Ташкентке жол түссе... ТОП-10 туристік нысан
Ташкентке жол түссе... ТОП-10 туристік нысан
522
оқылды

Ел көріп, жер көру, тамыры бір туысқан елдің тарихы мен дәстүрін тану – аса қызық. Қазақстанның бір топ журналисі оңтүстігіміздегі жайдары көршіміз Өзбекстанға сапарлап қайтты. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан тарихы тереңнен тыныстанатын Өзбек еліне Aikyn.kz тілшісі де ат басын бұрды.

Жасыл орманның ортасындағы – Ташкент

Ташкент... Бүгінде халқының саны 3 миллионға жуық ірі мегаполис. Ташкенттің көшелерінен өтіп бара жатқандағы көзге бірден шалынғаны жағалай өскен сан түрлі ағаштар мен жап-жасыл шөпті гүлзарлар болды. Ал көшелерінің кеңдігі мен тазалығы таңдай қақтырарлық. 3 миллион халық болса да көшелерден бір кептеліс байқамадық. Ерсілі-қарсылы еш кедергісіз зымырап барады. Ал мінген көліктері жаппай өз елдерінде шығатын – Chevrolet. Бірінен-бірі аумайды. Сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де, өз басым джип мінген қара көрмедім. Аппақ шағаладай отандық көліктер Ташкенттің тақтайдай тегіс жолдарымен сызып барады... Қаланың тазалығы мен тәртібіне сүйсініп қарадық та отырдық. Бір байқағанымыз, мемлекеттік тілге әрі ұлттық ерекшеліктерге баса мән берілгені бірден сезіліп тұр. Орыс тіліндегі жазулар анда-санда болмаса, көп кездеспейді. Ал көше бойындағы дүкен, дәріхана, басқа да қызмет көрсету орындарының атауларының бәрі өзбек тілінде латын қаріптерімен жазылған. Grand Kapital деп аталатын бізге ұсынылған қонақ үйге орналасқан соң бірден қаланың көруге тұрарлық орындарына шығып кеттік.

