Жамбыл облысы Тараз қаласындағы емханалардың бірінде жалған ПТР-тест анықтамасын берген медицина қызметкері ұсталды. 26 жастағы маман бұл қызметі үшін ақша алмағанын айтса да, тәртіп сақшылары аталған ақпаратты жіті тексеруде. Бұл фактіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабы 1-бөлігі (Жалған құжаттарды, бланкілерді қолдан жасау, дайындау немесе өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Ал анықтаманы пайдаланған 47 жастағы әйелге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 385-бабы 3-бөлігі (Көрінеу жалған құжатты пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүруде. Естеріңізге сала кетсек, жалған құжат дайындағаны үшін 4 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру, ал оны пайдаланғаны үшін 40 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу түріндегі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Саятхан Сатылған,
Жамбыл облысы