Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне орай қарағандылық продюсер Асхат Қажытай бас-аяғы 777 шақырымды құрайтын жаяу марафонға аттанды.
Ол 12 күн ішінде Ұлт ұясы – Ұлытауға дейін жаяу жетуге ниетті. Жол бойы Сарыарқаның көрікті жерлері мен киелі орындарына соғып, әлеуметтік желілерде олардың туристік әлеуеті туралы әңгімелеп бермек. Марафон аяқталған соң өзінің саяхаты туралы бейнеролик жасап шығарып таратпақ. Бұл сапарын ол өлкенің қызықты жерлері мен адамдарының тұрмысына арнап, өзі секілді қыдырып келуге шақырып, өңірдегі туризмді дамытуға көпшіліктің назарын аударғысы келеді. Бұл жаяу жолаушының алғашқы марафоны емес екен. «Өткен жылы мен өз командаммен бірге Қарағандыдан Ақсоранға дейінгі 333 шақырымды жүріп өттім. Бақытымызға орай, бізде қонақжай адамдар жетерлік. Біз әрқашан түнейтін орын тауып, қонып отырдық. Бұл жолы мен Ұлытауды таңдадым, себебі ол өзінің туристік әлеуетімен бірегей. Бұл сапарымды «Қайырымды километр» қайырымдылық акциясы аясында өткізіп отырмын» деп атап өтті Асхат Қажытай.Нұрлан ОРАЗҒАЛИЕВ