Әкімдер тұрғындармен тіл табысып, қоян-қолтық жұмыс істей алуы тиіс – Елдос Жұмағұлов
Әкімдер тұрғындармен тіл табысып, қоян-қолтық жұмыс істей алуы тиіс – Елдос Жұмағұлов
Фото: azattyq. org
198
оқылды

Сонымен бірге, әкім заңдарды жоғары құқықтық деңгейде білуі, команда құру және оны тиімді басқару, ауылдық проблемалардың ерекшеліктерін шемішкедей шағуы тиіс. Көшбасшылық қасиеттер де болғаны дұрыс. Ең бастысы, тұрғындармен тіл табысып, қоян-қолтық жұмыс істеуге мүмкіндік беретін коммуникациялық қасиеттер де ауадай қажет. Қойылатын талаптарды кеңейте беруге болады, қазіргі жағдайда ауылды, қаланы немесе кентті басқару қиын міндеттерінің бірі болып табылады. Бұл туралы Елдос Жұмағұлов Facebook-тағы парақшасында жазды.

Осындай талаптарға сәйкес келетін мықты маманды халық арасынан табу мүмкін емес сияқты көрінеді, ал кабинетте отырып ауыл басқаратындардың уақыты әлдеқашан өткен. Тағайындалатын әкім мен сайланатын әкімнің айырмашылығын қарастырып көрейік. Мұндай таңдау аудан әкімінің кабинетінде және оның нұсқауымен ғана мәслихат депутаттарының мүлтіксіз дауыс беруімен шешіліп келді. Аз топтың таңдауы дұрыс болмаған жағдайда бүкіл ауыл зардап шегетін. Сапалы кадрлық іріктеу нәтижесінде таңдалған жоғары білікті мамандар ғана әкімдерге үміткер бола алады. Әкімді тікелей сайлау тұрғындар үшін қандай жағдайда да жақсы болатынына сенімдімін. Сайлауды жәшікке бюллетенді тастаумен ғана байланыстырмау керек. Сайлау дегеніміз — тұрғындардың жауапкершілік сезімін оятатын күшті әлеуметтік процесс. Өздері сайлаған азаматқа тұрғындар зор жауапкершілікті қоса жүктейді. Сайлаушылармен кездесетін үміткерлер ауыл тұрғындарының проблемалармен танысады. Бір тұрғындар ауыз су мен жарық, енді бір тұрғындарға жайылым мен көлік қатынасы үлкен проблема болса, жастар үшін жұмыссыздық пен спортпен айналысу жағдайы туралы айтуы мүмкін. Осы мәселелерді қарастыра келе болашақ әкім сайлаушыларға оның шешу жолдарын дұрыс ұсына алса сол жеңіске жетсе керек. Бұл сайлаудың идеалды түрі. Сайлаушылардың тілек-өтініштерін мойнына жүктеп сайланған әкім арасында есеп беріп, орындай алса ғана әрі қарай сайланбақ. Енді әкім жоғарыдағы басшылыққа ғана емес, бірінші кезекте тұрғындар алдында жауапты болады. Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сайлаушыларды белсенді дауыс беруге шақырамын. Халықтың мүддесі үшін барлық қажетті өзгерістерді жүзеге асыру керек», – деп жазды. Бұл сайлау әкімді халқына жақындатудың құралы, «Еститін мемлекет» тұжырымдамасының іске асыру құралдарының бірі. Енді халықты естіп қана қоймай, әрекет ету кезеңі. Сайлау жергілікті билікке төмендеген халықтың сенімін жоғарылату жолы. Ауыл әкімдерін сайлауға және одан әрі аудан және облыс әкімдерін сайлауға келетініміз айқын еді. Бұл саяси санасы дамып келе жатқан қоғамның талабы. Бұл жолды барлық демократиялық мемлекеттер өткен. Бұл сайлауда негізгі бәсекелестік өзін-өзі ұсынғандар мен «NurOtan» партиясын атынан сайысқа түстетін үміткерлер арасында болады деп ойлаймын. Өзін-өзі ұсынғандар өз шамаларынша үгіт-насихат жұмысын жүргізуде. Оларға ақпараттық қолдау көрсетіп жатқан танымал тұлғалар да бар. Әрине жетекші партияның әкімшілік және ұйымдастырушылық мүмкіндіктері жоғары екенін мойындауымыз қажет. «NurOtan» электоралды кампанияда 726 мың адамды қамтитын 29 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырып үлгерген. Солардың ішіндегі кең таралған әдістер: «Есіктен есікке шаралары», әлеуметтік желідегі тікелей эфирлар, мессенджерлердегі ақпарат тарату, канвассинг және сайлаушылармен үгіт-насихат кездесулері. Жалпы партияның әр аймақ үшін әзірлеген бағдарламалары өзектілігін көрсетіп отыр. Үгіт-насихат жұмыстары халықтың алғаш рет өткізіліп отырған ауыл әкімдерін тікелей сайлауға қызығушылығын оятты деп айта аламыз. Ауылдықтар болашақ әкімдерін білгісі келеді. Бүгінде үміткерлер көп уәде беруі мүмкін, бірақ ауылдағы өзекті проблемаларды жүйелі түрде шеше алу өте маңызды. Сайлауда популистік ұрандар емес, жан-жақты ойластырылған және қаржылық қамтамасыз етілген бағдарлама ұсынған үміткерлер жеңіске жетеді. Ауыл тұрғындары бұндай азаматтарды өздері де өте жақсы біледі деп сенеміз.