Шетелден пәтер алғыңыз келе ме?
Шетелден пәтер алғыңыз келе ме?
207
оқылды

Қазақстандықтар ше­тел­дік жылжымайтын мүлікке жаппай ақша салып жатыр. Бай қазақтар Сингапур, Ұлы­бри­тания, АҚШ пен Дубай нары­ғын емін-еркін игеруде. Ал өз­гелері, әсіресе әншілер мен блогерлер Испания, Түр­кия, Грузия, Ресейден қапта­тып пәтер алып жатыр. Сөй­тіп, олар осы елдердегі бас­пана бағасының шарықтауы­на ықпал етіпті. Біз жат­жұрт­тық тұрғын үй нарығынан үлес алған отандастарымыз­дың пікіріне құлақ түрдік. Неге олар өзіміздің емес, өзге елдің экономикасына инвес­тиция құюды ұйғарды? Одан не ұтты, неден ұтылды? Жауап іздеп көрелік.

«Ана капиталын» алып, ресейлік баспанаға салды

Ұлттық банк дерегінше, жеке тұлғаларымыз 2021 жылғы 5 ай ішінде шетелге 349 миллиард теңге ақша аударды. Биыл шетел асқан қаржы көлемі 2020 жылғы бес айға қарағанда бірден 57,3%-ға өсіп шыға келді. Салыстыру үшін айт­сақ, осыдан бес жыл бұрын, 2016 жылғы 5 айда сыртқа кеткен сома небәрі 125,9 миллиард теңге бол­ған. Биылғы – тарихи рекорд. Сарапшылардың байламынша, жыл қорытындысында көрсеткіш 1,5 триллион теңгеге жетуі мүмкін. Яғни, Қазақстан бюджетінің тура оннан бір бөлігіне тең қазына шетелге кетпек. Оның үстіне бұл – тек Золотая Корона, Western Union, Contact, Money Gram секілді «ақша аудару жүйелері» арқылы сыртқа аққан ақша ағыны. Мұның сыртында қаншама адам кеденде декла­рациялап, бума-бума қаржыны өзімен бірге шетелге алып кеткені белгісіз. Осы аударылған жүздеген мил­лиард қаржының бәрі болмаса да, үлкен бөлігі жылжымайтын мү­лікке салынатыны жасырын емес. Нәтижесінде, республи­ка­мыз­дан ең көп қаражат алған мем­лекеттер арасында Түркия көш бастады. Ресей де одан қалысатын емес. Осы орайда сәл ілгері озып, азаматтарымыздың солтүстік көр­ші нарығына неге ден қой­ғанына тоқтала кетсек. Мәскеудегі біраз коммерциялық мүлік, қым­бат баспана мен сәнді дүкендер қазір қазақстандықтардың, не­гізінен шымкенттіктердің иелі­гінде екені белгілі. Бірақ Ресейдің өзге өңір­лерінде де тұрғын үй сатып алып жатқандар жетерлік. Оның басым бөлігін Ресей азаматтығын алған немесе жақын арада соны жос­парлап отырған отандастарымыз құрайды. Соның бірі Т.Әбденов отбасымен бірге біраз жыл бұрын «ресейлік» атанып, Қарағандыдан Новосібірге көшкен екен. Жұбайы да қазақ. «Азаматтықты ауыстыруы­мызға және Ресейге көшуімізге «ана капиталына» қол жеткізу мақсаты түрткі болды. Қазақстанда ондай жоғын білеміз. 453 мың рубль алдық (бұл шамамен 2,5 мил­лион теңге). Оны ипотекаға жұмсадық. Сонда үш бөлмелі кең пәтерді 2,7 миллион рубльге ал­ған­быз. Бүгінде қалада қазақстан­дықтар көп, олар жергілікті ба­ғаларды көтеріп жіберді. Біздікін­дей үй қазір 6-7 миллион рубльге дейін барады. Болашақта балалар­ды алып, елге қайту ойда бар. Мына үйді сатсақ, біраз табысқа кенелеміз. Әрі Қазақстанға орал­ман, қандас мәртебесінде қайтып, біраз жеңілдік аламыз ба деген ойдамыз» деп күледі ол. Әрине, «ана капиталы» тұрғын үйдің құнын толық өтемейтіні мәлім. Тиісінше, отандастарымыз Ресей­дегі баспананы сатып алу үшін Қазақстаннан апарған миллион­дарын құяды. Осы арқылы санк­ция­дан сансыраған көршінің эко­номикасын жандандырып отыр. Жалпы, биыл бес айда жеке тұлғалар (оның ішінде, еңбек мигранттары да бар) Түркияға – 77,7 млрд теңге, Ресейге – 76,2 млрд теңге, Грузияға – 6,2 млрд теңге, алыс шетелге 14,2 млрд теңге аударған.

Қазақтарға Түркия несімен тартымды?

Қазақстандықтар үшін Түр­кияның тұрғын үй нарығы – ең тартымдысы. Ондаған жылжы­майтын мүлік агенттігі түрік елінен үй іздеген азаматтарымызға қыз­мет етеді. Тіпті, ертеректе бұл ел­ден пәтер сатып алып, тәжірибе жиған қазақстандықтар да осы істе делдал болып, табыс табуда. Со­ның бірі Қайрат төл компаниясын құрып, Аланияда орналасқан Konak тұр­ғын үй кешеніндегі пә­терлерді Қа­зақстан азаматтарына өткізуге үлес қосып, кіріс көріп жүр. Қазақстандықтарды Түркияда салықтың төмендігі, коммуналдық төлемнің аздығы, тұрғын үйдегі эксплуатациялық шығындар мен мақсатты алымдардың арзандығы қызықтырады. Мысалы, Испания­дағы үйлерін, виллаларын сатып, түрік еліне бет бұрған азаматтар­ымыз баршылық. Себебі Испа­нияда тұрғын үй арзан болғанымен (кең сарайдай коттедж-вилла­лардың бағасы 95-130 мың еуродан басталады), коммуналдық шы­ғындар аса қымбат. Оның үстіне Түркияда жыл­жымайтын мүлік сатып алған өзге елдің азаматына «шетелдіктің тұру ықтиярхаты» (ВНЖ) беріледі, сол арқылы шетелдік Түркияда жыл бойы еркін жүріп-тұра алады. пәтер Бұған қоса, түріктің курортты қалалары жыл он екі ай бойы күні күлімдейтін қолайлы ауа райымен, жылы климатымен, жайлы да жағымды жағажайымен, іргеде толқыған теңізімен тартымды. Тағы бір артықшылығы, егер шетелдіктер Түркияда жаңа бас­пана сатып алса, ол үшін мемле­кетке салықты құрылыс компа­ния­сы төлейді екен. Клиент-ин­вестор ондай ауыртпалықтан босатылады. «Қазақстанда, елордада өткен жыл бойы 30 миллион теңгеге жақсы пәтер іздедім, шыны керек нарықта ұсынылғандары ұнамады. BI Group, Bazis-А, Sensata Group және басқасының тұрғын үй кешендерін араладым. Бір-бірімен келісіп алған ба дерсіз, бәрінің пәтеріндегі бөлмелер сопақша сипатта болып келеді. Құры­лыс­шылардың контейнерінде отыр­ғандай сезінесің. Осы арқылы бір қабатқа мейлінше көп бөлме мен пәтерді сығылыстыра сиғызатын секілді. Содан Анкарада оқитын ұлым пәтерді Түркиядан алуды ұсынды. Солай жасадым. Әлдеқай­да арзанға, 50 мың еуроға жақсы пәтер таптық. Жылжымайтын мүлік агенттігінің өкілі тұрғын үй құрылысы аяқталған соң оны екі есе қымбатқа сата алатынымды айтты. Мұнша пайданы тіпті бит­коин де бермейді», – дейді шағын кәсіпкер Аслан Белгібай. Жалпы, қазақстандықтардың көбі шетелдік баспанасын қосым­ша табыс табу көзі ретінде қарас­тырады. Пәтерлерін жалға береді. Дәл осы мақсатта азаматтарымыз Қара теңіз жағалауындағы ең та­нымал курорттың бірі – грузиялық Батумиде және ел астанасы Тби­лисиде жылжымайтын мүлік сатып алуда. Батуми жыл сайын жаға­лаудағы «апарт-отельдерде» жарты миллиондай шаршы метрді шетел­діктерге сатады. Риэлтор Марат­тың айтуынша, Батумиді көбіне, егде тартқан қазақстандықтар бейнетінің зейнетін көру үшін таңдайды: оларды жанға жайлы субтропиктік табиғат, жергілікті жұрттың орыс тілін білуі, өмір сүру­дің арзанға түсетіні, азық-тү­лік және тіршілікке қажетті өнім­дер бағасының төмендігі және Кеңес кезінен таныс мәдени орта қызықтыратын көрінеді. Батумиде құрылыс қарқыны артып барады. Туристік трафиктің өсуі нәтижесінде жаңа нысандар салынуда. Шетелдіктер тарапынан сұраныс та жоғары. Дегенмен риэлторлардың мәліметінше, Ба­ту­миде пәтерді котлован кезінде алып, дайын кезде сатудан көп кіріс көремін деп үміттену қиын. Мұнда негізгі табыс аспанға мойынсұнған заңғар, заманауи тұрғын үй кешендерін жалға беруден түседі деседі. Түсімі айына шамамен 750 еуро және одан жоғары. Пәтерлердің бағасы орта есеппен 27-29 мың доллардан басталады.

