Қазақстандықтар шетелдік жылжымайтын мүлікке жаппай ақша салып жатыр. Бай қазақтар Сингапур, Ұлыбритания, АҚШ пен Дубай нарығын емін-еркін игеруде. Ал өзгелері, әсіресе әншілер мен блогерлер Испания, Түркия, Грузия, Ресейден қаптатып пәтер алып жатыр. Сөйтіп, олар осы елдердегі баспана бағасының шарықтауына ықпал етіпті. Біз жатжұрттық тұрғын үй нарығынан үлес алған отандастарымыздың пікіріне құлақ түрдік. Неге олар өзіміздің емес, өзге елдің экономикасына инвестиция құюды ұйғарды? Одан не ұтты, неден ұтылды? Жауап іздеп көрелік.
«Ана капиталын» алып, ресейлік баспанаға салды
Ұлттық банк дерегінше, жеке тұлғаларымыз 2021 жылғы 5 ай ішінде шетелге 349 миллиард теңге ақша аударды. Биыл шетел асқан қаржы көлемі 2020 жылғы бес айға қарағанда бірден 57,3%-ға өсіп шыға келді. Салыстыру үшін айтсақ, осыдан бес жыл бұрын, 2016 жылғы 5 айда сыртқа кеткен сома небәрі 125,9 миллиард теңге болған. Биылғы – тарихи рекорд. Сарапшылардың байламынша, жыл қорытындысында көрсеткіш 1,5 триллион теңгеге жетуі мүмкін. Яғни, Қазақстан бюджетінің тура оннан бір бөлігіне тең қазына шетелге кетпек. Оның үстіне бұл – тек Золотая Корона, Western Union, Contact, Money Gram секілді «ақша аудару жүйелері» арқылы сыртқа аққан ақша ағыны. Мұның сыртында қаншама адам кеденде декларациялап, бума-бума қаржыны өзімен бірге шетелге алып кеткені белгісіз. Осы аударылған жүздеген миллиард қаржының бәрі болмаса да, үлкен бөлігі жылжымайтын мүлікке салынатыны жасырын емес. Нәтижесінде, республикамыздан ең көп қаражат алған мемлекеттер арасында Түркия көш бастады. Ресей де одан қалысатын емес. Осы орайда сәл ілгері озып, азаматтарымыздың солтүстік көрші нарығына неге ден қойғанына тоқтала кетсек. Мәскеудегі біраз коммерциялық мүлік, қымбат баспана мен сәнді дүкендер қазір қазақстандықтардың, негізінен шымкенттіктердің иелігінде екені белгілі. Бірақ Ресейдің өзге өңірлерінде де тұрғын үй сатып алып жатқандар жетерлік. Оның басым бөлігін Ресей азаматтығын алған немесе жақын арада соны жоспарлап отырған отандастарымыз құрайды. Соның бірі Т.Әбденов отбасымен бірге біраз жыл бұрын «ресейлік» атанып, Қарағандыдан Новосібірге көшкен екен. Жұбайы да қазақ. «Азаматтықты ауыстыруымызға және Ресейге көшуімізге «ана капиталына» қол жеткізу мақсаты түрткі болды. Қазақстанда ондай жоғын білеміз. 453 мың рубль алдық (бұл шамамен 2,5 миллион теңге). Оны ипотекаға жұмсадық. Сонда үш бөлмелі кең пәтерді 2,7 миллион рубльге алғанбыз. Бүгінде қалада қазақстандықтар көп, олар жергілікті бағаларды көтеріп жіберді. Біздікіндей үй қазір 6-7 миллион рубльге дейін барады. Болашақта балаларды алып, елге қайту ойда бар. Мына үйді сатсақ, біраз табысқа кенелеміз. Әрі Қазақстанға оралман, қандас мәртебесінде қайтып, біраз жеңілдік аламыз ба деген ойдамыз» деп күледі ол. Әрине, «ана капиталы» тұрғын үйдің құнын толық өтемейтіні мәлім. Тиісінше, отандастарымыз Ресейдегі баспананы сатып алу үшін Қазақстаннан апарған миллиондарын құяды. Осы арқылы санкциядан сансыраған көршінің экономикасын жандандырып отыр. Жалпы, биыл бес айда жеке тұлғалар (оның ішінде, еңбек мигранттары да бар) Түркияға – 77,7 млрд теңге, Ресейге – 76,2 млрд теңге, Грузияға – 6,2 млрд теңге, алыс шетелге 14,2 млрд теңге аударған.Қазақтарға Түркия несімен тартымды?
