Жұмыссыздықты болдырмау мақсатына жыл сайын миллиардтар бөлінгенімен, еңбекке қабілетті жанның барлығын еңбекке орналастыру оңайға соғар емес. Осынау маңызды жағдайдың түйінін тарқату үшін биыл да Алматы облысында қомақты қаражат қарастырылып, нақты шаралар қолға алынып жатыр.
Алғашқы жартыжылдық қорытындысы бойынша өңірде жүзеге асырылып жатқан жұмыспен қамту бағытындағы бағдарламалар арқасында 30 мыңнан астам адам еңбекпен қамтылыпты. Облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәліметіне қарағанда, биыл «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға облысқа 31,8 млрд теңге бөлінген. Жылдың алғашқы жартысында халықты жұмыспен қамтудың бірқатар бағыты орындалып, мыңдаған жан екі қолға бір күрек тауыпты. Соның ішінде «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы арқылы 3,3 мың адам жұмысқа орналасқан. Сол сияқты халықты жұмыспен қамтуға шағын және орта бизнесті мемлекет тарапынан қолдаудың тигізген ықпалы да аса зор көрінеді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің Жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары мен «Жетісу» өңірлік бағдарламасы шеңберінде қарастырылған қаржы көлемі 23 млрд теңгеге дейін ұлғайтылып, бірінші жартыжылдықта 7,5 млрд теңгеге 990 жоба қаржыландырылып, 2 750 тұрақты жұмыс орны құрылған. Биыл жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 34,3%-ға жетеді деген батыл болжам бар.Болат АБАҒАН, Алматы облысы