Арыстағы жарылыс: 16 адам сотталды
Арыстағы жарылыс: 16 адам сотталды
Фото: ainews.kz

Арыстағы әскери қоймада 2019 жылы болған жарылысқа кінәлі деп танылған 16 адам түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Шымкент гарнизоны әскери соты хабарлады.

Прокурорлар сотталушыларға 4 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды және азаматтық талаптарды қараусыз қалдыруды сұраған. Ал жәбірленушілердің көбі істі соттың ұйғарымына қалдыруға ниет білдірген.

«Айыпталушы тарап пен оның адвокаттары күдікті ретінде тартылған азаматтарды ақтап, қылмыстық істі тоқтатуды сұрады. Қорғаныс министрлігі мен әскери бөлімнің басшылық құрамы қызметке немқұрайды қарағаны үшін (Қылмыстық кодекстің 453-бабы 2-бөлігі), атап айтқанда, қызметтік міндеттердің орындалуын бақылау жөніндегі шараларды қолданбай, оқ-дәрімен жұмыс істеу ережесін бұзғаны үшін (ҚК 462-бабы 3-бөлігі) кінәлі деп танылды» делінген ресми хабарламада.

Сотталғандардың ішінде ең ұзақ мерзімді әскери мақсатқа бөлінген қаражатты жымқырды деп айыпталғандар алды. Олар аудандық пайдалану бөлімінің басшылығы мен әскери бөлім командирі техникалық күзет құалдарын монтаждауға бөлінген бюджет ақшасын жымқырғаны үшін 7 және 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Оларға мемлекеттік қызмет пен квазимемлекеттік секторда лауазымды қызмет атқаруға тыйым салынды.