Аланияда Алтынай Жорабаеваның көршісімін

«Қазақстан тұрғындары, әсі­ресе Аланияда пәтерді көп сатып алады. Мысалы, Konak кешеніндегі пәтерлердің көбін қазақстандықтар иеленді. Бұл үйлердің артықшы­лығы неде? Адамдар үйден шыға сала, эстакада жол арқылы бірден теңіз жағажайына жаяу жетеді. Тіпті, ешқайда шықпай, үй ішінде тынығуға болады. Тұрғындар айы­на 160 еуро ғана төлейді де, ке­шендегі бүкіл инфрақұрылымды емін-еркін пайдалана алады. Оған не кіреді? SPA-орталық, жабық бассейндер, фитнесс-залдар, хамам, шағын кинотеатр – бәрі сол сомаға кіреді. Барлық пәтер толық абаттандырылған және жиһаз­дал­ған», – дейді риэлтор Қайрат. Оның айтуынша, премиум-сыныптағы бұл үй 2021 жылғы 31 желтоқсанда ресми іске қосылады. Бірақ пәтерлер сатылып біткен, тіпті тұрғындар тұрып жатыр. Олар­дың көпшілігі әлгінде айтыл­ғандай, қазақстандықтар (Қайрат­тың айтуынша, негізінен алма­тылықтар). Ондағы баспананың құны 135 мың еуродан басталады, яғни ша­мамен 65 миллион теңгедей. Бұл – «1+1» форматтағы пәтерлер (бізше 2 бөлмелі баспана: жатын бөлме, зал, асүй). Ал жапсарлас салынған виллалар 330 мың еуро тұрады. Салыстыру үшін айтсақ, теңіз жағасында емес, елордадағы «Нұржол» бульварында орналасқан Ray Residence тұрғын үй кешенінде 70 шаршы метрлік 2 бөлмелі пәтер 60-65 миллион теңгеге түседі. 3 бөлмелісі 95 миллионнан жоғары. Осынша қаржысы бар адамдар курортты Аланияны немесе Бату­миді және олардағы Sea View әсем көріністі баспананы таңдайды. Бұлардың курортты аймақ­тарында әлдеқайда арзан пәтер­лер де бар. «Түркияда кез келген отбасы­лық бюджет үшін баспана таңдап алуға болады. Мен де өзіме керегін таптым, екі тұрғын үй нысанын таңдадым. Оның бірі – Lord Residence. Екіншісі – Orman парк ай­мағында. Екеуі де инфрақұ­рылым­ның толық кешенімен жабдық­тал­ған: ойын аймағы, хамам, сауна, релакс-аймақ, бассейндер, тұзды бөлме және басқасы бар. Пәтерлер таза әрленген күйде табысталады. Құрылыс аяқталғанша пайызсыз бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі. Іргесінде теңіз бен парк аймағы тиіп тұр. «Терезелерден тікелей теңізге көрініс кепілдендіріледі», – деді компания өкілі. Сыртта болашақ көршім Алтынай Жо­рабаеваны кездестірдім. Алтынай пентхаусты сатып алыпты» деп хабарлады белгілі блогер Нұрлан Алимходжаев. Оның мәліметінше, Orman паркіндегі нысанда 1+1 форма­тындағы пәтердің құны 49 мың (24,6 млн теңге), ал Lord-та 62 мың еуродан (31 млн теңге) басталады. Келесі жылы тұрғын үй іске қо­сылатын уақытта баға 20-30 мың еуроға және одан жоғарыға кө­терілмек. Сонымен бірге шетелде тұру­дан көңілі қалғандар да жеткілікті. Себебі біріншіден, Испания, Түркия секілді курортты, жылы климатты елдерде тұрғын үйлер жылыту жүйесімен жабдықтала бермейді. Тіпті, ыстық судың өзі үй төбесінде күннен қызатын алып бөшкеден беріледі. Содан ауа райы күрт суыса, жұрт үйінде отырып, жаурайды. Ыстық сусыз қалады. Екіншіден, шетелде тұрғын үй­лердің қабырғалары жұқа болып келеді, көршінің, көшенің шуынан қорғамайды. Отандастарымыздың бірі айтқандай, мысалы түріктер қонақ келсе, түнде ән айтуға құ­мар, сонда дәл бір көршінің боса­ғасында отырғандай сезінесіз, думанды ақырына дейін тыңдауға мәжбүр боласыз. Үшіншіден, барлық әлемде сұ­ранысқа ие, аса керек мамандық иесі болмаса, былайғы келім­сектердің Еуроодақта, Түркияда, Грузияда және басқасында жұмыс табуы қиын. Біздің дипломды олар мойындамайды. Ендеше шетелде өмір сүру үшін азаматтың Қа­зақстанда тұрақты табыс көзі болғаны жөн. Мұндай өмір, әсіресе блогерлер, ІТ мамандары секілді қашықтан жұмыс істей алатын адамдарға жарайды. Негізі, қазақстандық құрылыс компаниялары қазақстандық­тар­дың қаражаты үшін халықаралық нарықтағы бәсекеде ұтылуда. Егер қымбат пәтер сатып алуға қабілетті азаматтарымыз шетелдік жыл­жы­майтын мүлік нарығына жаппай бет бұрса, бәлкім клиент таппаған біздің салушылар заңғар үйле­ріндегі бағасын аспаннан жерге түсірер ме еді?!

Елдос СЕНБАЙ