Көптен бері көңілді алаңдатқан Токио Олимпиадасы басталып та кетті. Жұма күні жергілікті уақыт 20.00-де ХХХІІ жазғы Олимпиада ойындары салтанатты жағдайда ашылды. Әлемнің спорт саңлақтары қатарында Қазақстан құрамасы 41-ші болып өткен кезде елімізден барған санаулы ғана делегат пен журналистер қол бұлғап тұрды. 206 мемлекеттің 6 000 атлеті қатысқан шеруде Қазақстан Туын боксшы Қамшыбек Қоңқабаев пен жеңіл атлет Ольга Рыпакова ұстап шықты.
Олимпиада ойындарының ашылуынан соң, «Ханшайым» деп атаған Ольга Рыпаковаға жапон фанаттары бірнеше аниме жасап та үлгерді. Қоржынында Олимпиаданың барлық жүлдесі бар жерлесіміз төртінші Олимпиадада ұлттық нақыштағы әдемі жасалған көйлегімен де ерекше көзге түсті. Ақпарат құралдарында қазақтың ұлттық нақыштағы киімі жапон ғана емес, Шығыс Азия елдерінің жүрегін жаулағаны айтылуда. Олимпиаданың ашылу салтанаты басталуына жарым сағаттай қалғанда стадионның маңайына жиналған 10 мыңдаған адам Олимпиаданың өтуіне қарсы акцияны бастап кетті. Волонтерлердің айтуы бойынша, Олимпиаданың өтуіне халықтың 70-80 пайызы қарсы. «Олимпиада өтпесін!», «Олимпиадаға жұмсаған қаржыны коронавируспен ауырғандарға берсін!» деп айтылып жатты. Ұлттық олимпиадалық стадиондағы өткен іс-шараға арнайы шақырылған қонақтар қатарында Жапония императоры Нарухито, Франция президенті Эммануэль Макрон, Монако князі Альбер II, АҚШ бірінші ханымы Джилл Байден, тағы басқа мәртебелі қонақтар, ХОК және Ұлттық олимпиада комитеттерінің 1 000-ға жуық делегациясы отырды.Қазақстанның алғашқы медалі
Олимпиадада дзюдодан 60 келі салмақта сынға түскен Елдос Сметов Олимпиаданың алғашқы күні Қазақстан қоржынына алғашқы медальді салып берді. Жарыстың алғашқы екі белдесуінде Елдос түркиялық Михрач Аккуш пен оңтүстіккореялық спортшы Ким Вон Джинді «иппон» әдісімен жеңіп, жартылай финалға шықты. Жартылай финалда жерлесіміз жапондық Наохиса Такатоға сәл ғана басымдықпен жеңіліп қалды. Елдосты сәл ғана басымдықпен жеңген Наохиса Такато финалда Тайван спортшы Юн-Вэй Янды аса қиналмай жеңіп, Олимпиада чемпионы атанды. Ал кіші финалда Нидерланд өкілі Торние Цакаджоеге қарсы шыққан Сметов қосымша уақытта «ваззари» ұпайымен басым түсіп, қола медаль иеленді.25 шілде – қоржында тағы бір қола бар
25 шілде күні Қазақстан қоржыны тағы бір қола медальмен толықты. Зілтемірші Игорь Сон Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Қазақстандық зілтемірші 61 келіге дейін салмақта сынға түсті. Игорь жұлқа көтеруде 131 келіні бағындырса, серпе көтеруде 163 келіні еңсерді. Бұл күні 66 келіге дейінгі салмақта сынға түскен дзюдошымыз Ерлан Серікжанов әзербайжандық Орхан Сафаровтан басым түсіп, жарысты сәтті бастады. Алайда отандасымыз екінші айналымда Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Еуропа чемпионы Мануэль Ломбардодан айласын асыра алмады. Нысана көздеуден Юрий Юрков Олимпиаданың іріктеу кезеңінен өте алған жоқ. 10 метрге винтовкамен нысана көздеуден сынға түскен Юрков 36-орыннан көрінді. Слаломды есуден іріктеу кезеңі аяқталып, қазақстандық Александр Куликов жартылай финалға жолдама ады. Іріктеу кезеңінің нәтижесі бойынша 108.12 көрсеткішімен 15-орынға тұрақтаған Куликов жартылай финалға өткен 15 спортшының қатарына енді. Үстел теннисінен ерлер арасындағы бәсеке түскен Кирилл Герасименко екінші айналымнан сәтті өтті. Қазақстан командасының үздігі чехиялық Любомир Янчаржикпен кездесіп, 4:2 есебімен жеңіске жетті. Теннистен сынға түсіп жатқан Михаил Кукушкин бірінші кезеңде аргентиналық Федерико Кориямен кездесіп, 7:6, 7:5 есебімен жеңіске жетті. Ал медаль алады-ау деген тағы бір үмітіміз Юлия Путинцева мен Ярослава Шведова неге екені белгісіз, жарысты жалғастырудан бас тартты. Бірінші айналымда аргентиналық Надия Подороскамен кортқа шыққан Путинцева алғашқы сетте қарсыласына 6:7 есебімен жол берді. Ал екінші сетте 3:1 есебімен алда келе жатып, жарысты жалғастырудан бас тартты. Ал Шведова болса хорват Айла Томляновичтен оза алмады. Бірінші партияда 5:7 есебімен жеңілген жерлесіміз екінші сетте 2:3 есебімен жеңіліп жатып, жарысты ары қарай жалғастырудан бас тартты.Ерке ЕРҚОҢЫР, арнайы Aigyn газеті үшін Токиодан