Жылу жинау – ағайыншылықтың белгісі
Жылу жинау – ағайыншылықтың белгісі
418
оқылды

Оқушы кезімізде 80-жылдардың басында қорабына қой артқан ГАЗ-52 машинасы тоқтағанын көргеніміз бар. Сөйтсек, бұл көлікпен боранда отары ығып кетіп, көп малы шығын болған әлдебір қойшыға жылу жинап жүр екен. Жылудың не екенін алғаш рет көріп-білгеніміз – осы.

«Жеті жарғыда» жазылған ереже

Бұл мал баққан халықтың өмір салтында бауырмашылықтың, ағайындықтың үлгісін сипат­тай­тын бұрыннан келе жатқан дәстүр бо­латын. Тарихи деректерге көз жі­берсек, ол тіпті Тәуке ханның тұ­сында қабылданған қазақ хал­қы­ның әдеп-ғұрып заңдарынан тұра­тын «Жеті жарғы» заңдар жина­ғында да бар болып шықты. Мұнда «...әртүрлі табиғи апаттан мал мен дүниесінен айырылып, күн көруі қиындап кеткен адамдар қазақ баласынан жылу жинауға хақылы. Жылуды ел болып та, жеке адам болып та жинайды, қандай да түрі болмасын жылу жинау туралы ше­шімде ел басшылары мен билердің келісімін алады. Егер апат бір адам­­ға, бір ата баласына ғана келген бол­са, рулы ел өз бетімен-ақ кө­мектесіп, жұтаған адамдарға қарай­ласады. Ал жоқшылық тұтас руға келсе, онда амалдың жоқ­тығынан өзге елдерге барып өтініш жасауға тура келеді. Ел билері көрші алыс-жақын елдердің бас­шыларынан жылу жинау үшін келісімін алады. Кей жағдайда сыйласуларына қарай көрші, рулар өз бетімен кө­мек көрсетеді. Қазақ ішінде жылуды кез келген дәулетті қазақтан сұрау айып емес. Жағдайы келіп отырған адам нашарға деп жылу беру «тәңірі ал­дындағы іс» деп айтылған. Кеңес үкіметі ескіліктің сар­қыны деп қанша айыптағанымен, халқымыздың жылу жинау дәстүрі ол кезеңдерде де үзілген жоқ. Зұлмат заманында біздің жерімізге қанша мыңдап басқа ұлт өкілдері көшірілген еді. Сонда ұлтына, ді­ліне және тіліне қарамастан, қазақ халқының олармен азық-түлікпен бөлісіп, шаңырағына кіргізіп, ор­наласуға көмектескені туралы та­лай айтылып, жазылып жүр. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін де түрлі табиғи апаттар мен жұтқа ұшыраған өңір халқына тұтас ел болып көмек көрсету, қол ұшын беру дәстүрі жалғасып келеді.

