Маңғыстауда ұшақ шаңды дауыл салдарынан қонуға мәжбүр болған

Маңғыстауда ұшақ шаңды дауыл салдарынан қонуға мәжбүр болған

Әлеуметтік желілерде Маңғыстау даласына ұшақтың мәжбүрлі қонғаны туралы хабар тарады. https://www.youtube.com/watch?v=ry_wEQw5rDo Облыстық жедел жәрдем станциясының директоры Айларбек Шыршықбаев бортта дәрігерлер мен инфаркт диагнозы қойылған әйел болғанын айтты. Оны медициналық көмек көрсету үшін Бейнеу ауданынан Ақтауға тасымалдаған.

"Бейнеу ауданының 1972 жылы туған тұрғынына жедел миокард инфаркті диагнозы қойылған. Борт пациентпен бірге Ақтау халықаралық әуежайына ұшып келді, бірақ ауа райының қолайсыздығына байланысты оларға қонуға рұқсат етілмеді. Осы себепті ұшақ ұшқышы әуежай маңындағы далаға қонуды ұйғарды. Осылайша ол әйелдің өмірін сақтап қалды", - деді облыстық жедел жәрдем станциясының директоры Айларбек Шыршықбаев.
Айларбек Шыршықбаевтың айтуынша, ұшақ далаға қонғаннан кейін дәрігерлер әйелді автокөлікпен Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізген. Қазір дәрігерлер оның жағдайын қанағаттанарлық деп бағалап отыр.