Сингапур спортшылары миллионер атанады: Олимпиадада жеңген спортшыларға қанша сыйақы беріледі?
Сингапур спортшылары миллионер атанады: Олимпиадада жеңген спортшыларға қанша сыйақы беріледі?
©А.Ахметқазы
187
оқылды

Қазақстан әлемде олимпиада ойындарынан жүлде алған спортшыларға қомақты ақшалай сыйақы тағайындайтын көшбасшы елдердің қатарынан көрініп жүр. Дегенмен спортшыларына Қазақстаннан да көп сыйақы беретін елдер жоқ емес, ал бір елдерде жүлдегерлерге мүлде ақшалай сыйақы қарастырылмаған. Мысалы, ондай елдер қатарында Ұлыбритания, Швеция, Норвегия және Хорватия бар. Aikyn.kz бүгін басталған Токио Олимпиадасында жүлдегер атанған спортшыларға қанша сыйақы берілетінін анықтап, кестеге тізді.

Қазақстан Олимпиада чемпионына 250 мың доллар, күміс алған спортшыға 150 мың доллар, қола жүлдегерге 75 мың доллар береді. Жүлде алған спортшының медаліне байланысты бапкерлеріне де сондай көлемде сыйақы бар. Мысалы, бір спортшы чемпион атанса, бапкерлерге деп 250 мың доллар бөлінеді. Оның 80%-ы қазіргі бапкеріне, 10%-ы осы атлетті тапқан бапкерге, 10%-ы ұлттық құраманың бас бапкеріне беріледі. Бұдан бөлек облыс, қала әкімдіктері де жүлде алған спортшыларға пәтер мен көлік сыйлайды.

Қазақстан бокс федерациясының президенті Кеңес Рақышев Токио Олимпиадасынан жүлдемен оралған боксшыларға мемлекет тарапынан берілетін қаржыдан бөлек, федерация басшысының атынан тағы 100 мың доллар берілетінін айтқан еді. Күміс медальға 70 мың, қола жүлдеге 50 мың доллар қарастырылған. Үкімет беретін сыйақыдан бөлек, чемпион атанған боксшының жеке бапкеріне – 25 мың доллар, күміс жүлдегердің бапкеріне – 15 мың доллар, қола жүлдегердің бапкеріне – 10 мың доллардан үлестіріледі. Қазақстан атынан Токио Олимпиадасына 9 боксшы қатысады. Оның сегізі ерлер құрамасынан болса, біреуі қыздар құрамасында жұдырықтасады.

Кей елдер олимпиада жүлдегеріне қанша беретінін ашық жарияламады. Спортшыларға берілетін сыйақы мөлшерін ресми жариялаған елдердегі дерек кестеге салынды.

Түрлі елдерде олимпиада жүлдегерлеріне қанша сыйақы төленеді? (АҚШ долллары)

Ел

Алтын

Күміс

Қола

Сингапур

1 млн

500 мың

250 мың

Индонезия

746 мың

378 мың

188 мың

Өзбекстан

300 мың

200 мың

100 мың

Қазақстан

250 мың

150 мың

75 мың

Әзербайжан

248 мың

124 мың

62 мың

Италия

166 мың

83 мың

55 мың

Қырғызстан

118 мың

82 мың

59 мың

Венгрия

125 мың

89 мың

71 мың

Үндістан

103 мың

67 мың

48 мың

Франция

55 мың

22 мың

14 мың

Ресей

54,5 мың

34,5 мың

23,3 мың

АҚШ

37,5 мың

22 мың

15 мың

Оңтүстік Африка

37 мың

19 мың

7 мың

Тәжікстан

26 мың

21,8 мың

17,5 мың

Канада

15 мың

11 мың

8 мың

Аустралия

13 мың

10 мың

6,9 мың

Әзірге Токио Олимпиадасында чемпион болған спортшысына 1 млн доллар беретін ел – Сингапур көшбасшы болып тұр.  Шетелдік БАҚ-тардың жазуынша, өткен ойындарда бұл елде тек бір алтын жүлдегер болған. Ол жүзуші – Джозеф Скулинг. Спортшы биыл да Токиода жүзуден 100 метр қашықтыққа шығады. Онымен бірге биыл Жапонияға Сингапурден тағы 20 спортшы барған. Қырғызстан үкіметі биыл алтын медаль жеңген спортшыға 118 мың доллар, күміс үшін 82 мың доллар, ал қола үшін 59 мың доллар берілетінін хабарлады. Бұл ел биыл сыйақы мөлшерін азайтқан, 2016 жылы алтын жүлдегерге 143 мың доллар берілген. Сыйақы сомасының 30%-ын бас жаттықтырушы алады. Биыл Токио Олимпиадасында 17 спортшы Қырғызстанның намысын қорғайды. Ал Газете.uz мәліметінше, Өзбекстан үкіметі биыл олимпиада жүлдегерлеріне берілетін сыйақы мөлшерін көбейткен. 2016 жылы Рио-де-Жанейрода алтын медаль жеңген спортшы 200 мың доллар алса, Токиода бірінші орын алған спортшы 300 мың доллар көлемінде ақшалай сыйақыға ие болады. Күміс жүлдегерге 200 мың, қола жүлдегерге 100 мың доллар сыйақы беріледі. Токио олимпиадасында Өзбекстанның намысын 71 спортшы қорғайды. Биыл Токио Олимпиадасына Тәжікстаннан 10 спортшы қатысады. Тәжікстан алтын жүлдегерге 26 мың доллар, күміс жүлдегерге 21,8 мың доллар, қола жүлдегерге 17,5 мың доллар ақшалай сыйақы береді. Айта кетейік XXXII жазғы Олимпиада ойындары Токиода 23 шілде мен 8 тамыз аралығында өтеді. Қазақстан құрамасы 27 спорт түрінен 97 лицензия жеңіп алды.