Дельта вирус дендеп барады
Дельта вирус дендеп барады
148
оқылды

Ауыр індетке шалдыққандар саны анағұрлым артып, аурухана төсегіне таңылғандар күн са­нап көбейіп барады. Дәрігерлер дельта штамның алдыңғы вирусқа қарағанда бірнеше есе қауіп­ті екенін айтып дабыл қағады. Үкімет қауіпсіздікті сақтап, карантин талаптарын ба­рын­ша орындауға шақырады. Өкінішке қарай індет дендеп кетпесін десек те, дельта штамы елдің барлық аймағына таралып үлгерді. Білдірмей келетін бұл ауруды жұқтыру қаупі де жоғары.

Соңғы күндері Алматыдағы ауруханаларға бір тәулікте 400-ден астам адам жатқызылады екен. Бұрын тәулігіне 1 000-ға жуық адам ауру жұқтырса, соңғы айда ауыр індетпен ауыр­ған­дар төрт есе өсті. Шілде айы­ның ба­сынан бері жансақтау бөліміндегі науқастар саны үш есе, үй жағдайында ем­деліп жатқандар алты есе артып отыр. Елімізде «үнді» штамы туралы алғаш мәлімет өткен айда белгілі болды. Бір айдың өзінде бүкіл елге таралған ауыр індетпен ал­ғаш бо­лып ауырған әйелде бірін­ші буын мен іштің ауырсынуы сезіл­ген. Келесі күні есту қабілеті на­шар­лап, басы ауыра бастапты. Тамағы ауы­рып, дене қызуы бір­ден көтерілген. Дельта штамы адам­ның жасушала­рына тез еніп, анти­денелерге өте төзімді бо­лады. Бұ­дан бөлек, коро­навирус­тың жаңа түрі агрессивті түрімен ерекше­ле­неді. Ауруды жұқ­тыру­шылар ал­ғашқы күндері ауруға шалдыққан­дарына күдіктен­беуі мүмкін. Өйт­кені мутация­ланған КВИ жұқ­тыру­­шылардың көбісі асқазан мен іштің өтуіне шағым­данады. Жұқ­палы ауру бас­қа ви­рустық инфек­цияларға қа­рағанда өкпеге өте көп зақым келтіреді.

Бір минут уақыт жоқ

Күніне бірнеше науқастың өмірі үшін күресіп, ауру жұқтырғандардың арасында жүрген инфекционист-дәрігер Бауыржан Ақылбековпен уақыт тығыздығына қарамастан аз-кем әңгімелесіп, қауіпті вирустың алғашқы белгілері туралы сұрадық. Дельта вирус алдымен адамның асқазан-ішек жолдарын зақымдайды екен. «Бізге келіп жатқан науқастардың барлығы іш өту, бас айналып, жүрегі лоқсу белгілерімен түсіп жатыр. Дене қызуы көтеріліп, іш өту белгілері одан сайын асқынып, тыныс алуы қиын­дайды. Өкпе мен жүрек, асқазан-ішек жолдары қатты зақымдан­ғандықтан науқас бір жұтым ауа жұта алмай қатты қиналады. Елдегі ауру белгісі бар науқастардың көптігі соншалық, бір минут бос уақыт жоқ», – дейді Бауыр­жан Ақылбеков. Алматыдағы И.Жекенова атын­дағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының аға дәрігері Абзал Малбасқанов коронавирустың жаңа штамы алғашқы күндері қарапайым суық тигенге ұқсағанымен, адам өмірі үшін алдыңғы вируспен салыстырғанда аса қауіпті деп отыр. Оның үстіне «Британдық», «Бра­зилиялық» және «Оңтүстік Африка» штамы бір демде 5-6 адамға жұқса, дельта штамы бір мезетте 10-12 адамға дейін таралады. Инкубациялық кезеңі де қысқа, алдыңғы вирус 14 күн болса, бүгінде ауру 5-7 күнде пайда болады. Абзал Малбасқановтың айтуынша, дельта штамынан көз жұмғандар жоқ. Дегенмен ауру ағымының ауырлығын ескерсек, коронавирустың бұл түрімен ауырып шыққаннан кейін постковидті синдромдар пайда болуы мүмкін. Корона­вирус тыныс алу жүйесіне ғана емес, жүрек-тамыр жүйесіне де әсер етеді.

