Ең ірі ауданда 21 мыңнан астам адам дауыс берді
Ең ірі ауданда 21 мыңнан астам адам дауыс берді
216
оқылды

Алматы облысындағы ғана емес, еліміздегі алып жатқан аумағы мен халқының саны жағынан ең ірі аудандардың бірі – Еңбекшіқазақ ауданының тұрғындары әкімдер сайлауына белсене қатысуда.

Осының алдында жазғанымыздай, облыста 71 ауылдық округте өтіп жатқан сайлауға 235 үміткер түсіп, бақ сынауда. Үміткерлерді таңдап, дауыс беретіндер саны 220 мыңнан асады. Сайлау барысын 442 байқаушы қадағалап, барлығының заң талаптарына сай жүргізілуін бақылауда. Сайлау болып жатқан аудандар арасындағы 300 мыңнан астам тұрғын тірлік ететін Еңбекшіқазақ ауданындағы сайлаушылар қатары басқалардан анағұрлым көп екені айтпаса да түсінікті. Аудандық сайлау комиссиясына 37 үміткер құжат тапсырса, олардың арасында Nur Otan, "ҚХП", "Ауыл", "ADAL" партияларынан ұсынылған 15, өздерін ұсынған 20 үміткер бар. Қазіргі кезде осы 35 үміткер сайлауда бәйгеге түсуде. Бүгінгі сағат 16.00-дегі дерек бойынша аталған ауданда жұмыс істейтін 112 сайлау учаскесінде 21653 адам өз таңдауын білдіріп те қойған. Сайлау уақыты аяқталғанша, қалған тұрғындар да өздерінің таңдауын жүзеге асырады деген сенім зор. Сайлау Ақши, Бәйдібек би, Бәйтерек, Балтабай, Бартоғай, Қазақстан, Қаражота, Масақ, Ташкенсаз және Тескенсу сынды ауылдық округтерде өтіп жатыр. Бұлардың әрқайсысы бірнеше ауылдан құралатын, мыңдаған адам тұратын ірі округтер санатында. Сондықтан халық қалауына орай іріктеуден өтетін үміткерлерге артылатын жауапкершілік те оңайға соқпасы сөзсіз.

Болат Абаған, Алматы облысы.