Пандемия басталған жылдан бері Атырау өңірі «Қызыл аймақта» көп «қонақтайтын» болды. Бүгінде Атырауда індет жұқтырғандар саны рекордтық деңгейге жетті.
Әлемді құрсауына алған індет Атырау өңірінде наурыз айында өршіп, аз уақыт саябырлап, маусым айында қайта күшейді. Соңғы мәліметке сенсек, Атырау облысында бір тәулікте COVID-19 жұқтырған 500-ге жуық адам анықталды. Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі берген ақпаратқа қарағанда, Атырау қаласында COVID-19 жұқтырудың 278 жағдайы расталды. Скрининг нәтижесінде Теңіз кен орнында 29 науқас анықталды. Індет қалада ғана өршіп тұрған жоқ, жеті аудандағы жағдай да мәз емес. Қауіпті инфекция жұқтырғандар санының өсуі, әсіресе Жылыой ауданында байқалған. Коронавирус инфекциясы бар 372 науқаста ауру тиісті белгілермен өтіп жатыр. Індетті емдеуге арналған модульдік ауруханада, екінші облыстық ауруханада, фтизиопульонологиялық орталықта, кардиоорталықта, Атырау теміржол ауруханасында, аудандық инфекциялық стационарларда және Теңіз кен орнындағы инфекциялық стационарда емделуде жатқан науқастар көрсеткіші – 100 пайыз. Соңғы тәуліктерде ауруханаларда орын жеткіліксіздігі мен ауруының орташа ауырлығымен 2 848 адам үй жағдайында ем алуға мәжбүр.Hayat-Vax вакцинасына сұраныс артып тұр
Елімізде ақпан айында вакцина егу басталған уақытта Атырауда вакцина алушылар аса белсенділік көрсетпеді. Вакцина халыққа қолжетімді болу үшін ірі сауда орталықтарында екпе бөлімшелері ашылды. Вакцина алуға насихат жұмыстары вакцинаны ерікті алушылар арасында ақшалай ұтыстар ұйымдастырылып жатыр. Бүгінде облыс бойынша коронавирусқа қарсы вакциналардың I компонентімен 132 904, ал II компонентімен 79 066 адам егілді. Айтарлығы, «Спутник V», «KaзBaк», Hayat-Vaх және «Корона Вак» вакциналарын атыраулықтардың таңдауына мүмкіндік болды. Вакциналар ішінде Hayat-Vax вакцинасы туралы жақсы пікірлер қалыптасып, тұрғындардың жаппай осы вацинаға сұранысы артты. Бүгінде бірінші компонентін алған Атырау тұрғындары облыста бұл препараттың жоғына алаңдай бастады. Өңірге Hayat-Vax вакцинасының бірінші және екінші компоненттерінің жалпы 35 мың дозасы келген екен. Бүгінде бірінші компоненттің 18 551 дозасы және екінші компоненттің 16 449 дозасы игерілді. – Қазір облыстық фармацевтикалық қоймадан Атырау емханаларына екінші компоненттің 220 дозасы жіберілді. 22 шілдеде өңірге екінші компоненттің тағы 1 000 дозасы келеді. Hayat-Vax-тың екінші компонентінің қалған 882 дозасы жақын арада жеткізіледі, – деп сендірді облыстық Денсаулық сақтау басқармасы. Осылайша, бірінші компонентті алған барлық адам Hayat-Vax-тың екінші екпесін ала алады. Ал бұл вакцинаның бірінші компонентінің қосымша жеткізілімдері бола ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Алайда тұрғындар осы вакцинаның қосымша келгенін күтіп жүргенін білдік. Қала тұрғыны Ербол Елтайұлының айтуынша, Hayat-Vax-тың жанама әсері осыншалықты жанға батарлық болмайды немесе тіпті болмайды екен. – Созылмалы ауруларым болған соң, ресейлік және қазақстандық вакциналарды салдыртуға жүрексініп жүрмін. Сондықтан Hayat-Vaх вакцинасын Үкіметтің тағы да сатып алғанын қалаймын. Болмаса «Корона Вак» вакцинасының Атырауға жеткізілгенін күтемін, – деді.Мобильді бригадалар үлгермей жатыр
