«Nur Otan» партиясы Жамбыл облыстық филиалының Партиялық бақылау комиссиясы мен партия жанынан құрылған Жұмыспен қамту және әлеуметтік осал топтарды қолдау жөніндегі кеңес мүшелері Сарысу ауданындағы бірқатар мемлекеттік мекемеде болып, зерделеу жұмыстарын жүргізді.
Аталған іс-шара «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2016-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мен партияның Сайлауалды бағдарламасын іске асыру Жол картасындағы «Ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау» тармағының ауданда орындалу барысымен танысу мақсатында ұйымдастырылды. Жалпы, Сарысуда 300-ге жуық тұрғын қайтарымсыз грант иегері атанып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп келеді. Зерделеу барысында жұмысшы топ грант иелерімен кездесіп, жұмыстарымен танысты. Жобалардың басым бөлігі мал шаруашылығын дамытуға бағытталған. Кәсіпкерлер бүгінде мүйізді ірі қара, ұсақ мал мен жылқы өсіріп, мал басын көбейтіп жатыр. Сондай-ақ грант алып, тігін және кондитерлік цех ашқандар да бар. Мемлекет тарапынан мұндай қолдауға ие болған азаматтар алғысын жеткізді. Бұдан бөлек, жұмысшы топ Сарысу ауданы мен Жаңатас қаласы әкімдігінің және Халыққа қызмет көрсету орталығының мүмкіндігі шектеулі жандарға қолжетімділігін зерделеді. Комиссия мүшелері алдымен әкімдікте болып, ғимараттың 75%-ы ғана талапқа сай келетінін анықтады. Мәселен, пандустар талапқа сәйкес болғанымен, дәретхана мен көлік тұрағы стандартқа сай келмейді. Ал аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратында ерекше жандарға қолайлы жағдай толық жасалмаған. Ондағы пандус жанына қоңырау белгісі қойылмаған және баспалдақта сары жолақтар жоқ. Сондай-ақ мекемеге кіреберісте «Зағип жаяу жүрушілер» жол белгілері орнатылмаған. Зерделеу соңында жұмысшы топ мүшелері мекеме басшыларына кемшіліктер бойынша тиісті жұмыс жүргізіп, олқылықтың орнын толтыру қажет екенін айтты. Мүмкіндігі шектеулі жандарға кедергісіз орта қалыптастыру бағытындағы партиялық рейд жұмыстары одан әрі жалғасатын болады.Әбілмансұр ЖАСАН