"Күніне 1900 адам коронавирус жұқтырады": Алматының бас дәрігері коронавирустың таралуына қатысты жаңа болжамды жариялады
"Күніне 1900 адам коронавирус жұқтырады": Алматының бас дәрігері коронавирустың таралуына қатысты жаңа  болжамды жариялады
© economics-prorok.com
103
оқылды
Алматыда коронавируспен ауырғандар саны әлі де көбейеді. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы коронавирус инфекциясына қатысты пессимистік болжамын жариялады, — деп хабарлайды Azattyq Rýhy. Қаланың бас дәрігері Нариман Табынбаевтың айтуынша, Алматыда эпидемиологиялық ахуалдың нашарлауы «дельта» штамының таралуымен тікелей байланысты. 2021 жылдың басынан бері КВИ-ді жұқтырған 74 мың адам тіркелген.
«Соңғы 2 аптада алдыңғы кезеңмен салыстырғанда сырқаттанушылар саны 1,2 есе өсті. Ал тәуліктік өсім бойынша 1,3%-ды құрады. Осы жылдың 1 шілдесінен 27 шілдесіне дейін 18 118 жағдай тіркелді. Бұл пессимистік болжамнан едәуір жоғары. Өсудің себептері белгілі – 18 маусымнан бастап қалада дельтаның таралуы – жоғары жұқпалы және көбінесе ауыр клиникалық көріністер тудыратын нұсқа. Пандемия басталғаннан бері 92 424 КВИ жағдайы Алматыда тіркелген», — деді басқарма басшысы.
Қаланың бас дәрігері алдағы айларға болжамын да ұсынды. Бастапқы болжамға сәйкес, аурудың шарықтау шегі тамыздың бірінші онкүндігінде болады. Табынбаевтың сөзінше, күніне қауіпті инфекцияны жұқтырған адамдардың саны 1600-ге жуықтайды.
«Биыл 30 қыркүйекке дейін, сосын алдағы 3 айға болжам дайындалды. Негізгі болжамға сәйкес, аурудың шарықтау шегі тамыздың бірінші онкүндігіне келеді, тәулігіне 1600-ге жуық жаңа жағдай тіркеледі. Пессимистік болжамға сәйкес, аурудың шарықтау шегі 10-11 тамызда тәулігіне 1900-ге дейін жаңа жағдай тіркеледі. 2021 жылдың тамыз айында 34 500 жағдай деп болжам жасалды. Қыркүйекте коронавиустың төртінші толқыны басталады деп болжам жасалды», — деді Нариман Табынбаев.
Алматыда ауру жұқтырған науқастар жататын 7 мың инфекциялық төсек-орын дайындалған.  Резервте қосымша тағы 3000 төсек-орын бар. Егер жағдай ушығатын болса, тағы да резервтік 2000 төсек-орын қарастырылады. Бүгінгі таңда 6 400 төсек-орын жүктемесі тартылған.
«27 шілде күнгі жағдай бойынша стационарларда жалпы 3 827 пациент (оның ішінде 239 балалар), өте ауыр жағдайда 114 науқас және ауыр жағдайда 956 науқас ем алуда. Инфекциялық стационарларда 500 реанимациялық төсек-орын бар. Жұмыс жүктемесі бойынша 52% (260 пациент). ӨЖЖ аппаратында 29 пациент жатыр. Инвазивті емес желдету – 105 және High Flo аппаратында 99 пациент жатыр. Штамдар агрессивті, бұл өлім санын арттырды. Биыл 1 қаңтар мен 26 шілде аралығында 703 адам қайтыс болды. КВИ-мен күресу үшін 6 212 медицина қызметкері жұмылдырылды. Резервте 1700-ден астам медицина қызметкері бар. Анықталған жағдайлардың санына пропорционалды түрде ауруханаға жатқызу барысында аурулардың саны өсуде. Егер бір ай бұрын тәулігіне 40-70 пациент ауруханаға жатқызылса, қазіргі уақытта ауруханаға тәулігіне 400 науқасқа дейін жатқызылуда», — деді Алматы қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нариман Табынбаев.
Соңғы күндері пациенттер саны 5 есеге өскен. Бүгінгі күннің ақпаратынша, 7 361 науқас ем алып жатыр. Жедел медициналық жәрдем қоңырауларының күнделікті саны 2700-ге дейін өскен. Шілдеде ЖРВИ, КВИ және пневмониямен ауырған науқастарға шақыру 2 есеге, яғни 15%-тен 30%-ға дейін артқан. Қазіргі уақытта 15 700 зерттеуге арналған 28 ПТР-тест зертхана жұмыс істейді, болашақта анықтама көрсеткіші  27 мыңға дейін көбейту көзделген.