«Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ-ның KZ-CERT компьютерлік оқиғаға әрекет ету қызметі жүргізген мониторинг барысында Telegram қолданушыларының 744 мың жазбасы сақталған файл желіге тарап кеткені белгілі болды.
Онда 30 мыңнан астам қолданушының ID, аты, тегі, телефон нөмірі, «өзі туралы» деген бағандағы сипаттамасы жазылған ақпарат бар. Алаяқтар бұл ақпаратты «Құдайдың көзі» деп аталатын платформаға сұраным жіберу арқылы иеленген. «Telegram-арна авторы қолданушылар туралы жеке мәліметтер жинақталған файлды «Құдайдың көзі» деп аталатын клиенттер базасынан құралған платформа ретінде сипаттайды. Бұл платформаға азаматтар сұратым жіберіп, желі қолданушыларының жеке мәліметтерін ала алады. Сондай-ақ мессенджерлер де дереккөзі болуы мүмкін» делінген «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ хабарламасында. Бүгінде ТМД-да бұл қызмет түрін 1 миллионнан астам адам пайдаланады. Деректердің бұлай желіде тарауы алаяқтардың қолына түсуі мүмкін екенімен қауіпті. Олар жеке мәліметтерді телефон арқылы банктен азаматтардың ақшасын өзіне аударып алу үшін пайдалануы мүмкін.Н.ОРАЗҒАЛИ