Атырауда деструктивті діни ағым өкілдерінің адамдарды бопсалауы, есірткі сату мен атыс қаруын заңсыз сақтау оқиғалары жұртшылықты елең еткізді. Бұрын асыл дінімізге қайшы келетін оқулықтарды насихаттаумен құзырлы органдар құрығына ілігетін олардың бүгінде ештеңеден қорықпайтыны үрей туғызып тұр.
Жуырда Атырауда қоғам назарын аударған оқиға болды. Құзырлы орган қызметкерлері «зорладың» деген айып тағамын» деп шымкенттік жігіттен екі миллион теңге ақша бопсалаған 21 жастағы әйел адамды ұстады. Оқиға бірнеше рет қайталанған. Алғашында оның екі миллион теңгесін алып, кейін одан 1 540 000 теңге сомасында тағы да ақша талап еткен. Амалы қалмаған 18 жастағы жігіт полицияға хабарласып, мән-жайды түсіндіріп, көмек сұраған. Айтуынша, әйел оны «зорлау» фактісі бойынша үстіңнен іс қозғатамын деп қорқытып келген. Алайда жас жігіт жыныстық қатынас екі жақты келісіммен болды деп ақталған. Екеуі, тіпті бір қызметте әріптес болған. Ол өзін бопсалау жолымен ақша талап етіп жүрген әйелді жақсы танысым, тіпті тұрғылықты мекені Шымкент қаласына алып барып, ата-анаммен таныстырдым дейді. Атырау облысы Полиция департаментінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасы жедел іс-шара кезінде күдіктіні Шымкенттік азаматтан 500 мың теңге көлемінде қорқытып, ақша алып жатқан кезінде ұстады. Тексеру кезінде әйелдің деструктивті діни ағым өкілі екені анықталды. Қазір 2000 жылы туған қала тұрғынына қатысты Қылмыстық кодекстің 194-бабы 1-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ әйелдің бопсалау қылмысы бойынша басқа да фактілерге қатысы тексеріліп жатыр. Сайып келгенде, деструктивті діни ағым өкілдерінің Атырау өңірінде көптігі жергілікті жұртшылықты ғана емес, сырттан келген халыққа да таңсық емес. Алайда олардың көптігі іштей үрей тудырады. Себебі құзырлы органдар олардың қоғамға қауіптілігін айғақтайтын деректермен жиі қамауға алып жатыр. Айталық, рұқсат етілмеген діни оқулықтарды өңірге қаптап әкеліп, оң мен солын танымай жүрген, өзгенің айтқанына еріп кететін жастардың санасын улағандар, қаруды заңсыз сақтағандар жайлы дерек жетеді. Мәселен, жуырда Атырау полицейлері атыс қаруын заңсыз сақтаған деструктивті діни ағым өкілін қамауға алды. Ол Атырау облысы Құрманғазы ауданының тұрғыны еді. Бұл ақпарат «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында расталды. 42 жастағы ер адам тұратын үйді тінту кезінде одан 1 дана ойық ұңғылы қару, 1 дана 5,6 мм калибрлі патрон табылып, тәркіленді. Тексеру барысында аталған тұлғаның бұрын да сотты болғаны анықталды. Қазір күдіктіге қатысты Қылмыстық кодекстің 287-бабы 3-бөлігімен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Заңсыз қару сақтаған ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалған. Адамға жала жауып бопсалаған, қаруланып жүрген деструктивті діни ағым мүшелерінің есірткі саудасында да қолтаңбалары барын білдік. «Қарасора-2021» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Атырау облысы Полиция департаменті Экстремизмге қарсы іс-қимыл және Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Атырау қаласы аумағында Орал қаласынан келіп синтетикалық есірткі сатпақ болған 1998 және 1999 жылы туған екі күдіктіні ұстады. Ұсталған сәтте күдіктілерден синтетикалық есірткі бар зип пакеттеріне оралған 46 түйір табылды. Олардың жалға алған пәтерінен екі пакетке оралған синтетикалық есірткі мен 100 дана дайын бетбелгі тәркіленді. Нәтижесінде, жалпы сомасы 24 млн теңгеге жуық синтетикалық есірткінің 2 400 бір реттік дозасы заңсыз айналымға жіберілмеді. Аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазір күдіктілер соттың санкциясымен Атырау қаласының тергеу изоляторында қамауда отыр. Атырау облыстық Полиция департаментінің деструктивті діни ағым мүшелеріне қатысты тергеу амалдары мұнымен біте қоймайтын сияқты. Өйткені олардың түрлі қылмысқа қатысы бар екені жиі айтылатын болып жүр. Ал біз бірқатарын әрі соңғы кездерде ғана белгілі болғандарын сөз еттік.Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы