Батыс Қазақстан облысына қарасты Сырым ауданының орталығы Жымпитыдағы ауылішілік жолдардың жағдайы жыл сайын жақсарып келеді. Биыл О.Исаев және Х.Есенжанов көшелеріне жаңадан жол салынып жатыр.
Осы мақсатта «Nur Otan» партиясы Сырым аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау тобының мүшелері мен Сырым аудандық мәслихатының депутаттары жол құрылыстарының барысымен танысты. Партияның аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Т.Дарғожиев, аудандық мәслихат хатшысы Ш.Дүйсенғалиева және депутаттар әуелі О.Исаев көшесінде болды. Көктем мен күз айларында Қарасу ықшамауданындағы бұл көшеге көлікпен қатынау қиындық туғызып жүрді. Енді тақтайдай жол тартылуда. Мердігер серіктестік «АстроДОР» ЖШС-ның тапсырысын орындаушы «РСУ Транс» ЖШС өкілі, учаске бастығы Хәкімзата Ғайытбаевтың айтуынша, жаңа жолдың құм және қос қабатты шебін жамылғысы төселіп, тапалып, қазір 1,2 шақырым жол асфальтқа дайындалуда. Депутаттар жамылғылардың қалыңдығын тексеріп, Сырым аудандық Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Тимур Айтқалиевқа жол жиектерін сапалы жасауды, су ағарлардың дұрыс орналасуын қадағалауды тапсырды. Х.Есенжанов көшесінің бойында тұрғын үйлерден бөлек стадион, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аудандағы филиалы және Сырым колледжі орналасқан. Колледж студенттері осы көшемен жатақханаларына қатынайды. Дегенмен асфальт көшенің колледж орналасқан жағына емес, екінші бетіне төселіп жатыр. Х.Есенжанов көшесінің екінші бөлігі біріншісіне қарағанда тар әрі су құдықтары жолға жақын орналасқан. Қажеттілікке салсақ, асфальт оқу орны тұрған маңға керек. Депутаттар Сырым колледжінің тұсынан С.Сейфуллин мен Х.Есенжанов көшелерін қосатын біржолақты жол салуды және жаяу жүргіншілер жолын төсеу жөнінде ақылдасып, аудан әкімінің атына ұсыныс даярлайтын болып шешті.Әбілмансұр ЖАСАН