Қазір қоржынымызда үш қола
Қазір қоржынымызда үш қола
181
оқылды

Көптен бері көңілді алаң­дат­қан Токио Олимпиадасы басталып та кетті. Жұма күні жергілікті уақыт 20.00-де ХХХІІ жазғы Олимпиада ойын­­дары салтанатты жағ­дай­да ашылды. Әлемнің спорт саңлақтары қатарын­да Қазақстан құрама­сы 41-ші болып өткен кезде елі­міз­ден барған санаулы ғана делегат пен журна­листер қол бұлғап тұрды. 206 мем­лекеттің 6 000 ат­леті қа­тысқан шеруде Қа­зақстан Туын боксшы Қам­шы­бек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова ұстап шық­ты.

Олимпиада ойындарының ашы­­луынан соң, «Ханшайым» деп атаған Ольга Рыпаковаға жапон фа­наттары бірнеше аниме жасап та үлгерді. Қоржынында Олимпиада­ның барлық жүлдесі бар жерлесіміз төртінші Олимпиадада ұлттық на­қыштағы әдемі жасалған көйле­гі­мен де ерекше көзге түсті. Ақпарат құралдарында қазақтың ұлттық нақыштағы киімі жапон ғана емес, Шығыс Азия елдерінің жүрегін жаулағаны айтылуда. Олимпиаданың ашылу сал­танаты басталуына жарым сағаттай қалғанда стадионның маңайына жиналған 10 мыңдаған адам  Олим­пиаданың өтуіне қарсы акцияны бастап кетті. Волонтерлердің айтуы бойынша, Олимпиаданың өтуіне халықтың 70-80 пайызы қарсы. «Олимпиада өтпесін!», «Олим­­пиадаға жұмсаған қаржыны коронавируспен ауырғандарға берсін!» деп айтылып жатты. Ұлттық олимпиадалық ста­диондағы өткен іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар қатарында Жапония императоры Нарухито, Франция президенті Эммануэль Макрон, Монако князі Альбер II, АҚШ бірінші ханымы Джилл Байден, тағы басқа мәртебелі қонақтар, ХОК және Ұлттық олимпиада комитеттерінің 1 000-ға жуық делегациясы отырды.

Қазақстанның алғашқы медалі

Олимпиадада дзюдодан 60 келі салмақта сынға түскен Елдос Сметов Олимпиаданың алғашқы күні Қазақстан қоржынына ал­ғашқы медальді салып берді. Жарыс­тың алғашқы екі белдесуінде Елдос түркиялық Михрач Аккуш пен оңтүстіккореялық спортшы Ким Вон Джинді «иппон» әдісімен жеңіп, жартылай финалға шықты. Жартылай финалда жерлесіміз жапондық Наохиса Такатоға сәл ғана басымдықпен жеңіліп қалды. Елдосты сәл ғана басымдықпен жеңген Наохиса Такато финалда Тайван спортшы Юн-Вэй Янды аса қиналмай жеңіп,  Олимпиада чемпионы атанды. Ал кіші финалда Нидерланд өкілі Торние Цакад­жоеге қарсы шыққан Сметов қо­сымша уақытта «ваззари» ұпайы­мен басым түсіп, қола медаль ие­ленді. күрес Теннистен Қазақстанның бірін­ші ракеткасы Елена Рыбакина алғ­ашқы айналымда аустралиялық Саманта Стосурмен кездесіп, 6:4, 6:2 есебімен жеңіске жетсе, ерлер арасында Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бубликке жеребе жолдас болмады. Бірден әлемнің екінші ракеткасы ресейлік Даниил Медведевке қарсы шыққан Бублик 4:6, 6:7 есебімен қарсы­ласына жол берді. Сондай-ақ көп қазақтың үміті Зарина Диас та Олим­пиаданы ерте аяқтады. 100 метрге брасс әдісімен жүзу­ден сынға түскен Дмитрий Балан­дин жартылай финалға өте алған жоқ. Бесінші топта жарысқан Дми­трий 59,75 секундты көрсетіп, алтыншы орын алды. Анастасия Лаврова үстел теннисінен бірінші кездесуде-ақ испаниялық Мария Сяоға 4:1 жеңіліп қалды. Спорттық гимнастикадан жал­ғыз өзі жеті жолдама жеңіп алған Милад Карими іріктеу сынында үш жат­тығу бойынша финалға өтті. Ол гимнастикалық кермедегі жаттығу бойынша іріктеуде 14.766 ұпай жи­нап, екінші нәтиже көрсетті.  Дзюдо­дан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері Галбадрах Отгон­цэцэг алғашқы айналымда ұтылып қалды. 48 келі салмақ дәрежесінде белдескен ол бірінші кезеңде қытайлық Ли Янаньнан жеңіліс тапты. Ал Алексей Луценко бастаған Қазақстан велошабан­доздары артқан үмітті ақтамады. Қазақстандықтар сапынан ең жоғары нәтижені Алексей Луценко тіркеді. Есесіне, боксшы Серік Темір­жанов алғашқы жекпе-жегінде жеңіске жетті. 57 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен жерлесіміз венгриялық Роланд Галошты 5:0 есебімен жеңді.

25 шілде – қоржында тағы бір қола бар

25 шілде күні Қазақстан қоржы­ны тағы бір қола медальмен толық­ты. Зілтемірші Игорь Сон Олим­пиаданың қола жүлдегері атанды. Қазақстандық зілтемірші 61 келіге дейін салмақта сынға түсті. Игорь жұлқа көтеруде 131 келіні бағын­дырса, серпе көтеруде 163 келіні еңсерді. Бұл күні 66 келіге дейінгі салмақта сынға түскен дзюдошы­мыз Ерлан Серікжанов әзербай­жандық Орхан Сафаровтан басым түсіп, жарысты сәтті бастады. Алайда отандасымыз екінші айна­лымда Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы Мануэль Ломбардодан айласын асыра алмады. Нысана көздеуден Юрий Юрков Олимпиаданың іріктеу кезеңінен өте алған жоқ. 10 метрге вин­товкамен нысана көздеуден сынға түскен Юрков 36-орыннан көрінді. Слаломды есуден іріктеу кезеңі аяқталып, қазақстандық Александр Куликов жартылай финалға жолдама ады. Іріктеу кезеңінің нәтижесі бойынша 108.12 көр­сеткішімен 15-орынға тұрақтаған Куликов жартылай финалға өткен 15 спортшының қатарына енді. Үстел теннисінен ерлер арасын­дағы бәсеке түскен Кирилл Гера­сименко екінші айналымнан сәтті өтті. Қазақстан командасының үздігі чехиялық Любомир Янчар­жикпен кездесіп, 4:2 есебімен же­ңіске жетті. Теннистен сынға түсіп жатқан Михаил Кукушкин бірінші кезеңде аргентиналық Федерико Кориямен кездесіп, 7:6, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Ал медаль алады-ау деген тағы бір үмітіміз Юлия Путинцева мен Ярослава Шведова неге екені белгісіз, жарысты жалғастырудан бас тартты. Бірінші айналымда аргентиналық Надия Подорос­камен кортқа шыққан Путинцева алғашқы сетте қарсыласына 6:7 есебімен жол берді. Ал екінші сетте 3:1 есебімен алда келе жатып, жа­рысты жалғастырудан бас тартты. Ал Шведова болса хорват Айла Том­лян­овичтен оза алмады. Бірін­ші партияда 5:7 есебімен жеңілген жерлесіміз екінші сетте 2:3 есебі­мен жеңіліп жатып, жарысты ары қарай жалғастырудан бас тартты. бокс 100 метрге шалқалай жүзуден сайысқа түскен Диана Назарова өз тобында ең соңғы болып қалып қойды. Сондай-ақ бокстан 63 келі сал­мақта жұдырықтастан Зәкір Сафиуллин алғашқы айналымда Перу өкілі Леодан Пезо Сабояны 5:0 есебімен ұтып, Токио Олим­пиадасының 1/8 айналымына жол­дама алды. Су добынан Қазақстан құрамасы Хорватия құрамасына 7:23 есебімен жеңілді. Шпагамен семсерлесуден Руслан Құрбанов алғашқы айналымда италиялық Марко Фихерадан (15-7) басым түскенімен, келесі айналымда ол  жапониялық Ямада Масарудан 8:15 есебімен жеңіліс тапты. Токио татамиінде 73 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Жансай Смағұлов екінші кезеңде армениялық Фердинанд Кара­петян­ды жеңді. Белдесудің негізгі уақыты тең аяқталып, қосымша уақытта Жансай «ваззари» ұпайын еншіледі. Ал үшінші айналымда жерлесіміз канадалық Артур Мар­гелидонға есесі кетті. Қазақстандық теннисші Елена Рыбакина екінші айналымда Швеция өкілі Ребекка Петерсон­мен кездесіп, екі сетке созылған матчта 6:2, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Ал Олимпиадаға стенд атудан Әсем Орынбай мен Зоя Кравченко бастаған мергендер келесі кезеңге өте алмады.  Бес раундтан тұратын «Скит» жаттығуы бойынша сында жерлестеріміз үздік алты спортшының қатарынан көріне алмады. Садақ атудан Қазақстан ерлер құрамасы командалық сайыста Үндістан құрамасына қарсы шығып, қарсыластарына 2:6 есе­бімен есе жіберді. Командалық бәсекеде ел құрама сапынан жарыс жолына Сандар Мұсаев, Ильфат Абдуллин және Денис Ганкин шықты. Айта кетерлігі, аталған спортшылар жекелей сайыс бо­йынша жарысты жалғастырады. Слаломды есуден жартылай финал қорытындысы бойынша Александр Куликов 12-орынды иеленді. Финалға өту үшін алғашқы ондыққа ену керек еді. Әйелдер арасындағы бәсекеде Екатерина Смирнова іріктеу кезеңінен өте алған жоқ. Үстел теннисінен Қазақстан командасының үздігі Кирилл Герасименко Токиодағы екінші айналымда германиялық Тим Боллменден кездесіп, 1:4 есебімен жеңіліс тапты. Кеше кешке бокстан 52 келі салмақта Сәкен Бибосынов ринг төріне көтерілсе, ауыр атлет Зүлфия Чиншанло 55 келі салмақта сынға түсті.

Ерке ЕРҚОҢЫР, арнайы Aigyn газеті үшін Токиодан