Келешек кілті – жастарда
Келешек кілті – жастарда
179
оқылды

Жастар – мемлекеттің болашағы. Жастар – еліміздің іргесі. Оларға қандай қолдау көр­сет­сек те, артық болмайды. Әсіресе, Үкіметтің қолдауы керек. Бүгінде жастарға арналған бағ­­дар­ламалар мен жобалар жоқ емес, бар. Сонымен қатар жастардың басты мәселесі – бас­пана. Осы және басқа да мәселелер жөнінде облыс әкімдігі жанындағы Жастар ісі жөнінде ке­ңес­тің отырысы өтті. Кеңеске қала әкімдері мен қалалық жастар ресурстық орталық­тарының жетекшілері қатысты.

Баспанаға зәру жастар көп...

Отырыста күн тәртібіндегі жас­тарды тұрғын үймен қамтама­сыз ету шаралары жайлы мәселе кө­терілді. Сонымен қатар облыс­тық жастар ресурстық орталықта­рының қызметі туралы да айтыл­ды. 1 шілдедегі деректерге сүйен­сек, облыста үй кезегінде тұрған түрлі санаттағы жастардың саны 8 мыңнан асады. Олардың дені – Қарағанды, Теміртау, Жезқазған, Сәтбаев қалалары мен Абай, Осакаров аудандарында. Кейінгі үш жылдың ішінде әлеуметтік осал топтардағы 559 жас баспаналы болды. Биыл облыста әлеуметтік әлсіз топтағы азаматтарға 1 099 жалдамалы пәтер, үй кезегінде тұрғандарға 478 несиелік тұрғын үй пайдалануға берілмек. – Атаулы көмекке мұқтаж жан­­­дар­дың ішінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған жас­тарды жеке қарастырған жөн. Осы санатта облыс бойынша кезекте тұрғандардың жалпы саны – 7 118. Олардың негізгі бөлігі – Қара­ған­ды, Теміртау, Жезқазған, Шах­тинск қалалары мен Осакаров ау­­данында. Бүгінде үй кезегінде тұрғандар үшін заңнаманы негізге ала оты­рып, облыс әкімінің қаулысымен жетім және ата-ана қамқорлы­ғынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар бекітілген. Соған сәйкес жергілікті атқарушы орган­дар мемлекеттік тұрғын үй қоры­нан баспана бермек. Жоспарды дайындау кезінде қала және аудан әкімдері осы са­наттағы азаматтарға бөлінетін тұр­ғын үй саны туралы жоспарлы көрсеткіштерді ұсынды. Ал бұл жоспар 3 жыл ішінде орындалуы ке­рек, – деді Қарағанды облыстық Жас­тар саясаты жөніндегі бас­қар­ма басшысы Біржан Әлімжанов. 2020-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында қала және аудан әкімдері 3 жыл ішінде 618 пәтер бөлуді жоспарлап отыр. 2021 жылғы 1 шілдедегі дерек бойынша 72 пәтер бөлінген. Тағы бір айта кететін жайт, Қарағандыда аталған санаттағы 3 356 адам тұр­ғын үй кезегінде тұр. Ал жоспар бо­йынша қала әкімдігі 2021 жылы – 5, 2022 жылы 5 пәтер бөлуді жоспарлап отыр. – Жастарды тұрғын үймен қам­тамасыз етудегі жеке бағыт – жа­тақ­хана құрылысы. Елбасының «Жоғары білім алудың қолжетім­ділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» атты 3 әлеу­меттік бастамасы аясында облыс орталығында 100 орынға арнал­ған 1 жатақхана салынады. Сон­дай-ақ жыл соңына дейін қо­сымша 882 орынға арналған 6 нысан қол­данысқа беріледі деп жос­парланып отыр, – деді Біржан Нұржанұлы. Ол Е.Бөкетов атындағы Қара­ғанды университетіне 500 орындық жатақхана салу жоспарда барын айтты. Бүгінде бағдарлама опера­торымен шарт жасалып, Құрылыс комитеті әзірлеген типтік жобалық сметалық құжаттаманы қолдану арқылы жүзеге асырылмақ. Осы тәжірибені ескере отырып, Білім және ғылым министрлігі ұсынған жатақхана құрылысы механизмі шеңберінде жобаларды іске асыру мүмкіндігін қарастыру ұсынылады. Мысалы, студенттер мен жастар, сондай-ақ жетім балалар, жұмыс­шы жастар, жас отбасылар үшін 500 орындық жатақхана салу жо­басын іске асыру. Жоғарыда атал­ған механизмді қолданудың заң­намада қарастырылған әртүрлі нұсқалары бар екенін атап өткен жөн. Оның біріншісі – Мемле­кеттік-жеке серіктестік жобасын негізге алу арқылы құрылыс жұ­мыс­тарын жүргізу. Жобаны қар­жы­ландыру жергілікті мемлекет­тік-жекеменшік серіктестік жо­басына бастамашылық ету арқылы жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады. Құрылысқа және инженерлік коммуни­кация­лар жүргізуге арналған жер учас­кесін жергілікті атқарушы орган­дар жүзеге асырады. – Екіншісі – құрылыс аймақ­тың ірі өнеркәсіптік кәсіпорын­дары есебінен жүргізіледі. Аталған жоба аясында өңірдегі «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС, «Арселор­Миттал Теміртау» АҚ тәрізді ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары атса­лысады. Құрылысқа арналған жер телімі инвестор мен «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­циясы құрамындағы консорциум құру арқылы жергілікті деңгейде шешіледі. Нысан іске қосылғаннан соң жатақхана тұрғын үй қорының жартысы инвестордың, яғни кәсіпорынның жас жұмыс­шы­ла­рына, ал келесі бөлігі инвес­ти­цияны ішінара өтеу үшін сту­денттерге беріледі. Бұл жоба сту­денттер контингенті үлкен Қара­ған­ды және Теміртау сияқты қа­лалар үшін тиімді. жастар Қала және аудан әкімдіктерімен тұрғын-үй кезегінде тұрған жастар­ға және оларға бөлінетін баспана бойынша мониторинг жүргізу қа­жет. Қарағанды қаласының әкім­дігі 2020-2022 жылдарға арналған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала­лар­ды тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі кешенді жоспар шең­берінде тұрғын үй бөлуді жандан­дырса деймін. Жеке инвестиция­ларды тарту есебінен жатақханалар салуды баламалы шешу жолдарын қарастыру керек. Сонымен қатар жастардың баспаналы болуы үшін жеңілдетілген несие беру бағдар­ламасын жүзеге асырып, жастарды баспанамен қамтыса, нұр үстіне нұр болар еді. Аталған шаралар оң шешімін тапқан жағдайда облыс жастарының баспана мәселесінің тиімді шешілуіне ықпал етеді, – деді Біржан Әлімжанов.

493 отбасы баспана кілтін алды

Бүгінде облыс бойынша ком­муналдық тұрғын үй қорынан тұр­ғын үй кезегінде 37 672 азамат тұр. Оның ішінде 2 690-ы – көпбалалы отбасы, 14 431-і – халықтың әлеу­меттік осал топтағы, 13 119-ы – бюд­­жеттік ұйымдардың қызмет­керлері, мемлекеттік қызметшілер, 7 118-і – жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қал­ған балалар болса, 314-і – тұрғын үйі апаттық жағдайда деп танылған азаматтар. 2020 жылы облыс бойынша үй кезегінде тұрған 1 569 азаматқа баспана кілті берілген. Бұл көрсеткіш 2019 жылмен (1091) салыстырғанда 31%-ға артық. Бұлардың қатарында коммуналдық тұрғын үй қорынан – 897, ипоте­калық несие беру бағдарламасы бойынша – 102, демеушілік – 40, «Отбасы банк» АҚ желісі бойынша кредиттік тұрғын үй – 124, «Бақыт­ты отбасы» бағдарламасы бойын­ша – 365 отбасы, «Шаңырақ» бағ­дарламасы бойынша (5-10-20) тұрғын үй қарыздары 41 отбасына берілді. Биыл жыл соңына дейін 1 600-ге жуық отбасын тұрғын үй­мен қамтамасыз ету жоспарланған. – Биыл жыл басынан бері 493 отбасы тұрғын үймен қам­тамасыз етілді. Оның ішінде 102 көпбалалы отбасы, 76 жетім бала, 148 әлеуметтік осал топтағылар, 44 бюд­жеттік ұйым қызмет­кер­і, 16 тұрғын үйі апаттық деп танылған азаматтар бар. Одан бө­лек, «Ба­қытты отбасы» – 30, «Ша­ңырақ» бағдарламасы бойынша 107 от­басына баспана кілті табыс­талды. Зейнетақы жинағының бір бөлі­гін бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қорында тұр­ғын үй жағ­дайларын жақсартуға пайдалана алатынын да айта кету керек, – деді облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылық басқармасының басшысы Ұлантай Үсенов.

