Резервтік қызмет армияға не береді?
Резервтік қызмет армияға не береді?

Қазақстан әскери ре­зерв қызметіне түбе­гейлі өзгеріс енгізуге бе­кінді. Шілденің орта­сында «Ашық норма­тив­тік-құ­қық­тық ак­тілер» пор­талына жа­рияланған құжат­тан соны ұқтық. Ша­масы, көр­ші-қо­лаң­мен қанша тату­мыз де­генмен де қуатты ар­мия ұстап, ел басына күн туа қалса, сапқа тұрар ер­лер­­дің санын кемітпеуді атқа­мі­нер­лер жан-жақ­ты ойлас­тырған сыңай­лы.

Енді әңгіменің тоқетеріне көш­сек, «Ашық НҚА» порталында әдетте түрлі заң, қаулылар мен бұйрықтардың талқыланатыны бар. Сол порталда «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі қызмет мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының тұжырымдамасы жа­рияланған. Сырт көзге әдеттегі көп құжаттың бірі болып көрінуі мүм­кін. Алайда резерв қызметін жү­йелеудің, елдің қорғаныс қабілетін арттырудың өзекті екені сөзсіз. Ал тұжырымдамада қабылдана қалған жағдайда 2024 жылдан бастап енгізілетін жаңа ережелер ашық сипатталған. Айталық, тұжырым­дамада қазіргі заманғы қарулы жанжалдар әскери сипаттағы қауіп-қатерді ресурстары мықты армия ғана шеше алатыны ай­тылған. Яғни, жаңа тұжырымдамаға сәйкес, армияның заманауи қару-жарақ және техникамен қамта­масыз етілуінен бастап, қажет ке­зінде әскери машықтарды игерген азаматтарды әскер сапына молы­нан тарту, көлік-логистикалық кешендердің мүлтіксіз жұмыс іс­теуі, экономиканың ұрыс жағда­йына бейімделу қабілетінің сақ­талуы тәрізді көптеген фактор ескеріледі деген сөз. Дегенмен құ­жатта экономика немесе инфра­құрылымға емес, адами ресурс­тарына көбірек мән берілгенін атап өткен жөн. Бір жағынан бұл дұрыс шығар. Қазақстанда бүгінде әскери өнім шығаратын 24 зауыт бар. Оған тамыздан бастап аты­шулы АК немесе Калашников автоматын өндіретін тағы бір кәсіпорын қосылады. Демек, түнде көру құралдары, байланыс стансаларынан бастап қатардағы атыс қаруына дейін өзіміз өнді­реміз деген сөз. Енді тек армияның жеке құрамын толықтыратын адами ресурстарды жетілдіру қа­лып тұр. Онсыз заманауи сын-қатерлерге төтеп беру мүмкін емес. Содан да болар, еліміз резерв мә­селесіне көңіл бөле бастады.

Кеңестік тәсіл ескірді

Негізі, кез келген мемлекет со­ғыс жағдайында халықты жап­пай жұмылдырып, дұшпанға қарсы тұра алады. Жаһандағы барлық мемлекетте дерлік мұндай қадамға мүмкіндік беретін құқықтық негіздер жасалған. Қазақстан бей­біт уақытта Қарулы Күштер сапын сарбаздармен толықтырудың аралас тәсілін ұстанады. Яғни, біздің армияда келісімшартпен жұмыс істейтін кәсіби сарбаздар да, мерзімді әскери міндетін өтейтін жауынгерлер де қызмет етеді. Келісімшарт әскерінің саны әдетте көп өзгере қоймағанымен, мерзімді әскери қызметшілердің саны құбылып тұрады. Кей жыл­дары 33 мың, кейде 35 мың азамат мерзімді әскери міндетін өтейді. Алайда бұл тәсіл ел азаматтарының ішінде әскери даярлықтан өтпе­гендер санын азайта алған жоқ. Бұл өз кезегінде резервті әлсіретері сөзсіз. Мәселен, Украинадағы оқиғалар даяр әскери резервтің болмауы опық жегізетінін көрсетті. Украина әскері сепаратистермен күрес барысында дер кезінде шы­ғынды толтырып, қарапайым бол­са да әскери машығы бар аза­мат­тармен әскери бөлімдердің жеке құрамын толықтыра алмады. Сон­дықтан Қазақстанның ре­зервке көңіл аударуы маңызды қадам. Мұны саясаттанушы Асхат Қа­сенғали да құптап отыр. «Шешімнің қабылдануына Украи­наға жасалған Ресей агрес­сиясы әсер еткені анық. Себебі ресми Киев дәл осындай ұрысқа қашанда дайын резервтегі әске­рінің жоқтығынан, шығысында бірнеше бағытта жанған сепара­тизм отын дер уақытында сөндіре алмады. Бұл өзгешелік ежелгі көшпенділердің де өмір сүру салтына сәйкес келеді, заманауи форматы десек те болады. Яғни, бейбіт заманда қарапайым күн кешкен жігіт, соғыс уақытында әп-сәтте арғымағына мініп, қа­руын асынып, жауынгерге айнал­ған. Қазіргі резервистер де осындай жүйені қалыптастыруы тиіс. Біздің орасан үлкен аумақты сақтап қалу және тыныштығын күзету үшін әр азамат жауынгер болуы қажет. «Со­ғыс тілемейміз, бірақ оған да­йынбыз» принципіне сәйкес», – дейді сарапшы. Ал енді жаппай жұмылдыру немесе мобилизациялаудың ескір­ген тұсына тоқталайық. Рас, ел ба­сына күн туа қалса барша азамат­тарды атқа қонуға шақыру, шынын айтсақ ежелгі көшпенділердің тәсілі. Алайда көшпенділер ұдайы соғыс тәсіліне машықтанған, бала күнінен жауынгер болуға тәрбие­ленген қауым. Ал кеңестік үлгідегі жаппай мобилизациялау кезінде азаматтың әскери дайындығы, белгілі бір дағды мен машықты меңгеруі ескеріле бермейді. Әрі жаппай жұмылдыру кезінде жүйелі жұмыс ұйымдастыру да қиын. Оның үстіне заманауи техникалар үстемдік құратын қазіргі заманғы соғыстарда әскери дағдысы жоқ азаматтарды ұрысқа салу шығын ғана. Тіпті, Кеңес кезінде де солай еді. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ешбір әскери жаттығу жа­самаған, атыс-шабысты көрмеген, қағаздағы тактикадан басқаны білмейтін тұтастай әскери бөлім­дер жойылып кетті. Сондықтан енді ескі тәсілге жүгінудің қажеті жоқ. Екіншіден, жаппай ер-азаматтарды жұмыл­дырған кезде армияның тылын қам­тамасыз етуі тиіс кәсіпорын­дардағы білікті ма­мандар да алғы шепке кетуі мүмкін. Бұл жағдай әскерді қамтамасыз ету ісіне кедергі келтіреді. Білікті ма­мандар мен ғалымдар бірден алғы шепке жіберілмеуі керек. Сол үшін алдын ала резерв даярлаған дұрыс.

Швейцариялық тәсіл ме?

