Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының орталығы Көкшетау қаласына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында Президент бірқатар кәсіпорындардың жұмысымен танысып, жаңадан сайланған ауыл әкімдерімен кездесті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президенттің Ақмола облысына жұмыс сапары VECTOR410KZ және ACROS астық жинау комбайндарын құрастыратын KazRost Engineering Ltd. кәсіпорнының жұмысымен танысудан басталды. Компания директоры Қайрат Қалманбаевтың айтуынша, былтыр 29,5 миллиард теңгеге 504 комбайн шығарылған. Мемлекет басшысы компанияның шығарып жатқан өнімі Қазақстанның солтүстік өңіріндегі тың жерлер үшін маңызды екенін атап өтті. Содан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысының жаңадан сайланған ауыл әкімдерімен кездесті. – Шын мәнінде, ел тарихында осындай сайлау алғаш рет ашық әрі әділ өткізіліп отыр. Халық тарапынан ешқандай шағым түспеді. Мұндай сайлау болған емес. Біз сайлауды біреуге ұнау үшін емес, азаматтардың тұрмыс сапасын жақсарту үшін өткіземіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Көкшетау қаласындағы Bolashaq saraiy ғимаратында Мемлекет басшысы көрме залы, 3D жобалау лабораториясы, киберқауіпсіздік, Lego Mindstorms, өнеркәсіптік интернет заттары, электроника және жаңартылған энергия көздері кабинеттерімен танысты. Балалар Көкшетаудағы 1 172 орындық сарайда ғылыми-зияткерлік, шығармашылық және спорт бағыттары бойынша жұмыс істейтін 76 үйірмеден қосымша білім алады. Президент сарайдағы шәкірттермен онлайн режимде сөйлесіп, олардың оқуына табыс тіледі. Қасым-Жомарт Тоқаев Ақмола облысындағы қазіргі COVID-19 індетіне қатысты ахуалмен және өңірдегі денсаулық сақтау қызметінің жағдайымен танысты. Бұдан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев қатерлі ісік ауруының белгілері бар және осы дерт бойынша есепте тұрған науқас адамдарға консультативті-диагностикалық көмек көрсетуге мамандандырылған онкологиялық емхананы аралап көрді. Президент денсаулық сақтау саласының мамандарына қажырлы еңбегі үшін ризашылығын білдірді. – Медицина қызметкерлерінің жұмысына, әсіресе пандемия кезеңінде салмақ түсіп отыр. Еңбек демалысына да бармай, сенбі-жексенбі күндері де дамыл көрмей жұмыс істеп жүргені үшін медицина қызметкерлеріне алғысымды білдіремін. Дәрігерлерге өте қиын, бірақ біз оларды қолдаймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Одан соң Мемлекет басшысы John Deer маркалы ауыл шаруашылығы техникаларының барлық түріне қызмет көрсететін ТМД-дағы ең ірі сервис орталығының жұмысымен танысты.