Жамбыл облысында 101 жасқа келген әжей дауыс берді. Ғасыр жасаған кейуана Жұмабүбі Ахметова өз таңдауын үйінде, тасымалдау жәшігі арқылы жасады.
Меркі ауданы Андас батыр ауылының тұрғынына тасымалдау жәшігін сайлау комиссиясының мүшелері апарып, №297 сайлау учаскесі арқылы даусын қабылдады. Қос ғасыр көрген кейуана болса елдің амандығын тілеп, ақ батасын берді. – Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай. Осы жасыма келіп, дауыс беріп отырғаныма қуаныштымын. Президентіміз ауыл әкімдерін сайлау туралы жарлық шығарғаннан кейін осы күнді асыға күттім. Міне, бүгін өз таңдауымды жасап отырмын. Құдай бұйырса ауылға әкім болар азамат адалынан келсін деп тілеймін. Ең бастысы құлқын емес ұлтын ойласын. Сонда ғана оны халық қолдайды. Ұрпағымыз әлемді жайлап жатқан кеселден аман болсын. Біз көрмеген қызықты соларға бұйыртсын, – дейді Жұмабүбі әжей. Кейуананың ақ батасы қабыл болып, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!Саятхан Сатылған, Жамбыл облысы