Өндірісте 50 адам көз жұмған
Өндірісте 50 адам көз жұмған

Қазақ қандай қаза болса да, «жазмыштан озмыш жоқ» деп қоя салады. Бірақ жұмысқа кетіп, бала-шағамды асыраймын деген адамның қайтыс болуын не дейміз? Ол да жазмыш па? Бір жарым жылдың ішінде Қарағанды облысындағы өндіріс орындарында 230-ға жуық кісі жарақат алып, 50 адам қайтыс болған.

Министрлік статистикасы

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі деректері бойынша, биыл бірінші жартыжылдықта өнді­рістегі жазатайым оқиғалардың сал­дарынан 691 қызметкер зардап шекті, оның 78-і қайтыс болды. Осылайша, өндірістік жарақаттану деңгейі 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 2,8% өскен. Ал өткен жылдың 6 айында 672 адам зардап шекті. Өндірістік жарақаттанудың жоғары деңгейі бұ­рынғыдай Қарағанды (139 адам), Шығыс Қазақстан (82 адам), Ақтөбе (56 адам), Павлодар (54 адам), Қостанай (49 адам), Түркістан (37 адам) облыстарында және Алматы қаласында (42 адам) кездесіп отыр. Экономика салалары бойынша зардап шеккендердің ең көбі тау-кен-металлургия кешенінің кәсіп­орындарында – 134 адам (19,4%) және құрылыс саласында – 80 адам (11,6%).

Сақтық шаралары жоқ

Қазақта «сақтықта қорлық жоқ» де­ген сөз бар. Әрине, қандай жұмыс істе­сең де сақтық керек. Алайда сақтықтан кейін кәсіпорындарда еңбек қауіп­сіздігін сақтамау да баршылық. Мысалы, еңбекті қорғау саласында ең жиі кез­десетін бұзушылықтар: қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етпеу – 14,9% (353); қызметкерлерге оқыту мен нұс­қама жүргізбеу – 14,3% (340); жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, ар­найы киіммен және арнайы аяқкиіммен қамтамасыз етпеу – 10,1% (238). Бұл тек анықталғаны ғана. Ал жазатайым оқи­ға­лардың көпшілігі мыналарға байла­нысты болған екен: қозғалатын, айнала­тын заттардың әсері (199 немесе 13,9%); зардап шегушінің биіктен құлауы (171 немесе 11,9%); заттардың, материал­дардың құлауы (152 немесе 10,6%).

«Қауіпсіз еңбек» жобасы әзірленді

Жақында Қарағанды облысының прокуратурасында 2020 жыл және 2021 жылдың 6 айы бойынша жарақаттану туралы қылмыстық істерді тергеудегі заңдылықтың жай-күйі, сондай-ақ олардың алдын алу бойынша жұмыстың тиімділігі алқалы жиналыста қаралды. Статистикаға сәйкес, өндірісте жарақат алудың 230-ға жуық фактісі тіркеліп, оның 22% немесе 50-і өлімге әкелді. Осыған орай қылмыстық істерді тергеудің проблемалық мәселелері, уәкілетті органдардың жұмысы тал­қыланды. «Қауіпсіз еңбек» жобасы әзір­ленді, ол жосықсыз жұмыс берушілерді заңда белгіленген жауапкершілікке тартудың бірыңғай практикасын қа­лыптастыруға және еңбек жағдай­ларының лайықсыз болуына төзімсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағыт­талған», – деп мәлімделді облыстық прокуратурадағылар. Сонымен қатар полиция органдарында қолданылып жатқан істерді тергеу бойынша әдісте­мелік ұсыныстар таныстырылды. Соны­мен бірге, жарақаттану деңгейі жоғары аймақтарда арнайы жедел-тергеу топтарын құру жоспарланып отыр.

Еңбек инспекциясы не дейді?

«Өңірдің өндірістік объектілерінде төрт айда 83 жазатайым оқиға болды, онда 103 адам зардап шекті, 14 адам қайтыс болды», – деп хабарлады об­лыстық Еңбек инспекциясы басқар­масының басшысы Ирина Любарская Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында. Жазатайым оқиғаның ең көбі тау-кен металлургия, көмір және құрылыс салаларында тіркелген. Атап айтқанда, бұл қала құраушы кәсіпорындар – «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Қазақ­мыс «корпорациясы» ЖШС және басқалар. өндіріс – Талдау көрсеткендей, жазатайым оқиғалардың негізгі себептері жұмыс беруші тарапынан бақылаудың жеткі­ліксіздігінен болады. Жұмысты дұрыс ұйымдастырмау да бұған сеп. Төтенше жағдай көбіне 3 жылға дейін жұмыс өтілі бар қызметкерлер арсында (42%) бола­ды. Жазатайым оқиғалардың 57%-ы өздерінің ұзақмерзімді кәсіби тәжіри­бесіне сүйенетін 55 жастан асқан қыз­мет­керлер арасында тіркелді. Қайғылы жағдайдың себебінің бірі зейнетке дейінгі жастағы мамандардың жалпы денсаулығына байланысты. Барлық жұмыс беруші міндетті ме­дициналық тексеруді және ауысым алдындағы медициналық куәланды­руды жүргізбейді, – деп атап өтті И.Любарская.

Кім кінәлі?

Қайғылы жағдайдың болуына ең алдымен жұмыс берушілер кінәлі. Негізінен алғанда, көп жағдайда өндірістегі жұмыстардың немқұрайды ұйымдастырылуы, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтамау, ғимараттардың қанағаттанарлықсыз техникалық жағдайы, автокөлік қозғалысы ереже­лерін бұзу, істен шыққан көлік, жаб­дықтарды пайдалану, жұмысшыларды еңбек қауіпсіздігіне оқытпау, жеке және ұжымдық қорғаныс құралдарын, арнайы киім формасымен қамтамасыз етпеу сияқты кемшіліктер – жұмыс беруші­лердің кінәсі. Сонымен қатар жұмысшылардың да кінәсінен болатын жағдайлар бар. Мысалы, еңбек қауіпсіздігі ережелерін бұзу, сақтық шараларына назар аудар­маудың нәтижесінде сол жұмысшының өзі көз жұмады. Құрылыста адамның биіктен құлауы, газбен улануы, тоққа түсуі, үстінен ауыр заттың құлауы жиі-жиі болады. Бұл жерде аса өзекті, ше­шілуі қиын бір мәселе бар. Ол кәсіпорын басшылары өндірістегі жарақаттану оқиғаларын көбінесе жасырып қалуға тырысады. Не болмаса, әр жұмысшының өміріне жауапты болғандықтан, ауыр жарақатты жеңілге ауыстыра салады. Кей кездері жұмыс беруші еңбек қауіпсіздігіне қыруар қаражат бөлудің орнына, жарақат алған адамға айыппұл төлеуді қолай көреді. Демек, жұмыс берушілерге қойылатын талаптарды қатайтумен, яғни белгілі бір жазалаушы іс-шаралармен мәселені толық шеше алмасымыз анық.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы