Сайлау – 2021: Қазақстанда бүгін тұңғыш рет халық әкімді өзі таңдап жатыр
Сайлау – 2021: Қазақстанда бүгін тұңғыш рет халық әкімді өзі таңдап жатыр
Фото: rus.azattyq-ruhy.kz
191
оқылды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы тапсырма берген болатын.

Аумақтық сайлау комиссияларының мәліметінше, 730 сайлау округінде 2582 кандидат ұсынылған. Солардың 2297-і тіркеуден өткен. Кандидаттардың басым бөлігі – өз-өзін ұсынушылар. Сайлау туралы заңнамаға енгізілген толықтырулар мен түзетулердің арқасында ауыл әкімдерінің сайлауына түскісі келетін үміткерге өз-өзін ұсыну мүмкіндігі берілген болатын. Осы мүмкіндікті бұл жолғы сайлауда 1419 адам пайдаланып отыр. Сондай-ақ, 878 үміткерді Әділет министрлігінің тіркеуінде бар 6 саяси партия ұсынған. Халықтың дауыс беруі арқылы әкім болғысы келетіндердің гендерлік құрамына келсек, ер үміткерлердің саны – 1839. Сонымен бірге 458 әйел үміткер бағын сынағалы отыр. Бүгін сайлау 14 облыс бойынша 1847 сайлау учаскесінде өтеді. Жалпы биыл жыл аяғына дейін 775 ауыл әкімі сайланады. Елімізде барлығы 2346-ға жуық ауыл әкімі бар.

Бұл жолғы сайлауда әкімін анықтайтын елді мекендер саны бойынша Ақмола облысы көш бастап тұр. Мұнда бір күнде 95 ауыл мен ауылдық округтің, аудандық маңызы бар қала мен кенттің әкімі сайланады. Алғашқы үштікті Шығыс Қазақстан (77) және Қарағанды облыстары (75) түйіндеп тұр. Ал Маңғыстау облысында бұл жолы бар-жоғы 10, Атырау облысында 18 елді мекен әкімі тікелей сайланбақ.