Жалпы, әскери резерв даярлау тәсілі әлемнің көп елінде бар. Қа­зақстан әскерилері бұл жүйеге көшу үшін батыс елдерінің үлгісін алғанға ұқсайды. Айталық, Швей­царияда ер-азаматтар әскери мін­детін өтеген соң ұзақ мерзім бойы запаста тұрады. Әрі бұрын олар армиядан оралғанда винтовкасын үйіне ала келетін. Сөйтіп, 2000 жылдардың басына дейін Швей­цариядағы әр азаматтың қос-қостан мылтығы болған. Қажет болса винтовкасын асынып, әскер қатарын толтыруы тиіс еді. Рас, қазір азайды, дегенмен сондай тәсіл 50 жылдан қолданылған еді. Әрине, Қазақстан ондай ереже енгізгелі отырған жоқ, бірақ әс­кери даярлықтан өткен резервис­терге жеке қару белгіленіп беріледі. Қорғаныс министрлігінің өкілі, майор Ғани Нүсіповтің айтуынша, олар әскери бөлімдерде сақталады. «Резервтегі адамдарға әскери бөлімдерде сақтауда тұрған қару мен жауынгерлік техника бекітіліп беріледі. Әскери бөлімдер сабақтар мен оқу-жаттығулар уақытында ны­санды киім-кешекпен, казар­мада тұрумен және тамақтан­ды­ру­мен қамтамасыз етеді», – деді офи­цер. Ал резервтегі әскери қыз­метшілерге техниканың бекітіліп берілуін мамандар жабдықты тоздырмай ұстауға септігі тиетін амал деп бағалап отыр. Тұжы­рымдамада «Мұндай жағдайда техника, өзін пайдалану ресурсын жойып, тек ұзақмерзімді сақтауда тұрмай, оған қызмет көрсетіліп, тез арада қолдануға әзір тұратын болады» деп жазылған. Ал әскери резервке қатысты құжаттың жалпы мазмұнына келсек, 2024 жылдан бастап азаматтар әскери дайын­дықтан өтуге шақырылады. Әрине, бірінші кезекте әскери оқу орын­дарында немесе кафедра­ларда оқығандарға, бұрын әскери қызмет атқарғандарға басымдық беріледі. Ал өзгелер қалауынша қатыса береді. Әскери дайындық мерзімі жылына 60 күннен ас­пайды, жұ­мыс істеп жүргендердің жалақысы сақталады, ал айлық­тың жартысын мемлекет өтейді, жұмыссыздарға айына 42 500 теңге төленеді. Соңғы сома 2024 жылға қарай өзгеруі де мүмкін, өйткені ең төменгі жалақы АЕК мөлшері арқылы есептеле­тін­дік­тен, бұл соманы бекітілген норма деп бағалауға болмайды. [caption id="attachment_152637" align="aligncenter" width="1100"]армия © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] Айтпақшы, әскери резервке тұру ұсынысын қабыл алған адам өзі дайындықтан өтетін бөлім­шемен 3 жылға келісім жасайды. Сол үш жылда ең төменгі айлық көлемінде ай сайын қаржы түсіп отырады. Мұны әлеуметтік жағы деп қоялық. Енді әскери жағына тоқталсақ, резерв жүйесі тұрақты әскери бөлімдердің жеке құрамын арттыруға септеседі. Айталық, әр бригадаға резервке бір-бір бата­льоннан қосуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде сын сағатты ар­мияны қосымша күштермен қам­тамасыз етудің тиімді тәсілі бол­мақ. Әрі резервистер «ашық ауыз балапандар» емес, әскери машығы бар жауынгерлер болады. Қорғаныс министрлігінің өкі­лі, майор Ғани Нүсіповтің сө­зіне қарағанда, мұндай қадамға ми­нистр­лік түрлі жанжалға талдау жүргізген соң барыпты. «Қорғаныс министрлігі қазіргі заманғы сын-қатерлерге тұрақты негізде талдау жүргізеді. Оларға қарулы жанжал, сонымен қатар авариямен, панде­миямен, экологиялық апатпен бай­ланысты төтенше жағдай жа­тады. Бұл ретте халықаралық тәжі­рибе жұмылдыру резервін өрістету мен тартудың қысқа мерзімде талап етілуі мүмкін екенін көрсе­теді», – дейді ол. Ал сарапшы Асхат Қасенғали әскерді геосаяси қауіп­терге даяр етіп ұстау өзекті екенін айтады. Бұл, әрине қор­ғаныс саласының нығаюына әсер етеді. Неге? Себебі соғыс жағда­йын­да мобилизацияға ұзақ уақыт кетеді. Военкоматта тізім жасау, әскери міндеттілерді шақыру, олар­ды тір­кеу, арнайы дайын­дықтан өткізу, ұрысқа жіберу. Мұның барлығы кемі бір айлық жұмыс. Ал резервтік әскер бірден әскери бөлімшеге келіп, қаруын асынып, майданға аттанады. Бір­күндік жұмыс. Яғни, жылдамдық бар. Ал ұрыста әр ми­нут маңызды екенін ескерсек, бұл өте маңызды өзгеріс екенін түсі­неміз. Әрине, мұны жасау бары­сында батыс елдерінің тәжіри­бесі ескерілді. Сарапталып ба­рып қабылданған шешім», – деді А.Қасенғали. Қысқасы, еліміздің қорғаныс қабілетін жақсарта түсу үшін тағы бір сәтті қадам жасалатын сияқты. Тек заң жобасының тұжырымда­масын талқылауға қоғам тым бел­сенді бола қойған жоқ. Дұрысы жобаға ой қосып, пікір білдірсек керек-ті. Кейін заң қабылданған соң байбалам салатын әдетімізге баспасақ болғаны. Әзірге бұл – жоба.

Ардақ СҰЛТАН