Жастар ресурстық орталықтарына қолдау керек

2020 жылы қалалар мен аудан­дардағы «жастар ресурстық орта­­лы­ғы 624 057 мыңнан астам жасты қам­ти отырып, 3096 мыңнан астам іс-шара өткізген. Жастардың жағ­­­­дайын жақсарту мақсатында 2020 жылы аймақтағы жастар ре­сурс­тық орталықтарының жос­пар­лары қабылданған болатын. Жос­пар бойынша ЖРО шаралар бөлі­ніп, тапсырылған. Енді сәуір-шілде айлары аралы­ғын­да бас­қарма берген шаралар­дың орын­далуын, сондай-ақ қа­лалар мен аудан­дар­дың ЖРО қыз­мет­керле­ріне мони­торинг жүргізу үшін сарапшылар жолға шыққан еді. Облыстық ЖРО-да 35, ал қала мен аудандарда 167 қызметкер жұмыс істейді. Өңірлердегі ЖРО штаттарын жасақтауда теңгерім­сіздік барын да жасырмады бас­қарма басшысы. Мысалы, аудан орталықтарында ЖРО-ның 1 қыз­меткеріне орта есеппен 1,5 мың жастан келеді. Ал, облыстық ма­ңызы бар ірі қалаларда бұл көрсет­кіш 3 есе көп. Осыған байланысты штат санын қалыптастыру тәсіл­дерін біріздендіру ұсынылды. Атап айтсақ, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының әдістемелік ұсы­нысы негізінде Басқарма ЖРО ба­­залық құрылымын әзірлеген. Оны Жезқазған, Қаражал қалалары мен Ақтоғай, Осакаров ауданда­ры­на енгізу ұсынылады. – Проблемалық мәселенің та­ғы бірі – жастар саясаты саласын қалдық қағидаты бойынша қар­жы­ландыру тәжірибесіне қа­тысты. Бірқатар аймақта ЖРО-ы тиісті үй-жайларға орналасты­ру, мате­риал­дық базаны жаб­дықтау мәсе­лелері әлі күнге дейін ше­шілмеген. Мысалы, Жаңаарқа ауданында 12 ЖРО қызметкері жалпы ауданы 34,8 шаршы метр болатын бір ка­бинетке орна­ластырылған. Қара­жал қала­сындағы орталық 32 шар­шы метр кабинетте орналасқан әрі жас­тармен жұмысты ұйымдас­тыруға мүмкіндігі де жоқ. Ал Ақ­тоғай ауданындағы ЖРО орналас­қан кабинеттің орташа темпера­турасы қыста 20 градустан ас­пайды. Осы мәселелерді шешудің жолдарын да қарастырған едік. Осы жылдың соңына дейін Жез­қазғандағы ғимаратта күрделі жөндеу жүр­гізу арқылы Жастар сарайын ашуды жоспарлап отыр. При­озерск қаласында қараусыз қал­ған балабақша ғимаратын жөн­деуден өткізіп, жастар сарайы ретінде қайта ашу қажет, – деді басқарма басшысы. Бүгінде осы мәселелерді шешу үшін құжат әкім­діктерге жеткізілді. Жол кар­тасын жүзеге асыруға қолдау көр­сетуіңізді сұраймын, – дейді Бір­жан Нұржанұлы.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы