Алматыда карантин талабын бұзған "қызыл" мәртебесі бар тұрғындар тізімі жарияланды
Алматыда карантин талабын бұзған "қызыл" мәртебесі бар тұрғындар тізімі жарияланды
© almaty.tv
Алматы қаласының Cанитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті карантин талабын бұзған "қызыл" мәртебесі бар, айыппұл салынған тұрғындардың тізімін жариялады. COVID-19-ға тапсырған ПТР-сынамасы оң нәтиже көрсеткен алматылықтар қоғамдық орындарға барып, Аshyq бойынша жұмыс істейтін нысандарда – ХҚКО, мейрамхана, фитнес-орталықтар, әуежай және т.б. нысан қызметтерін пайдалануға тырысқан.
Оқшаулау режимін бұзған тұрғындар банк, университет, сауда, мейрамхана, білім беру ұйымдары, байланыс, зейнетақы қоры және басқа да нысан қызметкерлері екені белгілі болды.
"Қала тұрғындарын өзін-өзі оқшаулау режимін бұзбауға және қоғам алдында жауапкершілік танытуға шақырамыз. Вирус жұқтырған адамдармен байланыста болған тұлғалар өзін-өзі оқшаулау режимін сақтауы және басқа адамдарға жұқтырмау үшін адамдар көп жиналатын орындарға бармауы керек" делінген хабарламада.
Тізімде аудан бойынша тәртіп бұзған тұрғындардың аты-жөні бар. Тізімге сәйкес, тәртіп бұзушылардың көбі Бостандық, Наурызбай және Алатау аудандарында анықталған. Тізімді департамент сайтынан  көре аласыз. Бұған дейін Ashyq-та "қызыл" мәртебесі бар карантинді бұзушылардың есімдері БАҚ-та жарияланатыны хабарланған болатын.