Ташкенттегі ТОП-10 орын

Енді турист болып Ташкентке келген азаматтарға көзімізбен көріп, көңілімізден шыққан өз таңдауымызбен Ташкенттегі тамашалауға болатын ТОП-10-ға кіргізген орындарды тізбелеп берсек... ташкент 1. Төле би бабамыздың мазары Ташкент десе әр қазаққа алдымен Төле би бабамыздың жатқан жері екендігі есіне түседі. Бар қазақты от ауыз, орақ тілімен ұйытып, үш жүздің басын қосқан Абылай ханға ақыл-кеңесін айтқан төбе бидің орны бөлек. Өзбектер Төле биді «Қарлығаш әулие» деп атайды екен. Өзінің айтуымен ұстазы Шейх Хаунд Тауердің жанына жерленіпті. Құлпытаста «Тәңір қазаққа елдікті де, ерлікті де, даналықты да берген» деген бар қазаққа арнаған қанатты сөзі жазылған. Төле би бабамыздың басында зиярат етіп, Алладан Қазақ елінің амандығын тіледік. 2. Ташкенттегі «Минор» ақмешіті Өзбек еліндегі сапар барысында басты көңілге түйгенімнің бірі – қалаларда ислам дініне баса мән беріліпті. Әсіресе күмбезі күнмен шағылысқан мешіттер мен медреселер жетерлік. Солардың бірі – әйгілі Минор мешіті. 2014 жылы Өзбек елінің тұңғыш президенті Ислам Каримовтың бастамасымен ашылған. Мешітте бір мезгілде 5 мың және жертөлесінде тағы 2 мың, жалпы 7 мың жамағат намаз оқи алады. Басты ерекшелігі сол, мешітті көркемдеу үшін 16 келі таза алтын жұмсалған. Ал ішкі қабырғаларында барша мұсылман елдерінің қасиетті мекені - Меккедегі қағбадан әкелініп арнайы жазылған өрнектер бар. Тағы бір ерекшелігі, сыртқы ауласында намаз оқуға жиналған жамағатты ыстықтан қорғайтын палаткалар қойылған. Сондай-ақ автоматты су қондырғылары да орналастырылыпты. ташкент 02 3. Ташкенттегі Тәуелсіздік алаңы Қаланың қақ орта тұсында Тәуелсіздік алаңы орналасқан. Жасыл желекке оранған алаңда ағаштың сан алуан түрлері самсап тұр. Әсіресе, құлашың жетпейтін бірнеше ғасырды артқа тастаған шынар ағаштары, талшын және тұт ағаштары көшеге одан сайын көрік беріп тұр. Ал Тәуелсіздік алаңында биіктігі ондаған метрге дейін жететін субұрқақ фонтандар мен Тәуелсіздік монументі алыстан менмұндалайды. Алаң сонау XIX ғасырдың ортасына шейін Қоқан хандарының сарайларына жақын орналасыпты. Ал Патшалық Ресей протектараты құрылғаннан кейін бұл жерде генерал-губернатордың резиденциясы салынған. Кеңес Одағы тұсында алаңға Владимир Лениннің есімі беріліпті. Ал 1991 жылы Өзбекстан Тәуелсіздігін алғаннан кейін Лениннің ескерткіші алынып, орнына Тәуелсіздік монументі бой көтерген. ташкент 4. Ташкент трагедиясын еске салатын «Ерлік» монументі 1966 жылдың көктемі... 26 сәуір күні таңғы сағат 5.23-те Ташкентте 5,2 балды ауыр жер сілкінісі болды. Бүтін қаланың тас-талқаны шыққан. Бұл кезде шаһарда 1,5 миллионнан астам халық тұрыпты. 15 мыңнан астам адам көз жұмған деген дерек бар. Дегенмен, Кеңес Одағы күш біріктіріп, жермен жексен болған алып қаланы үш жыл ішінде қайтадан қалпына келтірген. Ал арада он жыл өткен соң 1976 жылдың 20 мамырында еңселі ескерткіш орнатылған. Ауыр зілзаладан кейін де халық ерлікке толы іс жасағандықтан ескерткіш «Ерлік» монументі деп аталыпты. Таста жер сілкінісінің болған уақытына дейін тайға таңба басқандай көрсетіліпті. Жалпы дәл осы 1966 жылы елде ірілі-ұсақты мыңға жуық жер сілкінісі тіркеліпті. 5. Әйгілі Bunyodkor стадионы Бұл елдегі атақты спорт кешендерінің бірі – BUNYODKOR стадионы. 34 мың көрермен еркін сыяды. Орталық Азияда аса ірі стадионның тарихынан сыр шертетін музей де орналастырылыпты. Музейде Өзбек елі футбол клубтары мен ұлттық құрамаларының әр кезеңде алған кубоктары мен алған марапаттары көрініс берген. Халықаралық стандарттарға сай стадиондағы жасыл шөп жасанды емес. Қолдан арнайы егіліпті. Естелік суреттерде бұл стадионда әйгілі Роналду мен Мессилердің де доп тепкені көрсетілген. 6. «Наурыз» паркіндегі алып әткеншек Ташкенттегі көруге болатын кереметтердің бірі – «Наурыз» паркі. Мұнда Орталық Азия елдерінде ең биік саналатын алып әткеншек орналасқан. Биіктігі – 88 метр. Ең төбесінен шаһар түгелдей анық көрінеді. Қалың ағаш көмкерген Ташкент шынымен де көрікті қала екені көрініп тұр. ташкент 7. «Хаст Имам» мешітіндегі «Құран» кітаптары Ташкентте бізді таңқалдырған нысандардың бірі - әйгілі «Хаст Имам» мешіті. Мұнда мешіттер мен дін орталықтары орналасқан. Басты ерекшелігі сол, қасиетті Құран кәрімнің ең үлкен нұсқасы орналасқан. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) жанындағы басты төрт сахабаларының бірі Осман жаздырыпты. Құран еліктің терісінен тігілген екен. Бұдан бөлек, 300 жыл, 200 жыл бұрын басылған, осы заманда шыққан Құран кітаптарын тамашалап таң-тамаша болдық. Құран кітаптарының ішінде сіріңке қорабынан кішкентай Құран кітабын да көрдік. Ислам әлеміне қасиетті кітаптың мұражайына тап болғандай болдық. Бұл жерде бабамыз, Барша Түркі халықтарының мақтанышы Ахмет Иассауи кесенесіне ұқсас ғимарат та бар екен. ташкент 8. Әмір Темір алаңы Тарих қатпарында жарты әлемді бағындырған атақты Әмір Темірдің алып ескерткіші – қаланың көрікті орындарының бірі. Бұл саябақ 1882 жылы Түркістан генерал-губернаторы Черняевтың бұйрығымен салынған екен. Саябақтың қақ ортасында тұлпарына мінген Әмір Темірдің алып мүсіні қасқайып тұр. 2009 жылға дейін ескерткіштің айналасына субұрқақтар мен гүлзарлар салынып, толықтай жаңартылыпты. ташкент  width= 9. «Чорсу» базары Орта Азия елдеріндегі ең ірі базарлардың бірі – «Чорсу». Иін тірескен халық базардан бір үзілмейді. Базар қаланың ескі бөлігінде орналасыпты. Сауда орны Әмір Темір кезінде-ақ танымал болған. Өйткені, базар сол кезеңдегі аса ірі сауда жолы - «Жібек жолының» бойында орналасқан. «Чорсу» базарынан өрік-мейізден бастап киім-кешек, басқа да қажетті заттардың бәрін қолжетімді бағада сатып алуға болады. ташкент ташкент 10. Палау орталығы Өзбек еліне барып палау жемей қайту мүмкін емес. Елде палаудың 14 түрі бар екен. Дәмі тіл үйіретін палауды ұлттың басты тағамы деп те есептейді. Ташкенттегі ең ірі палау орталығы Besh Qozon деп аталады. Осыдан 31 жыл бұрын сонау 1990 жылы салынған. Бұл жерде алып қазанға шамамен 4 тоннаға дейін күріш басылады. Аспаздар көзді ашып-жұмғанша алып қазандағы палауды әп-сәтте дайын ететінін көзімізбен көрдік. Қазанға пісірілген палау 25 мың адамды қамтамасыз ете алады. Палау орталығының иесі қайырымды адам екен. Күн сайын 300-400 порция палау жетімдер үйлеріне жөнелтіледі.

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Өзбекстан, Ташкент. 2021 жыл.