Атырауда індет асқынғалы тұр. Бұл күнде 375 дәрігер «қызыл аймақта» науқастарды емдеуде. Індет қаһарына мінер болса, резервтегі жоғарғы, орташа және кіші санаттағы 275 дәрігер «қызыл аймақта» науқастарды індеттен құтқару үшін жұмылатын болады. Қазір ауруханадағы 67 науқастың жағдайы ауыр, 11 науқас ӨЖЖ аппараттарына қосылған. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мобильді бригадалар қатарын көбейтіп жатырмыз десе де, науқастар үйлеріне шақырған дәрігерлік көмектің бірнеше сағат бойы келіп болмай, жандары қысылатынын айтып шағымданып жатыр. Бұл орайда Денсаулық сақтау басқармасы басшылығының айтар уәжі «Науқастанушылар көптігінен мобильді топтар шақырулар бойынша уақытынан кештеу барып жатыр», – деген бір ауыз жауап. Атыраудағы жағдайдың уыстан шығып кетіп, науқастарға көмек беру, оларды бақылау жайына қалғанын әлеуметтік желідегі ашық жазбалар мен пікірлер де қуаттай түседі. Мәселен, Шынар есімді азамат өзінің Facebook-тегі парақшасында «Атырауда ауыруға болмайды» деп бастап, пандемия басталғалы елдегі денсаулық сақтау саласының «деңгейі» байқалып, «беті ашылғаны» белгілі деп жазыпты. Өзі ауырған 8 күн ішінде Шынар «Медицина қызметкерлерінің аузынан «бізге қарамайсыз, анда қарайсыз, біз тек көріп кетуге келдік, дәріні біз жазып бердік, енді оны ана емхананың бәленбай деген дәрігерінен алыңыз, соларға хабарласыңыз?» деген сөздерді ғана естіп келемін. Бір аптаның ішінде белгілі бір мекенжай бойынша екі емхананың қайсысына қарайтынымыз шешілмей келеді.Олардың мобильді тобының адамдары келіп, «бізге қарамайсыз, неге бізді шақырасыз?» дейді. Сөйтіп, екі ортада олардың сырқатты емдеу емес, «менікі емес, сенікі, сенікі емес, менікінің» құрбаны болып жатырмыз. Осының кесірінен бір аптадан астам уақыт болды, бір емдеу шарасы өткізілген жоқ. 5 күн 40 гр температурада жатқанда көмекке келмеген соң, қалған күндері олардан үмітің де үзіледі екен» деп жазба қалдырған екен.Жаңа туған сәбилер анасынан ковид жұқтырмаған
Атырауда наурыз айынан бастап модульдік аурухананың инфекциялық стационарында 88 сәби дүниеге келді. 20 шілдедегі мәлімет бойынша, модульдік аурухананың инфекциялық стационарында 87 жүкті, 10 босанған әйел және 7 жаңа туған нәресте жатыр. – 88 сәбиге коронавирус инфекциясын анықтау мақсатында жасалған ПТР-тест теріс нәтиже берді. Өкінше қарай, жүкті әйелдердің инфекция жұқтыру қаупі жоғары. Сәби жоспарлап жүрген немесе жүкті әйелдерге өздерін қауіпті инфекциядан барынша қорғауға шақырамын, – деді №2 Атырау облыстық ауруханасының директоры Мағжан Сиджанов. Ал жуырда облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен өткен кеңесте өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға қатысты мәселелер қаралды. Аймақ басшысы өңірдегі эпидемиологиялық ахуалдың тұрақсыздығын, ауырғандар саны өсіп келе жатқанын ескертті. Атырау облысы бойынша Санитарлық – эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Мәдениет Танауов баяндағандай, биылғы 25 маусымнан бастап ауырғандар санының артуы байқалады. Соның ішінде 1-21 шілде аралығында коронавирус инфекциясы жұғуының 5 082 жағдайы тіркелген. Өткен аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда облыс бойынша науқастар саны 1,2 есе өскен. Сондықтан Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы сақтық, сондай-ақ бақылау шараларын күшейтуді, соның ішінде барлық нысандарды Ashyq қосымшасымен қамтуды ұсынды. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі М.Досмұхамбетов коронавирус инфекциясымен ауыратындар санының артып, шырқау шегіне жететін кезеңі алда болатыны туралы болжамды ескерте отырып, алдын ала қамданып, сақтық шараларын күшейте түсу қажетін қадап айтып, әсіресе, халық арасында түсіндіру-ақпараттық жұмыстарды күшейтуді тапсырды.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы