріп есінен танып қалады. Ғабдуллин оның артынан жүгіріп кіріп, ұйқыдағы қарияны да бірнеше рет пышақтайды. Дәл осындай қатыгездікпен 48 жастағы жеңгесін де өлтіреді.
«Сотталушының жасаған қылмысы өте ауыр болғандықтан сот оны қоғам үшін қауіпті деп танып отыр. Сол себепті ҚР Қылмыстық Кодексінің 99-бабының 1, 3, 8-тармақтарына сәйкес, сонымен қатар 46-баптың 5-ші бөлім 4-тармағына сәйкес, Ғабдуллин өмір бойына бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің төтенше қауіпсіздік мекемесінде өтейді», - деді үкім шығарған судья.
Мұнымен қоса, қылмыскерден жәбірленушілердің пайдасына 14,8 млн. теңгеден астам материалдық және моральдық шығын өндіріледі.