Қазақстандықтар үшін Түркияның тұрғын үй нарығы – ең тартымдысы. Ондаған жылжымайтын мүлік агенттігі түрік елінен үй іздеген азаматтарымызға қызмет етеді. Тіпті, ертеректе бұл елден пәтер сатып алып, тәжірибе жиған қазақстандықтар да осы істе делдал болып, табыс табуда. Соның бірі Қайрат төл компаниясын құрып, Аланияда орналасқан Konak тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді Қазақстан азаматтарына өткізуге үлес қосып, кіріс көріп жүр. Қазақстандықтарды Түркияда салықтың төмендігі, коммуналдық төлемнің аздығы, тұрғын үйдегі эксплуатациялық шығындар мен мақсатты алымдардың арзандығы қызықтырады. Мысалы, Испаниядағы үйлерін, виллаларын сатып, түрік еліне бет бұрған азаматтарымыз баршылық. Себебі Испанияда тұрғын үй арзан болғанымен (кең сарайдай коттедж-виллалардың бағасы 95-130 мың еуродан басталады), коммуналдық шығындар аса қымбат. Оның үстіне Түркияда жылжымайтын мүлік сатып алған өзге елдің азаматына «шетелдіктің тұру ықтиярхаты» (ВНЖ) беріледі, сол арқылы шетелдік Түркияда жыл бойы еркін жүріп-тұра алады.Аланияда Алтынай Жорабаеваның көршісімін
«Қазақстан тұрғындары, әсіресе Аланияда пәтерді көп сатып алады. Мысалы, Konak кешеніндегі пәтерлердің көбін қазақстандықтар иеленді. Бұл үйлердің артықшылығы неде? Адамдар үйден шыға сала, эстакада жол арқылы бірден теңіз жағажайына жаяу жетеді. Тіпті, ешқайда шықпай, үй ішінде тынығуға болады. Тұрғындар айына 160 еуро ғана төлейді де, кешендегі бүкіл инфрақұрылымды емін-еркін пайдалана алады. Оған не кіреді? SPA-орталық, жабық бассейндер, фитнесс-залдар, хамам, шағын кинотеатр – бәрі сол сомаға кіреді. Барлық пәтер толық абаттандырылған және жиһаздалған», – дейді риэлтор Қайрат. Оның айтуынша, премиум-сыныптағы бұл үй 2021 жылғы 31 желтоқсанда ресми іске қосылады. Бірақ пәтерлер сатылып біткен, тіпті тұрғындар тұрып жатыр. Олардың көпшілігі әлгінде айтылғандай, қазақстандықтар (Қайраттың айтуынша, негізінен алматылықтар). Ондағы баспананың құны 135 мың еуродан басталады, яғни шамамен 65 миллион теңгедей. Бұл – «1+1» форматтағы пәтерлер (бізше 2 бөлмелі баспана: жатын бөлме, зал, асүй). Ал жапсарлас салынған виллалар 330 мың еуро тұрады. Салыстыру үшін айтсақ, теңіз жағасында емес, елордадағы «Нұржол» бульварында орналасқан Ray Residence тұрғын үй кешенінде 70 шаршы метрлік 2 бөлмелі пәтер 60-65 миллион теңгеге түседі. 3 бөлмелісі 95 миллионнан жоғары. Осынша қаржысы бар адамдар курортты Аланияны немесе Батумиді және олардағы Sea View әсем көріністі баспананы таңдайды. Бұлардың курортты аймақтарында әлдеқайда арзан пәтерлер де бар. «Түркияда кез келген отбасылық бюджет үшін баспана таңдап алуға болады. Мен де өзіме керегін таптым, екі тұрғын үй нысанын таңдадым. Оның бірі – Lord Residence. Екіншісі – Orman парк аймағында. Екеуі де инфрақұрылымның толық кешенімен жабдықталған: ойын аймағы, хамам, сауна, релакс-аймақ, бассейндер, тұзды бөлме және басқасы бар. Пәтерлер таза әрленген күйде табысталады. Құрылыс аяқталғанша пайызсыз бөліп төлеу мүмкіндігі беріледі. Іргесінде теңіз бен парк аймағы тиіп тұр. «Терезелерден тікелей теңізге көрініс кепілдендіріледі», – деді компания өкілі. Сыртта болашақ көршім Алтынай Жорабаеваны кездестірдім. Алтынай пентхаусты сатып алыпты» деп хабарлады белгілі блогер Нұрлан Алимходжаев. Оның мәліметінше, Orman паркіндегі нысанда 1+1 форматындағы пәтердің құны 49 мың (24,6 млн теңге), ал Lord-та 62 мың еуродан (31 млн теңге) басталады. Келесі жылы тұрғын үй іске қосылатын уақытта баға 20-30 мың еуроға және одан жоғарыға көтерілмек. Сонымен бірге шетелде тұрудан көңілі қалғандар да жеткілікті. Себебі біріншіден, Испания, Түркия секілді курортты, жылы климатты елдерде тұрғын үйлер жылыту жүйесімен жабдықтала бермейді. Тіпті, ыстық судың өзі үй төбесінде күннен қызатын алып бөшкеден беріледі. Содан ауа райы күрт суыса, жұрт үйінде отырып, жаурайды. Ыстық сусыз қалады. Екіншіден, шетелде тұрғын үйлердің қабырғалары жұқа болып келеді, көршінің, көшенің шуынан қорғамайды. Отандастарымыздың бірі айтқандай, мысалы түріктер қонақ келсе, түнде ән айтуға құмар, сонда дәл бір көршінің босағасында отырғандай сезінесіз, думанды ақырына дейін тыңдауға мәжбүр боласыз. Үшіншіден, барлық әлемде сұранысқа ие, аса керек мамандық иесі болмаса, былайғы келімсектердің Еуроодақта, Түркияда, Грузияда және басқасында жұмыс табуы қиын. Біздің дипломды олар мойындамайды. Ендеше шетелде өмір сүру үшін азаматтың Қазақстанда тұрақты табыс көзі болғаны жөн. Мұндай өмір, әсіресе блогерлер, ІТ мамандары секілді қашықтан жұмыс істей алатын адамдарға жарайды. Негізі, қазақстандық құрылыс компаниялары қазақстандықтардың қаражаты үшін халықаралық нарықтағы бәсекеде ұтылуда. Егер қымбат пәтер сатып алуға қабілетті азаматтарымыз шетелдік жылжымайтын мүлік нарығына жаппай бет бұрса, бәлкім клиент таппаған біздің салушылар заңғар үйлеріндегі бағасын аспаннан жерге түсірер ме еді?!Елдос СЕНБАЙ