Үйде емделу ауруды өршітеді

Инфекционист дәрігер, Нұр-Сұл­тан қаласының көпсалалы медицина­лық орталығы директорының орын­басары Сәуле Атығаева дельта штамын үй жағдайында емдеп шығу мүмкін емесін ескертеді. «Ин­тер­неттегі ақ­параттар бойынша биология­лық қос­паларды, шөптерді, иммунос­ти­муляторларды пайдаланып, емде­летіндер бар. Олар антикоагулянттарды бірден қабылдап жатады. Оны пай­далы және иммундық жүйені нығай­тады деп санайды. Коронавирустың өте қауіпті екенін түсінетін уақыт жетті. Әсіресе, мутацияланған дельта штамы аса жұқпалы. Өзі ғана емес, жақын­дары­ңның да жан сақтауға түсуіне себеп болуың мүмкін. Жоғары температурамен демала алмай қалған­да ғана дәрігерлерге хабар береді. Ол кезде барлығы кеш болуы мүмкін», – дейді Сәуле Атығаева. Дельта вируспен ауырғандар саны әлем елдерінде де күрт өскен. Бүгінде Үндістан, Ұлыбритания, Индонезия, АҚШ, Оңтүстік Корея, Австралия секілді бірқатар мемле­кетте корона­вирустың бұл түрі күннен-күнге кө­бейіп, аурудың өзі мутацияға ұшырап бара жатыр. Әсіресе, ауру белгісі жастар мен ба­ла­лар арасында тез тарау­да. Ресейлік мамандардың пайым­дауын­ша, адамдар мұрынның бітуі мен түшкіру белгі­лерін кәдімгі салқын тию немесе маусымдық аллергиямен шатастырып алуы мүмкін. Сол себепті бұл жағдайға аса мән бермей, қалып­ты ем-шара жасап ауруды асқындырып алып жатыр. Алдыңғы вирусқа қара­ған­да дельта штаммен ауырған науқас­тардың буындары қақсап, іші түйіліп ауырады. Жүрек айнып, лоқсиды. Ауру салдарынан адамдардың саңырау болып қалуы әбден мүмкін. Бұдан басқа, аяқтардың микротромбозына әкеліп соқтырады. Соңғы зерттеулер көрсеткендей, коронавирустың бұл түрі жасарып, көздің көру қабілетін нашарлатуға соқтырып отыр.

Мутацияланған мукормикоз

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас ғылыми қызметкері Сумья Сваминатан таралу жылдам­дығы жағынан дельта нұсқасы әлемдегі коронавирустың басым штамына айналуы мүмкін екенін жеткізді. Өйт­кені бүгіннің өзінде ДДСҰ мәліметі бойынша, дельта штамы әлемнің 100-ге тарта еліне таралған.  Үндістанның 12 штатына жеткен дельта вирустан көз жұмғандар бар. Нью Дели ауру­хана­сының бас дәрігері Анкит Джайн «Алғаш дельта вирус анықталғанда біз науқастың өкпесі зақымданатынын байқадық. Ал қазіргі жағдайда тек өкпе ғана емес, адамның ішкі ағза­ларының барлығы өзгеріске ұшырай­ды. Яғни, алдыңғы қолданған пре­парат­тар науқастың жазылып шы­ғуына көмектесе алмай жатыр. Оның үстіне, елдегі санитария­лық жағдай аурудың одан ары күшейіп, му­тациялануына соқтырып отыр. Қазір бір күнде 100-ге тарта адам екпе алып жатыр. Оның өзінде мәжбүрлі түрде салып жатыр­мыз», – дейді. Бұл елдегі дельта вирус «қара саңырау­құлақ» эпидемиясымен мута­цияға ұшырап, 9 мыңға жуық халық­тың көру қабілеті нашарлаған. Үнді дәрігерлері COVID-19-дан айығып шыққандардың арасында мукор­микозға немесе «қара саңырауқұлаққа» шалдығу жағдайы күрт өскенін айта­ды. «Коронавирус иммундық жүйені басатын стероидтармен емделеді. Тәуекел тобына диабетпен ауыр­атындар кіреді. Соңғы ашылған ауру­ханалардың өзінде аурудан айығып келген науқастардың қайта түсуі жиілеген. Науқастардың 80%-дан астамына жедел хирургиялық ота жасау керек. Бір жыл бұрын «қара саңырауқұлаққа» шалдыққан­дар­дың бір-екі жағдайын көрсек, қазір COVID-19-бен мутацияланып ауруды асқын­дырып отыр. Егер науқастар уақы­тылы және дұрыс емделмесе, өлім деңгейі 94%-ға жетуі мүмкін», – дейді Анкит Джайн. Украина Денсаулық сақтау ­ми­нистрінің кеңесшісі Наталия Ви­ноград санитарлық жағдайды сақта­масақ, мукормикозбен мутацияланған дельта вирус басқа елдерге де тез таралады деп отыр. «Бұл көбінесе топырақта, өсімдіктерде, шірік жемістер мен көкөністерде кездесетін ұн зеңінің әсерінен болады. Инфекция көзге ғана емес, ми мен өкпеге бірден әсер етеді. Қант диабетімен ауыратын немесе онкологиялық ауруы бар науқастардың өміріне екі есе қауіп төндіреді. Сондықтан барынша екпе сал­дырып, қоғамдық орындарда карантин та­лап­тарын сақтаған дұрыс», – дейді Наталия Виноград. Еліміздің денсаулық сақтау саласы мамандары дельта дендеп кетпеу үшін екпе салдырып, ескертпелерді есте ұстауға шақырады. Шетелдік және отандық маман­дар қазіргі салынып жатқан екпелердің көбісі мутацияға түскен коронавирусқа қарсы тұруға қауқарлы екенін айтып отыр. Бір қуантарлығы, бүгінгі күні шетелдегідей құлақ естіп, көз көрмейтін ауру белгілері жоқ. Десе де, дәрігерлердің нұсқауын орындап, алғашқы белгілер байқала бастағанда ауруханаға барған абзал болмақ.

Жадыра МҮСІЛІМ