Шығыс Қазақстанда 77 әкім ауысады
Шығыс Қазақстанда 77 әкім ауысады
Фото: news.myseldon.com
142
оқылды

Шығыс Қазақстан облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерсайын Нәбиевтің айтуынша, сағат 7.00-де сайлау басталды. Сағат 12:00-ге дейін өңірдің 194 елді мекенінде 50 пайыздан астам халық қатысты.

Аумақтық сайлау комиссиялардың дерегінше, 1 қала, 6 кент, 70 ауылдық  округте тұрғындар дауыс беріп жатыр. Жалпы, 77 әкім Семей қаласы және Абай, Алтай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Глубокое, Жарма, Зайсан, Қатонқарағай, Көкпекті, Күршім, Тарбағатай, Ұлан, Үржар, Шемонаиха ауданында сайланады. Кандидаттардың 171-і – ер адам, 61-і – әйел. Үміткерлердің орташа жасы – 44. Ең жас кандидат – 26 жаста, ол Алтай ауданы Тұрғысын ауылдық округінің әкімдігіне үміткер болып отыр. Ал 61 жастағы жасы ең үлкен кандидат Үржар ауданы Мақаншы ауылдық округінің әкімі болудан үміткер. Облыста 221 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.

«Сайлаушылардың сайлау учаскелеріне келуі туралы әрбір 2 сағат сайын облыстың аумақтық сайлау комиссияларының әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында елге соңғы ақпараттар ұсынылып жатыр. Бүгінгі сайлау туралы қорытынды мәлімет кешке сағат 21.00-де жарияланады, – деді Ерсайын Нәбиев.

Сайлауда қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін ШҚО Полиция департаментінің қызметкерлері күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Сайлау учаскесінде кезекшілікті қамтамасыз ету үшін 800-ден астам полицей еңбек етіп жатыр. Сонымен қатар прокуратура қызметкерлері де атсалысып, жедел тергеу тобы жұмыс істейді. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты аймақта бас санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, бетперде режимін қатаң сақтау, антисептикті пайдалану, 1,5-2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтау қатаң қадағаланып отыр.

Бұған дейін ең көп әкім Ақмола облысында ауысатынын жазған болатынбыз.