Токио Олимпиадасында кімдерге үміт артамыз?
Токио Олимпиадасында кімдерге үміт артамыз?
202
оқылды

Жапония астанасы Токиода XXXII жазғы Олим­пиада ойын­дарының сал­та­натты ашылу рәсімі өтті. Ең өкініштісі, бұл сәт­­ті жан­күйер­лер алаңда оты­­рып көре алмады. Теле­көрер­­мендер ту алып шығу сәтін, от­­шашу және ашылу сал­тана­ты­ның өзге де бағдар­лама­ларын теледидардан тама­шалады.

Аренаға бірінші болып Грекия, ал соңғы болып Жапония құрамасы шықты. Аталған рәсімде Қазақстан құрамасы сапынан боксшы Қам­шыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова Қазақстанның мемлекеттік Туын ұстау мәрте­бесіне ие болды. Айта кетейік, спорттық жарыс­тар ашылу салтанатынан бұрын басталып кеткен болатын. Әсіресе, командалық ойын түрлеріндегі спортшылар жарыс жолына шы­ғып, сынға түсті. Атап айтқанда, софтболдан Жапония әйелдер командасы Аустралияны айқын басымдықпен жеңді. Кездесу 8:1 есебімен аяқталды. Сондай-ақ ер­лер және әйелдер командасы ара­сын­дағы футбол бәсекесі де салта­натты ашылу рәсімінен бұрын бас­талып кетті. Токио Олимпиадасының ал­ғаш­қы жарыс күнінде садақ атудан ерлер мен әйелдер арасындағы іріктеу кезеңі аяқталды. Ерлер арасындағы сында Қазақстан командасы өнер көрсетіп, 70 метрден нысана көздеу бәсекесінде Денис Ганькин алғашқы ондыққа енді. Ганькин 669 ұпай жинап, 64 спортшының ішінен 9-орын ие­ленді. Ал Ильфат Абдуллин жарыс­ты 27, Санжар Мұсаев 52-орынмен аяқтады. Іріктеу кезеңінің қоры­тын­дысы бойынша келесі айна­лым­дағы спаррингтік жұптар анық­­талады. Қазақстандық Ильфат Абдуллин Ұлыбритания өкілі Джеймс Вудгейтке қарсы шығады. Денис Ганькин Египет намысын қорғайтын Юсуф Толбамен өзара мықтыны анықтайды. Санжар Мұсаев қытайлық Дапенг Вангпен 1/16 финал жолдамасына таласады. 26 шілде күні өтетін командалық сында Қазақстан Үндістан құрама­сымен кездеседі. Академиялық есу спорты бо­йынша да ерлер мен әйелдер ара­сындағы іріктеу сыны басталды. Қазақстан командасының өкілі Владислав Яковлев іріктеудің бірін­ші айналымын үшінші орын­мен аяқтады. Оның уақыт көрсет­кіші – 7:10.08. Енді Владислав 30 шілдеде ширек финалда өнер көрсетеді. Жалпы, жарыстың ашылу сал­танаты өтпестен бұрын бірқатар спорт түрінен жеребе тарту рәсімі аяқталып үлгерді. Атап айтқанда, теннистен, үстел теннисінен, дзюдо­дан, бокстан және өзге де бір­қатар спорт түрінен жеребе тартылды. Біз осы ретте спорт маман­дарынан отандық спортшылардың Олимпиададағы қарсыластары, әлемдік жарыста жүлде алуға мүм­кіндігі туралы сұрадық. – Жеребе жеңіл түсті деп айта алмаймын. Біреуінің жолы болды, біреуіне сәттілік жетпеді деуге де әлі ерте. Тіпті, жарысты екінші айналымнан бастайтын боксшы­лардың да қарсыластары қарымды. Олимпиадада жеңіл жекпе-жек болмайды. Мәселен, Левиттің қар­сыласы – түбі кубалық саналатын Испания өкілі. Егер оны жеңетін болса, Ла Круспен кездеседі. Жалпы алғанда, Василийдің да­йын­дығы жақсы. Соңғы жарыстар­да жіберген бірқатар қателігінен сабақ алды. Қамшыбек өзбекстан­дық Баходир Жалоловпен өткен кейінгі кездесуінде жеңіліп қалды. Десе де, біз Қамшыбекке сенеміз. Мынау жүлде алады деп айту ерте. Финалға дейін әлі  бірнеше жекпе-жек бар. Сондықтан бәрі боксшы­лардың өздеріне, дайындығына тікелей байланысты болады, – деді бокстан Қазақстан командасының бас бапкері Ғалымбек Кенжебаев. Олимпиада Токио Ал бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бап­кері, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Тұрсынғали Еді­лов: – Бокстан бір-екі алтын алсақ та біз үшін жақсы нәтиже болмақ. Боксшылардың жалпы дайындығы жаман