ҚТЖ астықты үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету қамына кірісті
ҚТЖ астықты үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету қамына кірісті
© egemen.kz
132
оқылды
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бастамасымен биылғы астықты және  күзгі жиын-терін жұмыстарына қажетті мұнай өнімдерін тасымалдау мәселесіне қатысты кеңейтілген мәжіліс өтті. Оған Ауыл шаруашылығы министрлігінің, «Азық-түлік корпорациясы» ҰҚ» АҚ, «Астықтранс» АҚ өкілдері, трейдерлер, көлік және экспедиторлық компания басшылары қатысты.   Жүздесу барысында жаңа шабылған бидайды төкпей-шашпай тасымалдау үшін жүкті тиеу-түсіру және көлік қозғалысы регламентін сақтау қажеттігіне баса мән берілді. Ол үшін жүкті жөнелтушілерге кіріп-шығатын жолдарын жөндеуге, ал элеваторларда астық тиеу жабдықтарын ертерек сайлап, демалыс және мереке күндердегі жұмыс кестесін ұйымдастыруға кеңес берілді. Сонымен қатар қарбалас кезеңінде көлікті тиімді пайдалану үшін жүк жөнелтушілер астық пен ұнтақталған өнімді тасылмалдауды нақты жоспарлап алғаны жөн.
«Вагондар легі ретімен пайдаланылған  жағдайда жаңа егінді парктегі қолда бар көлікпен тасуға болады. Локомотив маневрлеріне келетін болсақ, Ақмола және Қостанай облысындағы  жол бөліктерінде проблема жоқ. Дей тұрғанмен, қарбалас кезеңде локомотивке  деген сұраныс артады. Осының бәрін ескере отыра, «ҚТЖ» ҰК» АҚ локомотив парктерін толықтыру үшін бірқатар іс-шараларды қолға алды» – деп атап өтті «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасының орынбасары міндетін атқарушы Оралхан Құлақов.
Қазақстан паркінде 9,3 мың дана тасымал құралы бар.  Оның 6,2 мыңы  астықтың 56%  тасымалдауды жүзеге асыратын «АстықТранс» АҚ иелігінде. Жалпы  астық тасымалдау көлігі 7%-ға көбейді. Отандық жабық вагондар паркінде 13 мың дана болса, оның 8 мыңы «Қазтеміртранс» АҚ меншігі, шамамен 5 мыңдайы жекеде. Мәселелерді шұғыл түрде шешу үшін ҚТЖ аппаратында астық тасымалдау штабы құрылды, негізгі астық тиейтін жол бөліктерінде шұғыл топ күндіз-түні жұмыс істейді. Анықтама: 2021 жылдың алты айында темір жол арқылы 4,7 млн тонна астық тасылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 12% жоғары. Ол кезде 1,1 млн тонна ұнтақты өнім тасымалданған.  Астық экспорты 19% көбейіп, 3,5 млн тоннаға жетті. Астық Орталық Азия елдері, Иран, Ресей және өзге де мемлекеттерге жөнелтіледі.