Маңғыстау мен Қызылордаға қол ұшын созды

Кеше ғана Маңғыстау мен Қы­зылорда облыстарында қуаңшы­лық болып, жаппай мал басы қы­рыла бастағанда халық биліктің нұсқа­уынсыз-ақ шаруасы тұра­лаған өңір тұрғындарына бірінші болып өздері көмек қолын созды. Табиғи апаттың салдарынан Маң­ғыстауда жеке­меншіктің қо­лын­дағы мал басы – 0,13%-ға, Қы­зыл­ордада 0,03%-ға кеміген. Тек Маңғыстау облысында 3 мың бас мал шығын болған. Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов биыл бұрын-соңды болмаған қуаншылыққа бай­ланысты төрт түлікті жем­шөп­пен қамтамасыз ету мәселесі қиын­­­дап, мал басы шығын болғанын айта келіп, одан жапа шеккен жан­­дарға еліміздің түкпір-түк­пірінен көмек қолын созғандардың көп еке­нін жеткізді: «Түркістан облы­сынан бізге бірнеше вагон тегін шөп келді. Оны аудандар мен қалаларда құрылған арнайы штаб­тар, ерікті азаматтар халыққа бөліп беріп жатыр. Ақтөбе облысынан да кейбір кәсіпкерлер шөп тасымал­дауда. «ҚТЖ»ҰК»АҚ жан-жақтан жө­нелтілген көмекті тегін жеткізіп беруде» деп мәлім етті. Сондай-ақ әлеуметтік желіде Жамбыл, Қара­ғанды және басқа облыстардан да шөп тасушылар туралы деректерді көптеп кездестіруге болады. Әрине, Үкімет те қарап отыр­­ған жоқ, облыс басшылығының Ауыл­ шаруашылығы министрлігі­мен бір­лесіп жасаған меморандумы ая­сын­да көрші өңірлерден шөп тасу жұ­мыстары қызу қолға алын­ды. Жер­гілікті бюджеттен 1 200 тонна шөп тасымалдауға қаржы бөлінді. Бұл науқанға Үкіметтің резервтік қо­ры­нан 1,9 млрд теңге қарасты­рылған. Сондай-ақ өңірлік мекеме-ұжым­дар да қалыс қалмай, өз тарапынан тегін жанар-жағар­май беріп жатыр. Маңғыстауға елден бұрын 30 тонна шөпті бірінші болып жет­кізген ақтөбелік Балнұр Ермек­баева атты кәсіпкер келіншектің есімі бүгінде көпшіліктің аузында. «Маған «Шопан ата» қауым­дас­тығының төрағасы Алмасбек Са­дыр­баев Ақтөбе облысынан көмек береміз деген азаматтар көп екенін айтты. Сол істі ұйымдастыру керек деді. Мені жауапты адам ретінде тағайындады. Мен бірден келістім. Шамам жете ме, жетпей ме деп ой­ланған жоқпын. Ұрыста тұрыс жоқ, күтетін уақыт жоқ, мал қырылып жатыр. Көмек берем деген адам­дарға ешқандай уақыт жоқ екенін түсіндірдім. Сөйтіп, біз ол кісілер­мен ақылдасып, бірігіп жұмысқа кі­рісіп кеттік. Жолдасым вахтада жұ­мыс істейтін. Ол кісі үйде болған уа­қытты пайдаланып, көмек беруші адам­дардың қоңы­рауына жауап бе­ріп, кездесіп, қай жерде қандай шөп бар екенін білдім. Біреу 30 рулон, бір кісі 100 рулон, тағы бірі 400 рулон берем деген сияқты қоңырау кө­бей­ді. Сол кісілердің айтқанын қорыта отырып, көлік іздестіре бастадым. Алғашқы көмек Қобда ауданынан болды. Тимур есімді азамат бір фура шөп беретінін айтты. Маған көлік табу жағы қиын­ға соқты. Шөп бар, бірақ көлік таба алмай екі күн жүр­дік. Сөйтіп жүріп кө­лікті де таптық. Серікболсын есім­ді логистикалық компанияның иесі бізге қол ұшын созды. Бұл шөпті Маңғыстаудағы Шетпе ауданы түсіріп алды. Бұл ешқандай ақылы емес, тегін беріліп жатқан көмек»,– дейді келіншек. Сондай-ақ шымкенттік Құрмет Талапқазы бастаған топ 10 вагон шөпті Маңғыстауға жеткізіп берді. Оған шөп жинау жұмыстарын ұйымдастыруға талдықорғандық Мұратбек Солтанбай көп көмек көрсеткен. Қарапайым ауыл тұр­ғын­дарынан бөлек, ірі кәсіп­орын­дар да байланысқа шығып, көмек ұсына бастаған көрінеді. Одан бө­лек, Алматы облысының ауыл­дары «Сарыағаш жақта шөп бітсе, бізге келіңдер» деп дұғай сәлем жолдап­ты. Ал Шығыс Қазақ­стан­ның бір азаматы жалғыз өзі 10 вагон шөп басып беруге дайын екенін айтып, шақырған көрінеді. «Қостанайдағы трактор шыға­ра­тын «Еуразия-групп» компания­сының басшы­лары байланысқа шығып, Сары­ағашқа бір тракторды шөп прес­тейтін тех­никасымен бірге жібер­генін айтқан.

Қарағанды мен Арыста да қалыс қалмаған жұрт

Түрлі апатқа, төтенше жағдайға байланысты халық әрдайым жылу жинап тұрады. Мәселен, 2019 жы­лы 45 мыңға жуық адам тұратын Арыс қаласында әскери қоймада алапат жарылыс болған оқиғада да қазақ бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жапа шеккен елге көп болып көмектескені есімізде. Онда да қарапайым қазақстан­дық­тардан бастап, ірі компанияларға дейін Арыс қаласына қол ұшын созды. Әскери қоймадағы алапат жа­ры­лыстан зардап шеккен Арысқа жи­налып жатқан демеуқаржының көлемі миллиондап емес, мил­лиард­тап саналды. «Түркістан» қо­­рына Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев пен Тұң­ғыш Президент кең­сесі, Мем­ле­кет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев пен Прези­дент Әкімшілігі, Сенат пен Мә­жіліс, Премьер-Министр кеңсесі, ми­нистрліктер, комитеттер мен оларға бағынышты ұйымдар, об­лыстар мен қалалардың әкім­дік­тері, бір­қатар бюджеттік меке­мелер, соның ішінде дәрігерлер, мұға­лім­дер, спортшылар, поли­цейлер, өрт сөн­дірушілер және басқалары бір­күн­дік жалақыларын аударды. Бұл ізгі істен бизнес­мен­дер де қалыс қал­­мады. Арыс тұр­ғындарына кө­мек­­қаржы ретінде BI Group холдингі 100 миллион теңге жолдады. Ал «Еуразиялық топ» Арыс қаласын қолдауға 400 мил­лион теңге берге­нін жариялады. «ҚазТрансГаз» ұлт­тық компания­сының жұмыс­шы­ла­ры Арыс тұр­ғындарына 120 мил­лион теңгеден астам қаржы ба­ғыт­тады. «Верный капитал» ком­пания­сы 60 миллион теңге бөлді. «Астана мо­торс», «Мега» секілді ірі нысан­дарды бі­ріктіретін Astana Group 20 миллион теңге және гуманитарлық көмек жолдаған. Оның сыртында волон­терлер, қо­ғам белсенділері, жеке кәсіпкерлер, ірі гипер-су­пермар­кеттер желілері, киім дүкен­дері керек-жарақ пен киім-кешек то­лы жүк жөнелтті. «Түркістан» қо­ры­ның есепшотына қайырымды қазақстандықтардан 1 млрд 200 млн теңгеден астам қар­жы түскен. Одан бөлек, жергі­лікті бюджеттен 1 млрд теңгедей қаражат бөлінген. Үкімет жедел түрде 2 мил­лиардтан астам қаржы жіберген. 2015 жылы Қарағанды жұрт­шы­лығы су тасқынынан зардап шек­кенде де еліміздің түкпір-түкпірінен көмек қолын созғандар көп болған. Өкінішке қарай, тө­теннен шығатын апатты оқиғалар республиканың әр түкпірінде мезгіл-мезгіл туындап жатады, бірақ қай кезде де халқы­мыз соның бәрін ауызбіршілігінің арқасында жеңіп келеді. Жапа шеккен аға­йынға көмектесу, жылу жинау – қазақ халқының атадан балаға мирас болып келе жатқан жарқын дәстүрінің бірі. Мұндай шараларды ұйымдастыру дәстүрге беріктік қана емес, қоғам тұтас­ты­ғының бір көрінісі болса керек.

Дәулет АСАУ