Токио Олимпиадасындағы теннисшілеріміздің жағдайы мәз емес. Ерлер арасында Михаил Кукушкин бірінші айналымда екінші кезеңнен ары аса алмады. Ал әйелдер арасында сынға түскен үш бірдей теннисшіміз бірінші кезеңді орта жолдан аяқтады. Байрақты бәсекеде ел сенім артқан Зарина Дияс, Юлия Путинцева және Ярослава Шведова жазғы Олимпиада ойындарындағы антирекордты жаңартты. Ойыннан бас тартты.
Енді отандық жанкүйерлер теннистен Қазақстан әйелдер командасының Токио Олимпиадасында қалған жалғыз өкілі Елена Рыбакинаның тілеуін тілейді. Әзірге отандасымыздың көрсеткіші жаман емес. Үш ойында да қарсыластарына үстемдік танытып, ширек финалға жолдама алды. Осы қарқынын жоғалтпаса, жүлдегерлер қатарынан көрінуге мүмкіндігі бар. Айта кетейік, теннистен әйелдер арасындағы турнирдің бірінші айналымына 64 теннисші қатысты. 32 матчтың үшеуі ғана уақытынан бұрын аяқталды. Алдымен Зарина Дияс бірінші сетте чех Барбора Крейчиковадан 2:5 есебімен жеңіліп жатып матчты жалғастырудан бас тартты. Отандасымыздың жарыс кезінде ескі жарақаты сыр беріпті. Артынша Путинцева да аргентиналық Надия Поророшкамен кездесуді ерте аяқтады. Бірақ Юлия бірінші сетте 6:7 есебімен жеңілгенімен, екінші сетте 3:1 есебімен алда тұрған. Соған қарамастан ол жарысты жалғастыруға құлықты емес екенін жеткізген. Шведова да қарсыласына шамасының жете алмасын сезді ме, жоқ жанын қинағысы келмеді ме, әйтеуір ол да австралиялық Айла Томляновичке қарсы матчта 5:7, 2:3 есебімен жеңіліп жатқан тұста күннің ыстығын сылтау етіп, жарысты жалғастырмайтынын айтыпты. Бұл тұста теннисшілердің жарыс аяқталғанда айтқан сөздеріне қысқаша тоқтала кетейік.– Ауа райы өте ыстық болды. Тыныс алуым қиындады. Екінші сет барысында ойын ырғағына түскен кезде басым ауырды. Дәрігер шақырдым. Ыстықтан қан қысымым көтеріліп кеткен екен. Сондықтан матчты жалғастырудан бас тарттым, – деді Путинцева.Ал Зарина Дияс Токио Олимпиадасына аяғының жарақатына қарамастан қатысқанын айтыпты. Бұл туралы спортшы федерацияның баспасөз қызметіне берген сұхбатында мәлімдеді.
– Өкінішке қарай, кездесуді тоқтатуға тура келді. Өткен аптада Лозаннадағы турнирде аяғымды жарақаттап алдым. Біраз емдеген соң, жақсы болып қалғанмын. Бүгінгі кездесу кезінде аяғым қайтадан қатты ауыра бастады. Сол себепті турнирді жалғастыра алмадым. Олимпиаданың мен үшін дәл осылай аяқталғаны өкінішті, – деді Зарина.
– Өз-өзіме енді келіп жатырмын. Өкінішке қарай, кездесу жеңіліспен аяқталды. Жақсы ойнап, тырысқан сияқтымын. Бәрі жаман емес еді, алайда бірінші сеттің аяғына қарай ыстыққа шыдау мүмкін болмады. Күннің ыстығы қатты әсер етті. Сонда да тоқтамай, бірнеше гейм ойнауға тырыстым. Бірақ жағдайым нашарлап, аяғымды сезбей қалдым. Ойынды тоқтатқым келген жоқ, ең соңына дейін ойнағым келді. Бірақ 3:2 есебімен алда тұрғанымда бәрі қиындай түсті. Мен соңына дейін ойнай алмайтынымды сездім. Юлия мен Зарина да ойыннан бас тартқан соң, барынша соңына дейін барғым келді. Ойыным жақсы жүріп жатса да, жағдайдың осындай болғаны өкінішті, – депті Шведова.Біз мән-жайды білмек болып Қазақстан Теннис федерациясына хабарласқан болатынбыз. Қазақстан Теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польский үш теннисшінің жарыс кезіндегі сәтсіздігін былайша түсіндірді.
– Заринаның жарыс кезінде аяғынан алған ескі жарақаты сыр берді. Олимпиада алдында отандасымыз жарақат алған болатын. Сондықтан оның соңғы сәтке дейін Токиоға бару-бармауы белгісіз болды. Заринаның жағдайы қалыпқа келгеннен кейін ол жарысқа баратын болды. Өкінішке қарай, бірінші сетте қарсыласының соққысын қайтару барысында аяғын ауыртып алды. Сол себепті турнирмен ерте қоштасуға мәжбүр болды. Оның үстіне, Зарина алғашқы айналымнан-ақ мықты қарсыласқа тап болды. Путинцева мен Шведовада қос теннисшіге күннің ыстығы, ауа райының қолайсыздығы қатты әсер етті. Юлия тартысты өткен бірінші сетте қарсыласына есе жібергенімен, екінші сетте 3:1 есебімен алда тұрған. Алайда ыстықтан спортшы өзін жайсыз сезініп, жарысты жалғастыра алмады. Әлемнің бірінші теннисшісі Эшли Бартидің өзі де ыстықта сәтті өнер көрсете алмай, бірінші айналымда қарсыласынан жеңіліп қалды. Көптеген теннисшілер ауа райының қолайсыздығын айтып шағымданып жатыр. Энди Маррей де алдын ала сезгендей жарысқа қатыспайтынын айтқан болатын. Аптап ыстықта далада ойнау оңай емес. Шведова бірінші сетте 5:5 есебімен тең ойнап жатқан кезде күннің ыстығынан әлсіреп кеткенін, аяғы қимылдамай қалғанын айтты. Бұл жарыс түрін өзге спортпен салыстыруға болмайды. 10-15 минуттық спринттік жарыс емес немесе залда өтетін жарыс емес, сыртта күннің ыстығында ойнауға тура келеді. Сондықтан теннисшілерге 1,5-2 сағат далада ойнау оңай болмай тұр, – деп жауап берді Юрий Польский.Өз кезегінде спорт журналисі Фараби Әбдіхалық жарыс кезінде қанша ыстық болса да, бәріне бірдей жағдай жасалғанын, бірақ тек Қазақстанның атынан сынға түскен теннисшілердің бірінен соң бірі жарысты жалғастырудан бас тартқаны үлкен күмән туғызып отырғанын айтады. Ал әлеуметтік желі қолданушыларының бірі «бұл жұптасып өнер көрсетуде бас тартқаннан кейін басталған командаішілік кикілжің сияқты» деген пікірін білдірген екен. Бұл сөздің де жаны бар секілді. Жалғыз Елена Рыбакина ғана жанын салып ойнап жүр. Олимпиададан жүлделі оралсам деп әр ойынын жоғары деңгейде өткізіп жатыр. Кім не десе де, басқа теннисшілерден қайыр болмады. Ендігі бар үміт Еленада.
Абылайхан ЖҰМАШ