Су керек, су!
Су керек, су!
181
оқылды

Қазір еліміздің барлық өңірінде су тапшылығы сезіліп жатыр. Ал ірі қалаларда көлікті техникалық емес, ауызсумен жуатын орындар көп. «Судың да сұрауы бар» дегендей, енді тіршілік нәрін дұрыс тұтынуды білмесек, онсыз да жартылай шөлейт құрлығымызды шөлге айналдыруымыз ықтимал. Бұл мәселені Үкімет те мойындап отыр.

Әлемді шөл қысып барады

Жалпы, ХХІ ғасырда жер ша­рындағы парник эффектіне және климаттық өзгерістерге байла­ныст­ы біраз ел қуаңшылыққа ұшырап жатыр. Мысалы, қазір 2,21 миллиард адам таза суға зәру десек, су сапасының төмендігі салдарынан 4,52 миллиард адам санитарлық талапқа сай өмір сүре алмай отыр. Ең сорақысы, жыл сайын 3 миллиардтан астам адам сапасыз судың кесiрiнен пайда болатын дерттерден зардап шегедi екен. Оның ішінде әр жылы 5 жас­қа толмаған 300 мыңға жуық бала жұқпалы ішек ауруларынан көз жұмып жатыр. БҰҰ мамандарының 20 жылға жасаған көлемді есеп құжатында осы ғасырда шамамен 130 ел қуаң­шылықтан зардап шегуі мүмкін екені ескертілген. Ал ЮНЕСКО-ның әлемдік су есебіне сүйенсек, 2030 жылға дейін су тапшылығы әлем көлемінің 40 пайызына тарайды-мыс. Дүниежүзілік банк сарапшылары да «2050 жылға қарай Орталық Азиядағы су тап­шылығы өңірдегі жалпы ішкі өнімді 11 пайызға төмендетуі мүм­кін» деп болжаған. Осындай мы­салдар негізінде, табысы төмен және орта деңгейдегі 140 елдің суға қол жеткізуі үшін 2016-2030 жыл­дар аралығында бөлінуі тиіс жыл­дық қаражат 114 миллиард дол­ларға жетіп отыр. Негізінен су тапшылығы оны тиімсіз қолданудың кесірінен басталғаны анық. Айталық, ала­қан­дай ғана Түрікменстан жан басына шаққанда 5,5 мың текше метр су шығындайтын көрінеді. Ал бұл дегеніңіз алып АҚШ-тың көрсеткішінен 4 есе, тіпті Қы­тайда тіркелген су ресурстарын пайда­лану деңгейінен 13 есе көп! Су ре­сурстарын тиімсіз пайдала­на­тын елдер қатарында 4 және 5-орындарда тұратын Өзбекстан мен Қырғыз елінің әр тұрғыны шамамен 2 мың текше метр су жұм­сайды. Сондай-ақ бұл тізімде Тәжікстан 7-ші, Қазақстан 11-орында тұр. Осылайша, трансшекаралық өзендерді сорға айналдырып тынсақ, алдағы 20 жылда тұщы су қоры азайып, оны тұтыну көр­сеткіші 56 пайызға жетуі мүмкін екен. Өйткені Қазақстандағы не­гізгі су көздерінің бастауы сыртта жатыр. Соны ескерген ел Үкіметі «Су ресурстарын басқарудың 2020-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» жобасын дайын­дауға кірісті. Одан қандай нәтиже шығарын әзірге білмейміз.

