Облыстың Алматы аймағында орналасқан, халқының саны жағынан алдыңғы қатарда аталатын, өндірісі барынша өркендеген аудандардың бірі – Қарасай ауданы.
Алып қала Алматыға жақындығымен және жұртының тығыз қоныстануымен ерекшеленетін өңірде өзіндік шешімін күткен мәселелер де баршылық. Сондықтан да аудандағы бірқатар ауылдарда болып жатқан әкімдерді тікелей сайлау науқанына жергілікті жұрт үлкен үміт артып, өздері сенетін жанның ел тізгінін ұстауына ынталы екендіктерін байқатуда. Аудандағы Елтай ауылдық округі бойынша әкімдік лауазымға өтіп жатқан сайлауға үш үміткер қатысуда. Үшеуі де мемлекеттік қызметте ысылған, ел басқаруда тәжірибесі бар азаматтар. Бірі аудандық әкімдікте қызметте болса, екіншісі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында, үшіншісі ауылдық округ әкімдігінде жұмыс істейді. Сондықтан әкімдік лауазымға сайлауға түсуге ойланып, толғанып барып бел буғандар десек артық айтқандық бола қоймас. Елтай ауылдық округінің Қаратөбе ауылындағы орта мектепке орналасқан сайлау учаскесінің науқанға дайындығы ойдағыдай екен. Барлық санитарлық нормалар толығымен сақталып, қорғаныш құрал-жабдықтарымен жеткілікті түрде қамтамасыз етілген. Байқаушылар да өз міндеттерін мінсіз атқаруға жағдай жасалған. Соған сай олар сайлау заңдылықтарының сақталуын көзден таса етпей бақылауда. Жалпы Елтай ауылдық округі бойынша сайлауға қатысушылар саны екі мыңға жуық. Солардың алғашқылары болып сайлау учаскесіне келген зейнеткер ұстаз, ауылдық округтегі әйелдер кеңесінің төрайымы Сәлиха Тойымбетова жерлестерінің сайлау саласындағы соны жаңалық - әкімдердің тікелей сайлауын дұрыс қабылдап, өз таңдауларын жасауға барынша ынталылық танытып отырғанына шын қуанышын білдірді. Таңдау бар жерде табыстың да көп күттірмейтіндігіне сенімді екенін айтады. Сайлау учаскесіндегі байқаушылардың бірі Әсел Оспанова әкімдер сайлауына қатысты әзірлік жұмыстарының нәтижесі жаман емес екендігін, барлық жағдайдың, сайлаушыларға қажетті қолайлылықтардың жан-жақты қарастырылғанын айта келе, жауапты науқанға қатысты ойын төмендегіше білдірді: – Бұл жолғы сайлау – бұрынғылардан өзгеше. Расын айту керек, бұған дейінгі түрлі деңгейдегі депутаттар сайлауларында адамдар өздеріне дәл бүгінгідей талап қоймаған шығар. Өйткені, оларда өкілетті органдарға сайланатындар науқан біткен соң халықпен тікелей тығыз қарым-қатынаста бола қоймайтын. Ал әкім деген, ол – ауыл тұрғындармен біте қайнасып, күндіз-түні тыным көрмей жұмыс істейтін, жерлестерінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, тиісті жерлерде мүддесін қорғайтын жан. Осының өзінен-ақ оларға артылатын жауапкершіліктің тым салмақты екені аңғарылып тұрады. Бұрындары жоғары жақпен тағайындалып келген тағдыры енді ел-жұртпен шешілетіндігі әкімдіктің жауапкершілігін арттыра түсері анық. Ел сенім артқан соң одан шығуға бар күштерін салады-ау деген үміт үлкен. Мемлекет басшысының былтыр күздегі Жолдауында әкімдер сайлауы туралы айтылғанда, қоғамда үлкен бір серпіліс туындап еді. Қозғалыс бар жерде даму да көп күттірмейді. Соған сай осы бағыттағы алғашқы қадам нәтижелі болып, алдағы кездері жақсы істерге жол ашады деп ойлаймын. Мен осы әкімдердің тікелей сайлауына байқаушы ретінде өз үлесімді қосып отырмын. Бір байқағаным, халықтың өз таңдауларын білдіруге деген құлшынысы аса жоғары. Ешбір үгіт-насихатсыз сайлау учаскесіне келіп, дауыстарын беріп, тарқасып жатыр. Олардың қауіпсіздігі жан-жақты қарастырылған. Ұйымдастыру ісінде ешқандай олқылық, сайлау барысында ешбір заңсыздық жоқ, – дейді байқаушы Әсел Айтбекқызы.Болат Абаған, Алматы облысы.