Арыстың әкімі шөп жөнелтуге кедергі келтірді ме?
Арыстың әкімі шөп жөнелтуге кедергі келтірді ме?
© khabar.kz
168
оқылды

Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Қазір елдегі әңгіме түр­кістандық Құрмет Талапқазының малы қырылып жатқан Маңғыстау өңіріне шөп жеткізумен айналысып жатқаны турасында болып тұр. Әрбір жақсы істің қасында теріс сөздердің де қоса жүретіні заңдылық. Жуырда Құрмет­тің жиған шөбін Арыс қаласының әкімдігі Маңғыстауға өз атынан жібергісі келіпті деген әңгіме шыққан болатын. Әрине, ел болып, жұмылып жиған дүниені өзгенің пайдаланып кеткісі келгенін кім құптасын?! Әлеуметтік желіде жария болған осы ақпаратты тексеру үшін екі тарапқа да хабарласқанбыз.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Нұрлыбек Досыбай мә­селенің қалай болғанын баяндап берді. Құрмет ол кезде Өскемен жақта жүрген. Ал оның жанында жүрген Мұратбек Солтанбай қала әкіміне кіріп, кәсіпкерлерден жиналған бума шөптің 10 мыңға жеткенін, енді 10 вагонды тегін алып беруге көмектесуін сұраған. Себебі теміржол басшылығы әр вагонға 500 мың теңге көлемінде ақы сұраған екен. «Осы жағдайдың алдында ғана облыс әкімі Ө.Шө­кеевтен жергілікті шаруалардың қыстан қиналып қалмауын қада­ғалауды, жем-шөппен толық қамтамасыз етуді тапсырған хаты келген. Алдымен өзімізді толық қамтып алу, қанша қор бар екенін білу қарастырылған. Сондықтан Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құр­манбекова Мұратбек Солтан­байдан «10 мың бума шөп бар деп отырсыз, оны қандай кәсіпкерлер берді? Біз сол кісілермен сөйле­сейік. Оларда шөп бар болса, мүмкін алдымен өзімізді қамта­масыз етейік, сосын артылып жатса, қуаңшылық болып жатқан жерге беріп көмектесейік» деген. Шыны керек, қазір батыс өңір­лерінде қуаңшылық болып жат­қаны жанымызға бататыны рас. Дегенмен біздің өңірде де биыл қуаңшылық болып тұр. Сондықтан қолдағы барды батысқа жөнелтіп, ертең қысты күні өзіміз қиналып қалмайық деген мағынада болған бұл әңгіме. Бар болғаны осы», – дейді баспасөз хатшысы.
Бүгінде Арыста «Қолғабыс» қоры құрылған. Оның төрағасы Сырлыбек Мұсабеков әлеуметтік дүкен ашып, жағдайы төмен отба­сыларға тегін азық-түлік таратады екен. Жуырда аудан имамы ел азаматтарына үндеу тастаған. Ке­зінде Арысқа бүкіл Қазақстанның көмек бергенін, енді арыстық әрбір азаматтың 500 теңге болса да, 1 бума шөп болса да, көмек қолын созуын үндеген. Қазір 5 вагондай жиналып қалды.
Мән-жайды білу үшін Құрмет Талапқазыны әңгімеге тарттық. Ол шу шыққанда оңтүстікте болмағанын, Арыс әкімдігімен байланыс жасамағанын айтты. Сонымен қатар ешкімге ренішінің жоғын, Арыс қаласы әкімдігінен кешірім сұрапты деген әңгіменің де жел сөз екенін ескертті. «Арыс қаласының әкімін де түсінуге болады. Оны «Өзімізге жетпей жатқанда неге батысқа жіберуіміз керек?» деп жазғырғандар да болуы керек. Сондықтан оған түсіністікпен қарауымыз керек. Дәл қазіргідей шаруа қызып тұрған тұста мұндай әңгімелер аса маңызды емес», – деп кесіп айтты Құрмет. Сонымен бірге қазір Са­рыағаштан, одан соң Шым­кент­тен екінші орымды Қажымұхан Абзалдың ұйымдас­тырып беріп отырғанын да атап өтті. «Шөп жинау науқаны күзге дейін жал­ғасады деген ойдамын. 1 тамызға дейін деп отыр, бірақ ол кезге дейін жинағанымыз түк те бол­май­ды. Бізге қара күзге дейін там­сы­малды ұйымдастырып беруі тиіс», – дейді Құрмет Талапқазы.
Иә қазір Түркістан облысында шөп ору науқаны қызу жүріп жатқаны рас. Өткен айда ғана алғашқы орымның кезінде өңірде жоңышқа тапшылығы сезіліп, елде шөптің орамын 2 500 теңгеге дейін сатып алғандар болды. Шөп­тің айналасында едәуір әң­гіме шығып, малын қырып аламыз ба деген күдікпен жаппай малын сатқандар да кезікті. Осылайша, ыстық аймақтың бірі саналатын оңтүстік жұрты «шықпа, жаным, шықпамен» өзі жем-шөпке қол­жеткізе алмай отырса да, ағайынға қол ұшын беруден қалыс қалып жатқан жоқ.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы