«Nur Otan» партиясының Ақмола облыстық филиалы жанындағы жастарды қолдау бойынша Қоғамдық кеңес отырысы өтті. Онда «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасына сәйкес «Еңбек» бағдарламасы аясында бөлінетін 519 гранттың 260-ы немесе 50%-ы жастарға берілуі тиіс екені айтылды. Сондай-ақ жиында бүгінде жыл басынан бөлінген 260 гранттың 119-ын немесе 46%-ын жастар алғаны белгілі болды.
Аймақтық индикатордан төмен көрсеткішті 7 аудан – Целиноград, Біржан сал, Зеренді, Бұланды, Бурабай, Шортанды және облыс орталығы Көкшетау қаласы көрсетіп отыр. Сонымен қатар партияның «Жол картасында» көрсетілген меже бойынша қайтарымсыз грант 800 адамға берілуі керек. Ал жоспарды орындау үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне 163,4 млн теңге сомасына қосымша бюджеттік өтінім жасалған. Ақмола облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының жетекшісі Дина Ахметжанованың айтуынша, «Бастау бизнес» курсынан өткен жастардың ішінде шағын несие алған жастардың үлесі әзірге 30 пайыз болып отыр. Мәселен, жыл басынан жалпы сомасы 1169,5 млн теңге көлеміндегі шағын несиені 247 азамат алған. Жоспарланған 354 микронесиенің 54-ін жастар алуы тиіс. Ал әзірге 13 ауданнан 20 жас жеке кәсіппен айналысу мақсатында шағын несие алған. Бірақ нәтижесі жаман емес. 262 жаңа жұмыс орны ашылған, оның 80%-дан астамы ауылда. Биыл «Бастау бизнес» жобасының түлектеріне шағын несие беру үшін 386 жобаға 1 543 млн теңге бөлінді. Өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты оқыту қашықтан Atameken Academy онлайн платформасы арқылы жүзеге асырылып жатыр. Биылғы жоспар бойынша «Бастау бизнес» бағдарламасы аясында 1 300 адам оқытулы тиіс. Қолдарына сертификат алғандардың 151-і 101,7 млн теңгеге өз жобаларын іске асырды. Айта кетейік, биыл «Бастау бизнес» жобасына қатысуға Егіндікөл мен Қорғалжын және Жарқайың аудандарынан өтінімдер аз түскен. Оған шалғай аудандарда ғаламтор желісінің нашар болуы бірден-бір себеп болғанын айтты бағдарлама үйлестірушісі. Өйткені оқыту курсы онлайн режимде өтіп жатыр. Жиын соңында өңірлік кәсіпкерлер палатасының жетекшісі Ерғанат Мұсылманбек бұл бағытта партияның қолдауы қажет екенін жеткізді.Әбілмансұр ЖАСАН