емес. 69 келіде Абылайханға сенім артып отырғандар көп. Бекзат, Қамшыбек, Левит үшеуі де алтыннан басты үміткерлер сана­тын­да. Әбілхан Аманқұлдың қар­қыны күшті. «Бақ шаба ма, бап шаба ма?» дейді ғой. Көп нәрсе төре­шілердің де төрелік етуіне байланысты болмақ. Бәрінен бұ­рын боксшыларға бірінші кез­десулерін сәтті өткізу маңызды. Өзге спортшылардан да жүлде күтеміз. Олимпиадаға бәрі жүлделі оралу үшін барады. Рябец қыздар арасындағы жалғыз үміт артып отырған боксшымыз. Қолаға ілінсе жақсы болушы еді. Сайдың тасын­дай іріктелген кіл мықтылар өнер көрсететін жарыста басқа спорт түрінен де жүлде күтеміз. Әр спорт­шы­ның жеңісіне қуанғалы тұрмыз. Нақты кімнің алтын алатынын болжап айтудың өзі қиын. Өзім Рыпакованың өнерін жоғары баға­лай­мын. Ауыр атлеттеріміз де жүл­деге қол созса дейміз. Жүзуден де Баландинге сенім артамыз. Кара­тэ­ші­лер мен таэквондошылар да байрақты бәсекеде қарап қалмас. Еліміздің атынан сынға түсіп жатқан спортшылардың Токиодан олжалы оралуына тілектеспін, – дейді білікті бапкер. Дзюдодан Токио Олимпиада­сының жеребесі тартылған соң бас бапкер Ғалымжан Жылгелдиев те пікір білдірді. – Кейбір салмақтарда жеребе жолдас болмағанын мойындау керек. Дегенмен бұл Олимпиада ойындары, сондықтан осал қарсы­лас болмайды. Ойынға әлемнің ең мықты спортшылары келді, бәрі де тарихта қалып, жүлде алуды мақсат еткен. Сметовтің тобы оңай емес. Жапония, Грузияда балуандар бар, жеңіл болады деп айта алмаймын. Әр салмақта өте мықты спорт­шылар кездеседі. Біз бәріне қарсы дайындалдық, олармен талай белдескенбіз.  Бастысы, біздің балуандар белдесуге тас-түйін дайын, – деп жауап берді бапкер. Токио Олимпиадасының ашылу салтанатын тікелей эфирде жүргіз­ген белгілі спорт комментаторы Есей Жеңісұлы Қазақстан құрама­сы Олимпиадада жалпы саны 9-10 жүлде алуы мүмкін деп болжам жасады. Атап айтқанда, құрама командамыз ауыр атлетикадан 1 жүлде, бокстан 3-4 жүлде, жеңіл атлетикадан 1,  дзюдодан 2 және өзге де спорт түрі бойынша 2-3 жүл­де қоржынға түсуі тиіс деп есеп­тейді. Ол сонымен қатар ел спортшылары Токиодан үш алтын алып қуантса деген тілегін жеткізді. – Олимпиадада нақты мына спортшылардан жүлде күтемін деп айта алмаймын. Боксшылар бұған дейін 1996 жылғы Атланта Олим­пиада­сынан басталған жақсы дәс­түрді жалғастырады деген үміт­темін. Күрес түрлерінен де алтын жүлде күтемін. Өздеріңіз білетін­дей, ешкім күтпеген спорт түрле­рінен жүлде бұйыруы да мүмкін. Теннисшілерімізге де үлкен сенім артылып отыр. Жалпыкомандалық есепте 20-25-орыннан көрінсек, біз үшін жақсы көрсеткіш болғалы тұр, – дейді Есей Жеңісұлы. Қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі төреші Рафаэль Хабиров Токиодан спортшы­лары­мыз алтынсыз қайтпайтынын, сондай-ақ бұрын-соңды есімдері халыққа таныла қоймаған 2-3 спортшы жүлдегер атануы мүмкін екенін жеткізді. – Каратэ мен құзға өрмелеуден жүлде аламыз деп ойлаймын. Дзюдо­дан басты үмітіміз саналған Елдоста артық салмақ бар секілді. Бұрын жылдамдығының арқасын­да жеңіске жетіп жүрді. Оның то­бын­дағы грузин спортшысы Әлем чемпионы, жапондық Таката да мықты балуан. Такатадан Елдос жиі жеңіліп қалып жүр. Сондықтан Елдосқа оңай болмайын деп тұр. 66 келіде сынға түсетін Ержан тә­жірибесі толысқан спортшы. Оның да жүлдеден үміті бар. Бокстан 81 келіде алтын күтеміз. Левит те өт­кен жолғы Олимпиадада финалда жеңіп тұрып жеңілді. Осы жолы ал­тын алуы керек, – деген бол­жамын айтты. Спорт мамандарының болжамы бойынша, Қазақстан құрамасы бұл әлемдік додадан да олжалы орала­тын сыңайлы. Лайым солай бол­сын!

Абылайхан ЖҰМАШ