Қуаңшылықтан қысылғандарға көмек толық жетті ме?
Қуаңшылықтан қысылғандарға көмек толық жетті ме?
165
оқылды

Қуаңшылықтың салдары мен зардабы әлі де сейілген жоқ. Жұт болды дегеннен Маңғыстау мен Аралға мал азығын жөнелтіп, көмек көрсеткен көп адам табылды. Ал ол жемшөптің халыққа әділ тара­тылғаны қажет. Яғни, «қолдан келсе, қонышынан басар» алыпсатарлар елге келген шөпті орта жолдан иемденіп, қымбат бағаға сатуы мүмкін. Мұндай келеңсіз жайттың көбіне беті ашылмай, тұшымды деректер де таба алмайтынымыз рас.

Баға бақылауды қажет етеді

Әуелде маусым айының соңында Маңғыстау өңіріне шөп жеткізіле бастағанда жергілікті тұрғындар сол мал азығының дұрыс таратылып, ортаға делдалдар түсіп кетпейтініне күмән барын жасырмаған болатын. Жуырда әлеуметтік желіде халыққа деп алып келген шөпті «қымбат көлік мінген байлар тасып жатқаны» жайлы бейнежазба тарады. Дегенмен жұт малы көпті де, малы азды да аямағанын білеміз. Сондықтан әркімнің көмектен алар үлесі бары анық. Әйтсе де, бұл жерде алып­сатарлардың үлесі болмағаны жөн. Маңғыстау тұрғындарының бірнешеуіне хабарласып, осындай келеңсіз мәселелер бар-жоғын сұраған едік. Олар алғашқыда санаулы оқиғаны естігенімен, қазір еш бас­сыздықты көрмегендерін айтты. Дегенмен бір мәселе бар. Ол – жемшөптің бағасы. Маңғыстау облысының Ауыл шаруашылығы басқармасының шілде айының басында келтірген деректеріне қарасақ, өңірде бір рулон (орам) шөп 12-17 мың аралығында сатылып жатыр екен. Бірақ бұл бағаның өзі өзге өңірлермен салыстырғанда 2-3 есе қымбат. Жол шығыны мен жеткізуін есепке алғанның өзінде, құнның еселеп шарықтауы бір шикіліктің барын көрсетеді. Тапшылық көріп отырған мекен екенін ескеріп, бәзбіреулер бағаны қолдан көтергені анық. Айдың басында белсенділер Ауыл шаруашылығы басқармасынан «шекті баға белгілеп, барлық жерді бақылауға алуды» сұраған еді. Бірақ басқарма шекті баға белгілеуге қауқарсыздық таныт­қандай. Себебі жауап болмады. Ал мал азығын сататындар бағаны қалағанынша көтеруге мүдделі бола бермек.

Аралда азған мал көп

Төрт түлікке азық таппай, қуаң­шылықтан 500-ден астам малы қырылған Қызылорда облысы Арал ауданында төтенше жағдай жарияланғанын білеміз. Ал әкімдік өкілдері аштықтан қырылған малға бір тиын да өтемақы төлемейтін болды. Жалпы, облыста биыл жемшөптің тым қымбаттауы, одан қалды мал азығына бөлінетін субсидияны алудың қиындығы малшыларды әбден тығырыққа тіреген тәрізді. Аштықтан малымыз өліп жатыр деп ашынған шаруалар облыс әкімінен де бірнеше рет көмек сұрады. Бірақ бірнеше ауданнан облыс әкімдігіне базынасын айтқан малшылардың сауалы жауапсыз қалып жатқандай. Шаруалар биыл жемшөптің бірден 2 есе қымбаттауына наразы. Тіпті, Арал ауданындағыдай қуаңшылық болмаса да, малдарының аштықтан бұратылып өліп жатқанын айтқан. Мемлекет беретін субсидия да дұрыс бөлінбей, көпшілікті әбден әбігерге салған. Аймақтағы жауаптылар 400 миллион теңгедей былтырдан қалған мал азығының қаражаты әлі төленбей тұрғанын растайды. Ал оны төлеу айналып келгенде Ауыл шаруашылығы министр­лігінің пәрменімен жүзеге асады. Демек, министрлік ісінің де шикілігі бар. Қазір Аралда жемшөп таппай, қуаңшылықтан малдары қырылып, Ақтөбе облысына көшіп кетіп жатқандар бар екен. Әкімдік төтенше жағдай арқылы көмілген су арналары мен ұңғымаларды ашуды жоспарлап отыр. Жемшөп таситын көліктердің жанармайына қаражат қарастырмақ. Айтпақшы, құрғақшы­лықтан зардап шеккен халық үшін деп «Болат Өтемұратов қоры» 213 миллион теңге бөлген. Бірақ әкімдік осы ақшаны халыққа үлестірмей, арнайы техника мен су ұңғымаларын қазамыз деп отыр. Әкімдіктің бұл ісі құптарлық-ақ. Дегенмен малы әлі де қырылып жатқан халықты ескерусіз қалдырғаны түсініксіз. Ал жұтқа байланысты жарияланған төтенше жағдайдың қашанға дейін созылатыны әзір белгісіз. Бірақ қуаң­шылықтың зардабы биыл бітпейтіндей. Келесі жылы да малшылар әбігерге түсуі мүмкін. Жағдайдың әлі оңалмай жатқа­нына қарап, осындай байлам жасадық.

Мадияр ТӨЛЕУ