2021 жылдың 23 шілдесінде Көкшетауда ауыл шаруашылық техникаларына қызмет көрсететін әрі сататын ірі сервистік орталық іске қосылды.
Орталықтың ашылу салтанатына ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев және Германия Федеративтік Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Др. Тило Клиннер қатысты.
«Бұл Орта Азия елдері арасындағы ең ірі сервистік орталық болып отыр. Бұдан бөлек, бізде осыған дейін Қостанай қаласында сервистік орталық ашылған. Әрине, оның көлемі бұдан әлдеқайда кішірек болғанымен, көрсетілетін функционалдық қызметі бірдей. Дегенмен, біздің есебімізше, Көкшетау – әлем орталығы. Өйткені, бұл қала аграрлық өңірлердің дәл ортасында орналасқан. Ал бұл өз кезегінде заманауи технологиямен қызмет көрсететін ірі сервистік орталықты ашуымызға түрткі болды. Білікті кадрлардың тапшылығы - қазіргі таңда барлық ауыл шаруашылығы саласын алаңдатып отырған күрделі мәселе. Біз бұл орайда, Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарымен келісе отырып, біршама студенттерді іс-тәжірибеден өткізіп, одан әрі жұмысқа қабылдап жатырмыз. Қазіргі уақытта штатта 400-ден астам адам бар. Сондай-ақ, жұмыстардың басым бөлігі цифрландырылған жүйеде, - дейді «Евразия Групп Қазақстан» компаниясының бас директоры Сергей Глокке.Компания бас директорының айтуынша, компания жұмыстың 50 пайызын адамның көмегінсіз орындайтын техникаларды сатады. Ол 2004 жылдан бастап жеткізілген көптеген техникалардың сатылымнан кейін жөндеуді және қызмет көрсетуді қажет ететінін атап өтті. Жаңа сервистік орталық мұндай мәселелерді жылдам әрі сапалы түрде шешуге мүмкіндік бермек.
«Облыста аграрлық сектордың орны ерекше. «John Deere» техникасының облыс ауыл шаруашылығында қолданылуы басым. Бүгінгі сервистік орталық ТМД елдеріндегі ішіндегі ең ірі болып отыр. Облыс еліміздегі бар шығарылатын астықтың төрттен бір бөлігін шығарып отыр. Жаңа орталық ауыл шаруашылығы дамыған өңірде саланы одан әрі кеңейтуге мүмкіндік беретініне сенімдімін. Жаңа бастамаларыңызбен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз. «Eurasia Group Қазақстан» акционерлік қоғамының сервистік орталығына зор табыс тілеймін», - деді Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев.Ауыл шаруашылығы вице министрі Айдарбек Сапаров та сөйлеген сөзінде ауыл шаруашылығының экономиканың негізгі драйвері екенін атап өтіп, бұл орайда, ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу және қызмет көрсету әрі сатып алудың маңыздылығын атап көрсетті. Шара барысында жаңа сервистік орталықта экскурсия ұйымдастырылды. Компания болашақта елдің 10 ірі қалалары мен аудан орталықтарында сервистік орталықтар ашуды жоспарлап отыр.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы