Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары коронавирусқа қарсы вакцинацияны қолдады. Қала тұрғындары пандемиямен күресте иммундаудың маңыздылығы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты. Нұр-Сұлтанда күн сайын КВИ жұқтырған науқастар қатары көбейіп келеді. Өткен тәуліктің өзінде 1500-ден астам науқас анықталды. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз. Осыған байланысты карантиндік шаралар күшейтіліп, демалыс күндеріне арнайы шектеулер енгізілді. Дегенмен, вакцинация арқылы ұжымдық иммунитет қалыптаспаса, бұл шаралар инфекцияның өсуін тоқтатпайды. Иммундауды медицина қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, мәдениет қайраткерлері, белгілі спортшылар және елорда тұрғындары қолдайды:
«Мен вакцинацияны қолдаймын. Вакцинаның бірінші компонентін алдым, жақында екіншісін аламын. Бала күнімізде бәріміз БЦЖ секілді вакцинация алдық. Менің ойымша, бұл вакцина да сол сияқты. Дәрі-дәрмектерді ғалымдар, мамандар әзірлейді, оларға сенуге болады және маңызды деп санаймын», - деді елорда тұрғыны.Елорданың өзге тұрғындары да өз ойларын анық жеткізді.
«Бәрі вакцинациядан өтуі керек. Вакцина алмағандарды қылмыскер деп санаймын. Себебі, өзгелердің қауіпсіздігі үшін әлеуметтік жауапкершілік болуы керек. Вакцинацияны пандемиямен күресудің ең дұрыс әдісі деп санаймын. Адамзат бүгінге дейін ауыр жұқпалы ауруларды вакцинамен жеңді. Біз ғылымға сенеміз», - дейді елорданың тұрғындары.Қала тұрғындарының көпшілігі вакцинацияға оң көзқараспен қарайды. Себебі, елде және бүкіл әлемде пандемия өршіп тұрған кезде, халықтың денсаулығын сақтаудың жалғыз әдісі – вакцина арқылы иммундау. «Әпкем де, өзге де туыстарым медицина саласында жұмыс істейді. Бәріміз екпе алдық. Ешқандай жағымсыз әсері байқалған жоқ», - деді елорда тұрғыны.
«Менің ойымша, вакцинациядан басқа емделудің тиімді әдісі жоқ. Бұл туралы жұрттың пікірі әртүрлі. Бірақ даудың себебін әлі күнге түсіне алмаймын. Вакцина алуымыз керек. Өзге жандардың денсаулығын қатерге тігуге болмайды», - дейді тағы бір елорда тұрғыны.Қала тұрғындарының бір бөлігі вакцинацияға қарсы шығу арқылы өзіне ғана емес, өзгелердің денсаулығына да қауіп төндіретінін жеткізді.
«Қорқынышпен өмір сүруден шаршадым! Вакцина ғана індетті жеңетінін жұрт қашан түсінеді екен!? Вакцинацияланбағандар өзіне ғана емес, өзгелерге де қауіп төндіреді!» - дейді олар.Айта кетейік, 24 шілдедегі жағдай бойынша Нұр-Сұлтанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 325 мыңнан астам адам алды, ал 215 мыңнан астам азамат толық иммундаудан өтті.