Құрыш құйып, болат балқытқандар
Құрыш құйып, болат балқытқандар
444
оқылды

Өткен ғасырдың 50-жылдарының соңында «Қазақстан Магниткасы» Бүкілодақтық екпінді құрылыс ретінде жарияланды. Коммунистік партия ОК-нің ірі құрылысқа шақырған үндеуін Кеңес Одағының түкпір-түкпіріндегі жастар жылы қабыл алды. Ал 1960 жылғы 3 шілдеде сол кезде Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы және бірден-бір домна пеші іске қосылды. Қазақстандық өнеркәсіптің жетекші саласының бірі – металлургия. Осы салада қызмет ететін майталман мамандар ел экономикасының өркендеуіне орасан зор үлес қосып жатыр. Тұңғыш Президенттің 2003 жылдың 15 қарашадағы Жарлығымен шілденің үшінші жексенбісі Металлургтер күні ретінде аталып өтіледі. Биыл Тәуелсіздікке – 30 жыл, осы жылдар ішінде де металлургтер зор табыстарға жетті.

Тарих парақтары

Қазақстанның алғашқы шо­йынын қорытуға тәжірибелі ше­берлермен бірге жас металлург Н.Назарбаев та қатысты. Осы та­ри­хи оқиғаны Елбасы Н.Назарбаев өзінің «Қазақстанның құрыш кел­беті» атты кітабында былай сипат­тады: «1960 жылғы 3 шілде, жек­сенбі. Мыңдаған құрылысшылар мен металлургтер, көптеген қо­нақтар Вадим Романовтың ауы­сы­мының жұмысын толғана бақылап тұр. 15 сағат 7 минутта аға көрікші Николай Набиуллин электр бұр­ғысын іске қосты. Тесік қашалды. Жыра бойымен отты ағын құ­йы­лып сала берді – алғашқы қазақ­стандық шойын жүрді!». Ал осы қуанышты сәтті ха­лық­қа сүйіншілеп жеткізген Қарағанды облысындағы іргелі басылым «Со­веттік Қарағанды» газеті болатын. Сарғайған газет беттерінде екпінді түрде жүргізілген құрылыс, домна пешіндегі алғашқы құйма, ерен еңбек нәтижесі тарих болып қатталып қалды. Биыл «Қазақстан Магнитка­сы» Қарағанды металлургия зауыты­ның өмірге келгеніне 61 жыл. Қо­лымызда аймағымыздың үнпа­рағының 1960 жылдың екінші жартысындағы тігіндісі. «Шойын құюдың июльдегі қорытындысы» атты мақалада «Қазақстан Маг­ниткасының бірінші домнасының қосылғанына бір ай өтті. Бұл мерзім ішінде шойыншылардың өз ісіне шеберліктерін арттыра отырып, шойын құюды бірден жақсы игеріп кеткендіктері көрініп тұр... Өткен айдың 28 күнінде дом­нада 183 рет шойын балқытылды. Николай Мячин жолдас басқа­ратын смена еңбек өнімділігін арттыру жолындағы социалистік жарыста үнемі алда келеді. Сол сияқты Владимир Романов жолдас басқаратын смена да ауыр сал­мақты шойын қорытып, жаңа жетістіктерге жетуде» деп жазды. Ерлікке пара-пар еңбектің әр күні халыққа осылай жетіп жатты. Қара металлургияның Отаны Теміртау ғана емес, «Қазақмыс» корпорациясына қарасты Балқаш кен-металлургия комбинатының, Жезқазған мыс-балқыту зауыты­ның жұмыстары да баспасөз бет­терінде жазылып келеді.

Теміртау: қара металлургияның отаны

«Теміртау» десе, ең алдымен еске Тұңғыш Президент түседі. Оның себебі айтпаса да түсінікті: бұл – төрткүл дүниеге танымал Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тұсауын кесіп, саясат кеңістігінде самғауына тұғыр болған Теміртау. «Ел Магниткасы» Тәуелсіздік әлдиі тербеткен 30 жылда эконо­микасы өркендеп, әлеуметтік әлеуеті артып, келбеті келісті шы­райлы шаһарға айналды. Қазақ металлургия зауыты – Қазақстан қара металының тұң­ғышы, Қарағанды металлургия комбинатының негізін қалаушысы. Зауыт құрылысы 1950 жылы бас­талған еді. Көлемі 1513 текше метр ал­ғашқы домна пешін салу 1957 жылы желтоқсанда қолға алынды. 1958 жылы БЛКЖО XIII съезінде Қазақстан магниткасын салу Бү­кілодақтық екпінді ком­сомол құ­ры­лысы деп жарияланды. 1960 жылы 3 шілдеде №1 домна пеші тұңғыш шойын қорытты, қа­рашада 2 кокс батареясы пайда­ла­нуға бе­рілді, 30 желтоқсанда қазақ­стан­дық алғашқы кокс алынды. Комбинатта 1980 жылдары 41 мыңнан аса адам еңбек етті. 6 адам Социалистік Еңбек Ері атағына ие болды.Теміртаудағы бұл зауыт қа­зір Қарағанды облысының елі­міз­дің өндірістік локомотиві атануына өзінің зор үлесін қосып жатыр. 1995 жылдың қараша айында комбинат жұмысы LNM-Qroup компаниясына берілді, компа­нияның негізін құрушы және басқарушы Лакшми Миттал мырза (LNM). 2005 жылдың қаңтар айынан компанияның аты «Испат Қармет» ААҚ «Миттал Стил Те­міртау» АҚ болып өзгертілсе, 2007 жылы қыркүйек айында «Арсе­лорМиттал Теміртау» компаниясы болып өзгерді. «Миттал Стил» компаниялар тобы мен «Арселор» бірлескеннен кейін жаңа корпорация жылына 120 млн тонна болат өндіретін әлемдегі аса ірі өндірушілердің біріне айналды. Әлемнің 21 елінде 61 зауыты бар «Арселор Миттал­дың» географиялық ауқымы мен өнімдерінің алуан түрлілігі бо­йынша теңдесі жоқ. Бүгінде 180 мыңнан астам адам тұратын құтты мекен Теміртауда 15 ірі, 32 орта, 2 070 шағын кәсіпорын бар. Қала экономикасының локо­мотиві – «АрселорМиттал Темір­тау» АҚ. Былтыр өндірілген 746 млрд теңге өнімнің 83%-ы (621,3 млрд теңге) осы қуатты кәсіп­орын­ның үлесіне тиеді. Өткен жылы негізгі капиталға 58,4 млрд теңге инвестиция са­лынды. 35,4 млрд теңгенің құры­лыс-монтаж жұмыстары атқа­рылды. Халыққа қызмет көрсететін 8 790 шағын және орта бизнес субъектілері 33 229 адамды жұмыс­пен қамтамасыз етті.

Балқаштың мысы – ел экономикасының күретамыры

Балқаш кен-металлургия ком­бинаты алғашқы мысты берген уақыттан бері (1938) қиындығы мол ауыр кезеңдерге қарамастан айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, мол табысқа ие болды. Қазір комбинат шетел капиталын тарту арқылы өзінің даму дәуірінің жаңа кезеңіне көтерілді. Ол бүгін «Қазақмыс» корпорациясының құрамында. Зауыт жұмысы техникалық қайта жабдықтаумен тікелей бай­ланысты, өйткені негізгі мақсаты – шикізат өнімінің кез келгендер түрін қайта өңдеу және жоғары са­палы мыс алу жолында техни­калық мүмкіндіктерді барынша пайдаланып, экологиялық таза өндіріс құру. Асылметалды зауыт – өзінің техникалық әлеуеті жағынан елі­міздегі бірегей кә­сіпорын. Бірнеше операцияларды қоса атқаратын калдо пеші Доре металын таза кү­містен 97%, ал­тыннан 2% береді. Балқаштың мысы – ел эконо­микасының күретамыры. Мұнда мыс бұлағын ағызған өндіріс са­ласының мамандары еселі еңбек етіп келеді. Металлургтер күніне орай «Қазақмыс Смитинг» ЖШС құрылымдық бөлімшелерінің бір топ қызметкері Индустрия және инфрақұрылымдық даму ми­­нистрлігінің I,II және III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды. Өнімді еңбегімен көзге түскен өндірістің әртүрлі кә­сіп өкілдерінің есімі Құрмет тақта­сынан ойып тұрып орын алды.

Жезқазған: өндіріс өркендеген өлке

Кеңестік кезеңде-ақ төрткүл дүниеге танылған Жезқазған мыс қорыту зауыты нарықтық қа­тынас­тар үстемдік құрған әлем­дік эко­номика айдынында да еркін кө­сіліп келеді. Онда та­разының ба­сындай теңселген мыс бағасының тұрақсыздығы мен жаһанға жайсыз тиген індеттің ылаңына темірдей төзімі мен тағылымды тәжірибесін, қажы­мас қайратын қарсы қойған кәсіп иесі – металлургтер тыным­сыз тер төгіп жатыр. Олар қалып­тасқан еңбек дәстүріне ешқашан дақ түсіріп көрген емес. Жезқазған мыс балқыту зауыты бүкіл ел болып тағатсыздана күт­кен алғашқы катодтық мысты 1971 жылы берді. Алайда тоқсаныншы жылдардың басында тозығы жет­кен агрегаттар мен шығарылған өнімдердің тиімділігі төмен, са­пасы нашар екені бұрынғы ішкі одақтық экономикалық бай­ланыстардың тоқтаған кезе­ңіндегі бәсекелестікке төтеп бере алмай­тынын көрсетті. Комбинатты Оң­түстік Кореяның «Самсунг» ком­паниясының басқаруына беру уақытында жасалған шара болды. Жұмыс зауыттың технологиясын жетілдіру және жаңаша жабдық­таудан басталды. Мыс концентраттарын кен термиялық балқытуда әлемдік тә­жі­рибесі бар швециялық «Бо­лиден Контек» фирмасында бал­қыту пештерінің конструкциясы өз­гертілді. Қара мыс өнімділігі 40% өсті, суық присадканы қайта өңдеу көлемі артты, қосымша қара мыс­ты өндіруде аз күкіртті мыс кон­центраттарын тікелей кон­верт­терге беру мүмкіндігі туды. Жезқазған мыс балқыту зауыты бүгін «Қазақмыс» корпорация­сының құрамына кіреді және әлемдегі ең ірі мыс өндірушілердің бірі болып саналады, өнімдері барлық жағынан халықаралық стандартқа сай. Құрыш құйып, болат балқыт­қандар жыл сайын өз мерекеле­рін мол табыспен қарсы алады. Алдағы уақытта да ел сенімін арқалаған металлургтер нағыз ерлер жұмыс істейтін ыстық дом­на пешінің алдынан табыла­ты­нына сенімдіміз!  

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы