«Қылмыс азайды» дейді құқық қорғаушылар. Дегенмен күнделікті бұқаралық ақпарат құралдарынан, әлеуметтік желіден жаға ұстатарлық оқиғаларды оқи-оқи адам еті үйреніп кете ме, әлде күйбең тіршілік ойлануға мұрша бермей ме, әйтеуір «е-е» дейміз де, қоя салатын жағдайға жеттік. Ал қылмыс «жасарып» барады. Кеше ғана Теміртауда үкілеп өсірген баласынан туғандары айырылып қалды.
Аталатсаң аталат, боталатпа...
Ата-бабамыз «Аталатсаң аталат, боталата көрме» деген. Адам үшін бауыр еті баласынан айырылудан асқан қайғы жоқ. 24 шілдеде ескі қалалық полиция бөлімінің кезекші бөліміне «Теміртаудағы қалалық балалар ауруханасында 12 жастағы қала тұрғыны қайтыс болды» деген хабарлама келіп түседі. Полицейлер анықтағандай, зардап шеккен бала қала үйлерінің бірінің ауласында 13 жастағы баламен ұрысып қалған. Жанжалдың соңы төбелеске ұласып, әлгі бала жарақат алған. Қайтыс болған бала басынан соққы алып, оқиға орнында есінен танып қалған. Артынша жасөспірімнің сол күйінде есін жимағаны туралы ақпарат тарады. Елді дүрліктірген оқиға жайында баланың әкесі Вадим Сумкин: «Ұлымның жүрегіне осы уақытқа дейін бес рет ота жасалды, ол кардиостимулятордың көмегімен өмір сүріп келді», – дейді. Арманда кеткен жасөспірім бағдарламашы болғысы келген. Алайда бір ғана соққы оның қиялын өмірімен қоса үзді... «Балалар бастапқыда доп теуіп ойнаған екен. Одан кейін ұлым өзара төбелесіп кеткен балаларды ажырата бастаған. Оның жүрегі ауырады, жарымжан еді. Бес отадан өткен. Бұл туралы аула балалары түгелдей білетін», – дейді қара жамылған әке. «Оқиға Қылмыстық кодекстің 104-бабы бойынша тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалды, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр», – деді Қарағанды облыстық Полиция департаменті Тергеу басқармасының бастығы Рустам Құлкеев. Сонымен қатар өз баласын ұрлау фактісі де тіркелді...Күн жарықта жоғалды...
Күн жарықта шешесі мен қызы жоғалып кетті. Бұл оқиға Қарағанды облысының Балқаш қаласында тіркелді. Анасы мен қызын ұрлау жайлы хабарлама Балқаш полиция бөліміне 67 жастағы жергілікті тұрғыннан келіп түсті. Қоңырау шалған ер адам қызы жұмыстан шығып, балабақшаға баласын алып кетуге кеткенін, үйге оралмағанын айтып хабарласқан. Әйел мен қыздың жоғалып кетуіне байланысты тергеуді арнайы жедел-тергеу тобы бастады. Хабарлама келіп түскен соң полицейлер бірнеше болжамды нұсқаны пысықтап, адам ұрлығын бұрынғы күйеуі жасауы мүмкін екенін ескерген. Балабақша қызметкерлері куәлік бергеннен кейін осы нұсқаның растығы анықталды. Куәгерлердің айтуынша, әйел мен баланы көлікке күштеп отырғызып, белгісіз бағытқа қарай кеткен. Осы оқиғадан біраз бұрын ерлі-зайыптының ажырасқаны және әйелдің Қарағандыдан Балқаштағы туыстарына көшіп кеткені анықталды. Алайда экс-отағасы бұл шешімге келіспей, қызын жиі көру үшін осындай амалға барған. Бұл туралы Балқаш қаласынан хабарлама алғаннан кейін Қарағанды облысы ПД Криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері күдіктінің болуы мүмкін барлық орындарды қараған. Әйел мен баланы облыс орталығындағы жер үйлердің бірінен тапты. Күдікті де бірден қолға түсті. Отбасын күштеп Қарағандыға қайтаруға оқталған азамат мұндай мәселелер азаматтық-құқықтық қатынастар аясында сотта шешілуі мүмкін екенін ескермегенін айтты. Ал оның үстінен Қылмыстық кодекстің 126-бабы «бас бостандығынан заңсыз айыру» бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу басталды. Баптың санкциясына сәйкес, ер адам бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Көшеде оқ ататындар да шықты...Талтүсте қару алып шықты...
Теміртауда тәртіп сақшылары көршісімен жанжал барысында үйінен мылтық алып шығып, оқ атқан ер адамды ұстады. Бұл жайт 8 мамырда болды. Ел Жеңіс күнін тойлайын деп жатса, теміртаулық азамат көшеге мылтық алып шығып екі рет аспанға оқ атты. Отшашу жасау үшін емес, өзінің мықтылығын осылай көрсетпек болса керек. Теміртау қаласы ПБ Криминалдық полиция қызметкерлері оқ қаруын қолданып, бұзақылық жасағаны үшін 32 жастағы қала тұрғынын ұстады. «Күдікті өз кінәсін мойындады. Armsan маркалы тегіс ұңғылы мылтық тәркіленді. Тиісті сараптамалар тағайындалды», – деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі. 8 мамыр күні сағат 20.42 шамасында Теміртау қаласында 8 шағын аудандағы аулалардың бірінде кәмелетке толмаған екі бала арасында жанжал болды. Балаларды ажырату үшін үйлерінен әкелері шыққан. Алайда жағдайды анықтау барысында балалардың бірінің 43 жастағы әкесі 32 жастағы қарсыласын бетінен ұрған. Содан кейін соңғысы үйінен мылтық алып шығып, екі рет ауаға оқ атып, қашып кеткен. Бұл бірінші де соңғы оқиға емес, жақында қару ұстап көшеде маңғаз басып жүрген азамат ұсталды. 25 маусымда Қарағанды қаласының ПБ патрульдік полиция полкінің қызметкерлері 33 жастағы жігіттің көлігінен қару тапты. Көлікті тексеру кезінде полицейлер травматикалық және пневматикалық екі тапанша, тегіс ұңғылы аңшы мылтығының 50 патроны және аңшы пышағын тапты. Қылмыстық кодекстің 287-бабы (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды және жарылғыш құрылғыларды заңсыз иемдену, беру, сату, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. «Мылтығы жоғы не істейді? Әрине, пышақ ала жүгіреді». Осындай заман басталғандай. Өйткені көшедегі жаға жыртыстың көбі осы суық қарудың қатысуымен өтетіні дабыл қақтырарлық.Пышақпен де жүр көшеде...
Қарағанды қаласының тұрғыны Михайловкадағы «Стекляшка» аялдамасында автобус күтіп тұрған баласына мас екі ер адам жақындағанын жазды. Олар өздерін әдепсіз ұстап, жандарынан өтіп бара жатқан адамдарды балағаттаған. 16 жастағы Темірлан олардан тыныштық сақтауды өтінген кезде ер адамдар бұған назар аударып, «Сен кімсің? Біздің кім екенімізді білесің бе?» деген сөздермен баланы қорқыта бастайды. «Олар өздерін «беделді авторитеттер» деп атаған сәтте ұлым ешкімді білмейтінін айтты. Содан кейін төбелес басталды. Өтіп жатқан адамдар болса оларды ажыратып алуға батылдары бармады!», – деп ренішін білдірді Темірланның анасы Айсұлу Матаева. Тәртіп сақшылары «оқиға барысында ешкім айтарлықтай жарақат алған жоқ» дейді. Алайда Айсұлу Матаева төбелес кезінде ұлының үш жеріне пышақ тигені туралы айтты. Бірінші соққы – басына, екіншісі кеудеге, үшіншісі қолына тиіпті. Оқиғаны видеоға түсіріп үлгерген куәгер кадр сыртында біреудің «пышағыңды лақтыр» деп айқайлағанын естіген. «Осыдан кейін менің балам ауруханаға жеткізіліп, жарақаттанған қолының етін тіктірді», – деп жазды баланың анасы Instagram-да. «Күдіктілер анықталып, қамауға алынды. Қазір тиісті сараптамалар тағайындалып, іс бойынша барлық мән-жайды анықтау үшін тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деп түсіндірді Қарағанды қалалық полиция қызметкерлері. Ал 3 маусым күні кешке Қарағанды облысы Жезқазған қаласындағы ауруханалардың біріне пышақталған 14 жасар мектеп оқушысы түсті. Абырой болғанда кәмелеттік жасқа толмаған азаматтың жағдайы жақсы болғандықтан ауруханаға жатқызылмаған. Жәбірленуші оқиға кешке үйінің жанында болғанын айтқан. Оның қасына белгісіз бір азамат келіп, кенеттен пышақ жұмсап, қашып кеткен. Жәбірленуші оны бұрын көрмеген және білмейтінін айтқан. Учаскелік полиция инспекторының сауатты жүргізілген жедел әрекеттерінің арқасында ізін суытпай осы іске қатысы бар деген күдікпен 20 жастағы азамат ұсталды. Жауап алу барысында күдікті қыздармен ешқашан тіл табысып, жараса алмағандықтан олардан өш алуды ойластырғанын айтқан. Сондықтан да қолына пышақ алып, көшеде алғашқы кезіккен қыздарға пышақ саламын деп шыққан. Қазір аталған факті бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.Түйін.
Расымен де, қылмыс азаяр емес. Ол неден туындайды? Кім кінәлі? Ойланып көрдік пе? Әрине, бірден жауап беру қиын. Бәлкім, қоғам, заман айыпты дейтін шығармыз. Әйтеуір, әдеттегідей сырғытпа жауап беруіміз мүмкін. Ал айналадағы оқиғаларға немқұрайды қарауды көбейтіп, тәрбиеге көңіл бөлуді азайтып алғанымызды сирек айтамыз. Кім біледі, қылмыстың көбеюінің тамыры отбасы, ошақ қасында жатқан шығар...
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы