Көктоғай мен жарсуаттықтар сайлауға дайындықпен келді

Көктоғай мен жарсуаттықтар сайлауға дайындықпен келді

Атырау  облысы  Индер ауданындағы Көктоғай мен Жарсуат ауылдарында да  әкімдерді сайлау қызу жүріп жатыр.  Еліміздің тарихында ауыл тұрғындарының жергілікті әкімдерін тікелей сайлауы  алғаш рет мүмкін болып отыр.  Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауында атап өткен болатын. Көктоғай ауылдық округінде таңғы  сағат 7.00-де сайлау учаскесі еліміздің әнұранымен ашылды. Елімізде таралған індетке байланысты санитарлық сақтық шаралары да мұқият сақталды. Ауыл тұрғындары ішінен алдымен Нұрлыбек Ихуанов дауысын берді.

- 118-ші сайлау учаскесінде 1530 сайлаушы тіркелген. Оның ішінде денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын 30 адамға сайлау жәшігі апарылатын болады. Сайлаушылардың алғашқы легі дауыстарын беріп бастады, - деді учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Б.Арзаханова.:
- Әрине, жаңа сайланатын ауыл әкімінен жақсы бастама, жоғары нәтиже күтеміз. Өздерінің сайлауалды бағдарламаларын тиісті дәрежеде орындауы тиіс деп білеміз. Бүгінде ауылымызға теп-тегіс асфальт жол түсті. Ауыз су, жазғы су сынды инфрақұрылыммен қамтуда пәлендей мәселе жоқ. Жасыл желегі көп біздің Көктоғай ауылының бір жақсысы көшеде шаң болмайды. Былтыр шөп жағы қиындау еді. Биыл жауын-шашынды болып, шөп жақсы шығып шаруашылығымызға ыңғайлы болды. Бүгін ертемен ауылдың мәдениет үйінде орналасқан сайлау учаскесіне келіп таңдауымды жасадым. Учаскеде сайлаушыларға алаңсыз дауыс беруіне бар жағдай жасалыпты. Дауыс беруге келіп жатқан ауылдың адамдары да көп екен. Дауыс беруді әрқашан өзімнің азаматтық парызым санаймын, - дейді Көктоғай ауылының тұрғыны Отарбай Бейсенғалиев.
118-ші сайлау учаскесінде   Nur Otan партиясынан бақылаушы болып отырған Қанат Нығметов сайлау тәртібі бұзылмағанын айттты. «Сайлауға дайындық жоғары деңгейде жүргізілгені бәрден білінеді. Осы уақытқа дейін сайлаушылардың тәртіп бұзушылығы тіркелмеді. Барлығы да заң талабында өтуде. Карантин талаптары ескерілген. Осы уақытқа дейін тұрғындардың 50 пайыздан астамы келіп дауыстарын берді» дейді Қанат Аманғалиұлы. Жарсуаттықтар да ауыл әкімін сайлауға ұйымшылдықпен кірісіп кетіпті. Мұнда 1324 сайлаушы бар. Ауылдағы ағайын ертелете келіп өз таңдауларын жасауда. Қойшыбай Есмағанбетов пен жұбайы Рақат Мұсағалиева алғаш болып дауыс беріпті. Бұл өңірдегі сайлау комиссиясының төрағасы Е.Өтекеновтің айтуынша Құрылыс, Кетебай ауылдарында да сайлау ойдағыдай жүруде.

Ә.Жұманов