«Әкімдер халықтың талап-тілегімен санасуы тиіс» – Айдарбек Маукенов
«Әкімдер халықтың талап-тілегімен санасуы тиіс» – Айдарбек Маукенов
125
оқылды

Өз кандидатын таңдау мүмкіндігі Ақмола облысы Зеренді ауданы Бірлестік ауылының тұрғындарына да берілген. Ауыл ақсақалы  Айдарбек Маукаев та таң атысымен алғашқы ісін №530 сайлау учаскесіне келіп, сайлауға дауыс беруден бастапты, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Ауыл ақсақалының пікірінше сайлауға қатысушы халықтың белсенділігі аса жоғары. Демократиялық бағытта ауыл әкімдерін өздері сайлап алуға мүмкіндік алған халық сайлауға белсенді қатысып жатыр. «Мен Зеренді ауданы, Бірлестік ауылының тумасымын. "Алтынтау Көкшетау" кәсіпорнында жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққанмын. Елдің ертеңгі болашағына зор сеніммен қараймын. Ауыл әкімдерінің сайлауынан зор үміт күтемін. Бүгін ел іргесінің бүтін болуы үшін тағы бір маңызды қадам жүзеге асырылуда. Бұл сайлау ауыл халқына, оның тұрғындарына, жастарына үлкен мүмкіндік береді. Олай дейтінім — әкімді өзі сайлаған халыққа әкімдікпен тығыз байланыс орнатуға жол ашылады. Әкімдер халықтың талап-тілегімен санасатын болады, жергілікті билік пен халық арасындағы байланыс бұрынғыдан да нығая түседі деп ойлаймын. Ауылымыздың 539 тұрғыны бар. Халықтың басым бөлігі осы "Алтынтау Көкшетау" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде істейді. Ауылда "Зеренді Астық" ЖШС-нің филиалы ашылып жатыр. Бұл ауыл халқының жұмысқа орналасуына жағдай туғызады деген сөз. Жаңа сайланған әкім ауылдың әлеуетін көтеруге, ал ең бастысы тың өзгеріс әкелуге тиіс деп санаймын», – дейді Бірлестік ауылының тұрғыны Айдарбек ақсақал. Еске сала кетейік, Ақмола облысында жалпы 95 әкім сайланады. Зеренді ауданында  29 сайлау учаскесінде 145 сайлау комиссиясының мүшелері жұмыс істеуде. Жалпы аймақта екі партиядан 8 адам және 16 адам өз-өзін ұсынған. Жалпы 24 кандидат сайлауға түсуде.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы