Ақмолада 11 сайлау округінде өз-өзін ұсынғандар ғана қатысты
Ақмолада ауыл әкімдерінің сайлауына сайлаушылардың 75,75 пайызы қатысқан. Жалпы, 290 кандидат бағын сынаған сайлауда 201 адам өз-өзін ұсынғаны анықталды.
Саяси партиялармен 89 кандидат ұсынылған. Оның ішінде 76 үміткер «Nur Otan» партиясынан, «Ақ жол» партиясынан – 5, «Қазақстан халық партиясынан» – 6, «Ауыл және «ADAL» партияларынан бір-бірден үміткерлер қатысқан. 11 сайлау округінде тек өзі-өзін ұсынған кандидаттар сайлауға түсіпті. «Облыс аудандарында сайлауға ең көп үміткер Шортанды ауданы Бозайғыр округінен 5 кандидат, Ерейментау ауданының Күншалған ауылдық округінен және Атбасар ауданының Ярославль округінен төрт үміткерден қатысты», – дейді облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Манарбек Садуов. Сайланған 95 әкімнің 14-і – мемлекеттік қызметшілер. Ал бұрын да әкім болып қызмет еткен 52 үміткер өз орнына қайта сайланды. Әкім лауазымына ұмтылғандардың бірі коммерциялық құрылым өкілі болса, 13-і – бюджеттік ұйым қызметкерлері, бесеуі уақытша жұмыс істемейтін адамдар болған. «Сайлауға қатысқан үміткерлердің 15-і әйелдер болды. Яғни, орташа есеппен бұл додаға түскендердің 16 пайызы. Үміткерлердің орташа жасы – 47, ең жасы 29 жасқа келген. Сайлау қорытындысы бойынша Егіндікөл ауданының Абай ауылынан сайлауға түскен М.Қарбекова сайлаушылардың 100 пайыз дауысын жинапты. Жалпы, сайлау комиссияларының әрекеті бойынша жоғары тұрған комиссиялар мен сотқа арыз түскен жоқ», – дейді спикер.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы
Жетісулықтар әкімдер сайлауына белсене қатысты
Алматы облысының аудандарында әкімдер сайлауы заң талаптарына сай ұйымдастырылып, ойдағыдай өтті. Жетісу өңіріндегі 71 ауылдық округ бойынша жергілікті жұрт алдағы жылдары өздеріне жетекшілік істеп, ауылдардағы проблемаларды шешетін басшыларды таңдады. Жетпіс бір орын үшін болған бәсекеге 235 үміткер қатысып, орташа есеппен алғанда бір лауазымға 3,3 адамнан келді. Ал кейбір ауылдық округтерде 5-6 үміткер бір орынға таласты. Қорытынды есеп бойынша сайлауға қатысуға тиісті жетісулықтардың 67,5%-ы сайлау учаскелеріне келіп, өз таңдауларын білдіріпті. «Бір орын үшін орташа бәсекелестік 3.3 адамнан болды. Әкімдер сайлауына үміткерлердің сенімді өкілдері, түрлі деңгейдегі тәуелсіз байқаушылар, журналистер қатысып, барлығының заң аясында атқарылуын басты назарда ұстады. Коронавирусқа қатысты қалыптасып отырған жағдайға сай барлық қажетті саинтарлық талаптар толығымен орындалды. Тәртіп сақшылары да өз міндеттеріне орай қоғамдық тәртіптің сақталуын бақылады. Жетісулықтар өздерінің сайлауға қатысты құқықтарын заңға сай жүзеге асырды, белсенділік байқатты. Ақтық қорытындыға сай тізімге енгізілген сайлаушылардың 67,5%-ы немесе 149 888 адам дауыс берді», – деді соңғы ақпараттармен бөліскен облыстық сайлау комиссиясының мүшесі Қаһарман Жақсылық.Болат АБАҒАН, Алматы облысы
Бұл сайлаудың жөні бөлек...
Халық көптен күткен ауыл әкімдерін сайлау да аяқталды. Ата қоныс ауылдарды дамытуға білімі мен ілімін жұмсайды деп сенген үміткерлерге дауыс берген халық нәтижесін тағатсыздана күтеді. Атырау облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманакумов ауылдық округтер әкімдерін сайлау қорытындылары туралы брифингте барлық 18 сайлау округі бойынша әкімдер сайланғанын айтты. – Сайлау округтері бойынша сайлаушылар тізіміне 44 305 азамат енгізіліп, оның 32 981 дауыс беруге қатысты. Бұл жалпы сайлаушы электораттың 74,4 пайызы. Ауылдық округ әкіміне кандидат ретінде 52 адам саяси додаға түсті. «Nur Otan» партиясынан – 15, ADAL саяси партиясынан 1 адам ауыл әкімі болып сайланды. Одан бөлек өзі-өзін ұсынған екі кандидат та осындай лауазымға ие болды, – деді Азамат Айманакумов. Айтарлығы, Атырауда сайлаушылардың 74,4 пайызы дауыс берді. Оның ішінде, Қызылқоғада — 85,8; Исатайда — 85; Жылыойда – 80,7; Индерде — 77; Махамбетте — 80,8; Құрманғазыда – 71,7 және Атырау қаласында – 66 пайыз. Ал, сайлаушылардың жалпы саны – 44 305. Алдын ала мәлімет бойынша, барлығы 175 байқаушы қатысты. Оның 19-ы – БАҚ, 89-ы – қоғамдық бірлестіктер мен коммерциялық емес ұйым, 46-сы – саяси партия өкілдері және 21-і – үміткерлердің сенім білдірген адамдары. Сайлау күні Атыраулық қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандар үйден шықпай-ақ дауыс берді. Дамбы ауылының тұрғындарының сайлауға келу белсенділігі көзге анық көрініп-ақ тұрды. Түс ауа сайлаушылардың тең жартысы дауыс беріп үлгерді. Дамбы ауылдық округінде 38 адам үйден дауыс беруге өтініш білдірді. Олардың бірі – еңбек ардагері Ғарифолла Хитуов. «Өзім де 1993 жылы Дамбы ауылдық округінің әкімі болып сайландым. Бұл қызметті 8 жыл атқарып, зейнетке шықтым. Тәуелсіздік алған жылдардан бері ауылымыз жақсы өзгерді. Ауыл тұрғындары қалаға оңай жетеді, барлық үйлерде жарық, су, газ бар. Дегенмен де ауыл дами бергені дұрыс. Біздің балаларымыз бен немерелеріміздің болашағы - сайлау нәтижелеріне байланысты. Сайлауға үйден шықпай-ақ қатысуға мүмкіндік берген ұйымдастырушыларға рақмет, – деді зейнеткер. Ауыл әкімдерін сайлау ақиқатында тұрғылықты халық пен әкім болып сайланған лауазым иесінен жауапкершілікті, сенімнің ақталғанын талап етеді. Оны алдағы уақыт көрсетеді...Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы
Жамбылда ауыл әкімдерінің жартысынан көбі жаңарды
Елімізде тұңғыш рет өткізілген ауыл әкімдерінің сайлауы тарих қойнауына енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жанданған бастамаға жамбылдықтар жұдырықша жұмылып, үн қосты. Өткен жексенбіде ашылған 89 сайлау учаскесіне ағылған жұрттың қарасы қалың болып, бұқара өз таңдауын жасады. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкеловтің айтуынша, бұл сайлау әулиеаталық ауыл әкімдерінің жартысынан көбін жаңартыпты. Яғни, билік дәлізі мен саясат сахнасында жаңа есімдер естілді. Бұл жайында ол «Өңірлік коммуникациялар қызметі» алаңында өткен брифингте кеңінен баян етті. Оның сөзіне сүйенсек, 38 сайлау округі бойынша 111 кандидат үміткер болып түскен екен. 104 391 адам сайлаушы ретінде тіркелсе, оның 94 646-і дауыс берген. - 89 сайлау учаскесінде 651 байқаушы сайлау барысын бақылады. Дауыс беру барысында ешқандай заңбұзушылық болған жоқ. «Nur Otan» партиясының атынан 31 үміткер ауылдық округ әкімі қызметіне өтсе, «Ауыл», «Ақ жол», ADAL және «Қазақстан халық партиясынан» бір-бір кандидаттан әкімдік лауазымына ие болды. Сондай-ақ өзін-өзі ұсынған 3 үміткер халықтың көп даусын жинады.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы
Қарағанды облысында сайлауда тәртіп бұзу тіркелмеді
Қарағанды облысында 60 мыңға тарта ауыл тұрғыны өз таңдауын жасады. Енді 149 елді мекенде аудан басшысына емес, өзін сайлаған халыққа тікелей есеп беретін ауыл әкімдері жұмысына кіріспек. Жай кірісіп қана қоймайды, халқы күткен алғырлықпен, іскерлікпен, жаңашылдықпен кадр саясатына тың серпін бермек. Ауыл болашағы үшін облыстағы ауылдық округтер әкімдерін сайлауға 60 мыңдай сайлаушы қатысса, бұл – тіркелген дауыс берушілердің 74 пайызы. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ерқара Аймағамбетов ауылдық округ әкімдерінің алғашқы сайлауында бақылаушылар да, сенімді өкілдер де белсенді болғанын айтады. Ал сайлау комиссияларының ұсынған деректеріне сәйкес, 25 шілдеде учаскелердің жабылу сәтіне дейін тізімге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 75,85 пайызы дауыс берген. Сайлау комиссиясының мәлімдеуінше, дауыстарды қайта санау, учаскелік сайлау комиссияларының хаттамаларында сәйкессіздікте қателер болмаған, сондай-ақ сайлау комиссияларының әрекетіне немесе әрекетсіздігіне жазбаша шағымдар түспеген.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы
Қызылордада 40 ауылдық округтің әкімі сайланды
25 шілдеде тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет ауыл әкімдері сайлауға түсті. Қызылорда облысындағы жеті ауданда өткен саяси науқанда 40 ауылдық округтің әкімі сайланды. Енді ауылдың тұтқасын ұстар азаматтар халықтың сенімінен шығуға бар тәжірибесін салып, ауылды гүлдендіруге қызмет етпек. Ел тарихында биыл бірінші рет өткізілгеннен кейін кем-кетіктің болары да сөзсіз. Ауылдастар арасында руға тартыс бола ма деген қауіп те болды. Бірақ екі ұдай пікірмен таласып-тартысып жүріп ауыл тұрғындары да саяси науқанды абыроймен атқарып шықты. Өңір жұрты ауылдың сай-саласын жақсы білетін, жоғарғы жаққа сөзін өткізе алатын адамдарды кандиттар қатарына қосуға тырысты. Сайлау учаскелері бойынша 36 071 азамат сайлаушылар тізіміне енгізілді, оның 30 149-ы (83,58%) дауыс беруге қатысты. Әкімге үміткерлер саны – 122 адам. 40 округтің барлығында әкімдер сайланды. Оның ішінде «Nur Otan» партиясы – 30 адам, «Ауыл» ХДПП – 2 адам, ADAL ПП – 2 адам, Қазақстан халық партиясы 1 адам ұсынса, өзін-өзі ұсыну бойынша 5 адам кандидат ретінде тіркелді. Қызылорда облысы бойынша 54 сайлау учаскесінде дауыс беру өтіп, оған 304 комиссия мүшесі тартылған. Қызылорда облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Ғалым Баймырзаевтың сөзінше, қандидаттарға сайлаушылардың 83,6 пайызы дауыс берген. Арал ауданы бойынша 12 округте 19 учаскеге 8 019 сайлаушы, оның ішінде келушілер саны – 7 295. Ал Қазалы ауданы бойынша сайлауға қатысушылар – 93,38%, Қармақшыда – 83,70%, Жалағашта – 87,76%, Сырдария ауданы бойынша – 92,02%, Шиелі өңіріне – 78,67 % және Жаңақорған ауданында 74,43 % адам өз таңдауын жасады. «Сайлау барлық учаскеде Конституциялық заңға сәйкес өтті, құқықбұзушылықтар аңықталған жоқ, арыз-шағымдар түскен жоқ», – деді Ғалым Қонақбайұлы.Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы
Халқына жақын болса игі...
Солтүстік Қазақстан облысында әкімдерді сайлау 71 сайлау округінде, соның ішінде Мамлют ауданының орталығы – Мамлютка қаласында және 70 ауылдық округте өтті. Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Тілеген Қаскиннің айтуынша, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес сайлауды жарамсыз деп тануға немесе қайта сайлау өткізуге ешқандай негіз жоқ. Бақылаушылар Солтүстік Қазақстан облысында сайлау ешқандай заңбұзушылықсыз, ұйымдасқан түрде өткенін атап өтті. Сайлау комиссияларының әрекеттеріне қатысты ешқандай шағым тіркелмеді. Соттарға талап-арыз түскен жоқ. Дауыстарды қайта санау жүргізілген жоқ. Әкімдіктен үміткер ретінде сайлау бюллетеньдеріне енгізілген 214 кандидаттың 68-ін саяси партиялар ұсынған болатын. Атап айтқанда, «Nur Otan» партиясы – 57, «Ауыл» ХДПП – 3, «Ақ Жол» ҚДП – 2, АDAL КП – 2, ХКП 4 адам ұсынды. 146 кандидат өзі-өзін ұсынғандар. Олардың арасынан жеті адам діттеген мақсатына жеткенін атап өткен жөн. Қалған 64-інің 55-ін билік партиясы ұсынса, үшеуі – «Ауыл» ХДПП, екеуі – «Ақ Жол» ҚДП, біреуі – АDAL КП, үшеуі – ХКП ұсынған кандидат. Сайланған 71 әкімнің 42-сі бұған дейін де осы лауазымды атқарған. Су жаңа әкімдердің сапалық құрамына тоқталар болсақ, 57-сі немесе 80 пайыздан астамы – мемлекеттік қызметшілер, 4 адам – коммерциялық құрылымдардың өкілі, алтауы – бюджеттік ұйымдардың қызметкері, 2 адам уақытша жұмыссыз. «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасының бір түлегі де ауыл әкімі атанды. 19 әйел әкім сайланды. Бұл – барлық әкімдердің 26,8 пайызы. 13 әкімнің мамандығы – экономист, 14-і – заңгер, 21-і – оқытушы, 7-еуі – инженер.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы