Еңбекпен қамтуға үлес қосады
Еңбекпен қамтуға үлес қосады
128
оқылды

Алматы облысында өңірлік кәсіпкерлер палатасының жа­нын­дағы оқу орталық­тарының тізіміне енген 79 оқу орта­лығы бүгінгі  нарықта үлкен сұ­ра­нысқа иелік ететін  200-ден астам мамандық бо­йын­ша жұмыссыздарды қыс­қа­мер­зім­ді курста оқытып жатыр. Биыл осы орталықтарда  облыс бойынша 1 500-ден астам адам жаңа мамандықтарды меңгереді.

Текелі қаласында орналасқан осындай оқу орталықтарының бірі өткен жылдың қорытындысы бо­йын­ша облыстағы білім­герлерді жұмысқа орналастыру көрсеткіші бойынша көшбасшы атанды. Мұн­дағы қысқамерзімді оқудан өткен жұмыссыздардың 95,5%-ы тұрақты жұмысқа ор­налас­қан және жеке кә­сібін аш­қан. Жақында оқу орта­лығын­да «аспаз» мамандығы бо­йын­ша қорытынды емтихандар өтті. Оқу орталығының жетекшісі Свет­­лана Оңғарбаеваның ай­туын­ша, таяуда ғана  оқу орта­лығын 18 тігінші мен 20 аспаз бітіріп шыққан. Оқу ұзақтығы үш ай, студенттер ай сайын 20 мың теңгеден шәкіртақы алады. «Біздің оқу орталығымыз Нәти­желі жұмыспен қамтуды және жап­пай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемле­кет­тік бағдар­ламасын іске асырудың арқа­сында және «Атамекен» кәсіп­кер­лер палатасы мен Текелі қаласы­ның жұмыспен қамту орталығының қолдауымен ашылып, жұмыс істеп келе жатқанына үш жыл болды. 2019-2020 жылдары оқу орталы­ғында 115 адам білім алды. Осылар­дың  ішіндегі 60 тігінші, 35 кассир және 20 аспаздың 95,5%-ы жұмысқа орналасты. Олардың арасындағы  26 түлек өз ісін ашуға грант алды. Осы жылы біз 18 тігінші мен 20 ас­паз­ды оқыт­тық», – дейді Свет­лана Оңғар­баева. Леонид Пак – «тігінші» маман­дығы бойынша 2019 жылы оқу ор­та­лығында біліктілігін көтеріп, кә­сіпкерлер палатасы­ның қалалық филиалы жанынан «Бизнес Кеңес­ші» жобасы бойынша оқудан өтті. Жобаны қорғап, «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағ­дар­­лама­сы аясында 2 млн теңге көлемін­де мемлекеттік грант алды. Бү­гін­гі күні кәсіпкер таза былғары мен теріден түрлі бұйымдар жасай­ды.  Шағын цехта үш адам­ды жұ­мыс­пен қамтамасыз етіп отыр. Оқу орталығының жетекшісі нің айтуынша, оқу орталығы  ма­ман­­дық бойынша біліктілік көтеріп қана қоймай, кәсіпкерлік негіз­деріне оқытады,  қайырымдылық шараларынан да қалыс қал­майды. Өткен жылы мұндағылар  бетперде тігіп, көпбалалы отбасылар мен мүгедектігі бар адамдарға таратты. Жыл сайын студенттер Бөбектер үйінің тәр­биеленушілері үшін киім-кешек тігеді. Сонымен қатар орта­лық­­тың түлектері кәсіпкерлер үшін ашық сабақтар ұйымдастырады. Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының директоры Әсет Шаяхметовтің айтуына қарағанда, нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасының  бірінші бағытына сәйкес жұмыс беруші өзінің кәсіпорнында оқу орталығын құра отырып, ҰКП жанындағы оқу орталықтарының тізіліміне енгізіл­ген жағдайда шығындарды өтей оты­рып, жұмысшы кадрларды дер­бес дайындай алады.  «Атамекен» кә­сіп­керлерге оқу орталығын құру бойынша қажетті қолдау көрсетіп, оқу орталықтарының тізілімін жүргізіп жатыр. Биыл 1 500-ден астам адам оқумен қамтылады деп жоспарланған.  Ережеге сәйкес, оқу орталықтары білім алушылардың 60%-дан кем емес санын жұмысқа орналастыруы тиіс.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы