Ақмола өңірінің әлеуеті зор
Ақмола өңірінің әлеуеті зор
273
оқылды

Ақмола облысына жасаған жұмыс сапары барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақ әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар мен Көкшетау қаласының даму перспективалары туралы есеп берді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі ха­барлады.

Президентке аймақтың негізгі әлеуметтік-экономикалық көр­сеткіштері, агроөнеркәсіп, ту­ризм, тау-кен металлургиялық кешені, машина жасау, құрылыс индустриясы, энергетика және басқа да салалардағы инвести­циялық жобалар таныстырылды. Облыс әкімінің есебін тың­даған Мемлекет басшысы өңірді дамытудың басым бағыттарын белгілеп берді. Мемлекет басшысы Қосшы ауылына облыстық маңызы бар қала мәртебесін беру туралы шешімін түсіндірді. – Бұл шешім, ең алдымен Қос­шы тұрғындарының өмірін же­ңілдету мақсатында қабылданды. Онда қағаз бойынша 40 мыңға жуық тұрғын өмір сүреді. Шын мәнінде, ол жерде 80 мың адам тұрады. Олар тұрмыстық мәселе­лерімен облыс орталығы Көк­шетауға баруға мәжбүр болады. Оған көп уақыт, күш жұмсайды. Әрине, бұл тұрғындардың жүй­кесін жұқартады. Сондықтан қаланың әкімшілік мәртебесін өзгертетін осындай шешім қа­был­данды. Мен мұны дұрыс шешім деп есептеймін, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев Көк­шетау қаласының тұрғындарына берген уәдесінің орындалуы және жылу электр орталығының құры­лысына кірісу қажет екенін айтты. Президент ауыл шаруашылығы машиналарын жасау ісін дамыту мәселесіне назар аударып, Көк­шетау қаласы осы саладағы басты тірек орталықтарының бірі екенін атап өтті. – Бүгін мен Қазақстанның ауыл шаруашылығы державасына айналуы тиіс деп айттым. Бұл – өршіл, бірақ қол жеткізуге бо­латын мақсат. Осы ретте облыс­тың рөлін асыра бағалау қиын. Бұл бағытта біз мемлекетіміздің ауыл шаруашылығы әлеуетін күшейтуге бағытталған Ақмола облысының күш-жігерін қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы әкімдіктің тұрғын үй құрылысы жөніндегі жоспарын қолдады. Оның пікі­рінше, әлеуметтік тұрғын үй бөлу мәселесін реттеу қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізу туралы шешімнің дұрыс­ты­ғына тағы бір рет тоқталды. Президенттің айтуынша, сайлау ашық әрі әділ өтті. Тұрғындар та­рапынан ешқандай шағым түскен жоқ. – Енді жергілікті әкімдер өздерін сайлаған азаматтардың алдында тікелей жауап береді. Олардың өз бағдарламалары бол­ды. Сол бағдарламаларды жү­зеге асыруы қажет. Сонымен қатар облыс әкімдері сайланған азамат­тарға көмектесуі керек. Осы ретте мен мына мәселеге ерекше мән бергім келеді. Сайланған әкімдер өздерінің кездейсоқ сайлан­бағанын іспен дәлелдеуі қажет. Олар өз бағдарламаларын сөзбен емес, іспен орындауы тиіс, – деді Мемлекет басшысы.