Ауыл жұрты арба сүйреп жүр

Жалпы біз бар суды тиімді пайдалана алмай отырмыз. Ресми дерекке сенсек, елімізде судың 67 пайызы – ауыл шаруашылығына, 30 пайызы – өнеркәсіпке, қал­ғаны шаруашылық-тұрмыстық қажеттілікке жұмсалады екен. Биыл Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағ­зұм Мырзағалиев: «Су саласынан көріп отырған негізгі тәуекел – ағын судың төмендеуі. Біздің есептеуімізше, ағын су жылына шамамен 100 текше шақырым болды және 2040 жылға қарай 30-40 пайызға азаю қаупі бар. Осыған орай, біз су үнемдейтін техно­ло­гиялар енгізу, Қазақстанның бүкіл аумағында 28 су қоймасын салу сияқты бірқатар шараны қа­был­дауымыз керек. Тиісті тұ­жы­рым­даманы әзірле­дік», – деді Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевқа. Бұл ретте саланың ұзақ жыл­дан бері қордаланып қалған проблемалары бар екенін де ес­кер­ген жөн. Мысалы, суға тариф есептеудегі тетіктің әлі күнге бі­різге түспеуі мен тұтас респуб­ликадағы жағдайды жетік білетін білікті кадр тапшылығы байқа­лады. Сондай-ақ елдегі канал­дардың 18 мың шақырымы күр­делі жөндеуді қажет етеді де­сек, инфрақұрылымның тозуы кей өңірде 80 пайызға жеткен. су Мемлекет 2000 жылдан бастап «Ауызсу», «Ақ бұлақ», «Өңірлерді дамыту», «Нұрлы жол» сынды бағдарламалар аясында 48,2 мың шақырым инженерлік желі салған болатын. Бірақ тәуелсіз сарап­шы­лар сол діттеген мақсатқа бөлінген 1 триллион теңгеден астам қар­жыға елді мекендердің барлығына ауызсу құбырын ғана емес, басқа да тіршілікке қажетті инфра­құрылым орнатуға болатынын меңзеп отыр. Өкінішке қарай, біздің елде осындай басы бар, аяғы жоқ істер кейін дау-дамайға ұласып жатады. Сол әдеттен арыл­мауымыздың салдарынан, ауыл жұрты әлі де ауызсуды құ­дықтан арбамен тасып ішіп жүр.

Экологиялық апатқа ұшырай бастадық

Қоршаған ортаның бүлініп, жерасты суының құрып кетуіне табиғи және техногендік про­цестердің ықпалы зор екенін де мойындау керек. Атап айтқанда, Түркістан облысының Созақ ау­данында уран өндіруден бүлінген жерасты сулары жергілікті тұр­ғындардың денсаулығына зиян келтіріп жатыр. Сонымен қатар кезінде Өскемен қаласындағы зауыттан далаға ағып, жерге сіңіп кеткен жүздеген тонна сынап қазір жылжып, Ертіс өзеніне жақындап қалды. Егер оның алдын алмасақ, сынап өзеннің суына қосылады да, төменгі ағыстағы елді мекендерді орасан шығынға батырады. Апаттың үшіншісі – Памир мен Тянь-Шань шыңдарындағы мәңгілік мұздықтардың 1957 жылмен салыстырғанда 30 па­йызға кемігені. Егер ол күтіл­ген­дей, 2025 жылға қарай 50 пайызға дейін түссе, түбінде Орталық Азия­дағы, оның ішінде Қазақ­стандағы су арналарының суа­лып-тартылып, жаппай құрғақ­шылық жағдайына әкелуі мүмкін екен. Себебі 50-жылдары Қа­зақстандағы су қоры 120 миллиард текше метр шамасында болса, қазір оның көлемі 100 миллиард текше метрге дейін кеміді деген болжам бар. Мысалы, жарты ғасыр бұрын Сыр өңірінде 3 мыңнан астам көл болса, қазір соның 200-і ғана қал­ған. Ал эколог Тимур Елеусізовтің айтуынша, Балқаш көліне соңғы 15 жылдан бері кешенді зерттеу жүргізілмеген. 2012 жылдың өзін­де көлдің беті теңіз деңгейінен тө­мен­деп кетіпті. «Балқаштың тар­­тылуы бүкіл Қазақстанда эко­логиялық апат тудырады. Оның тұ­зы жүз­деген, тіпті мыңдаған ша­­қырымға ұшып, тау басындағы мұздықтарды ерітеді, яғни негізгі тұщы су қо­ры­нан айырыламыз. Ең бірінші ке­зекте Алматы сусыз қалуы мүм­кін», – дейді эколог. Оның айтуын­ша, Балқаштың ма­ңайындағы облыстарда барлығы 3 миллион адам тұрады. Көл тар­тылса, жаппай миграция жү­ретіні анық.

Түйін:

Таяуда елдегі өзендердің лас­тануы мен құрғап қалу пробле­ма­лары, арналарда заңсыз құрылыс­тар салу фактілері, елді мекендерді сумен жабдықтаудың мардымсыз жағдайы «Nur Otan» партиясы Эко­логиялық кеңесінің отыры­сында да талқыланды. Сол сәтте «Nur Otan»-ның өңірлік эколо­гия­лық кеңестері жасаған 200 түйінді мәселенің тізімі қаралған болатын.

Еркеғали БЕЙСЕН