TikTok house: жастар жиналатын жаңа «үй»
TikTok house: жастар жиналатын жаңа «үй»
© kaz.tgstat.com
309
оқылды

Соңғы бесжылдықта әлеу­меттік желілердің қоғамға деген ықпалы тым артты. Қазір желілер табыс табудың негізгі құралына айналды. Осындай танымал бағдарламалардың бірі – TikTok. Әлемде өзге желі­лерден қарағанда жазылушылары тым көп. Соңғы кездері TikTok house атты ұғым кең та­ра­ла бастады. Бір сөзбен айтқанда, әлеуметтік желі арқылы мол ақша табатын «отбасы». Дегенмен ақша тапты екен деп блогерлердің барлық іс-әрекетін дұрыс дей аламыз ба? Себебі олардың ерсі қы­лық­тары жасөспірімдерді теріс бағытқа бұрып бара жатқандай.

Танымалдың бәрі үлгі бола ма?

TikTok соңғы 2 жылда үлкен қар­қын­мен өсті. Қазір бұл желіде қазақ­стандық жасөспірім блогерлер де миллиондаған теңге табыс табады. Әуелі TikTok һouse-тың не екеніне тоқталсақ. Бір сөзбен айтқанда, бұл –TikTok «үйлері». Бұл ұғым алғаш рет 2019 жылы АҚШ-та пайда болды. Блогерлер жиналып, бір үйде тұрып, бірге бейнежазба түсіреді. Осылай өз командасы мен кеңістігін қалып­тастырады. Көп ұзамай осын­дай «үйлер» бүкіл әлемде, соның ішін­де Қазақстанда да ашыла бас­тады. Бүгінде мұнда жеке пайдалану­шылармен қатар, брендін дамыт­қысы келетін компаниялардың да TikTok-қа қызығушылығы артып отыр. Әсіресе, блогер мен кәсіп­керлер үшін жарнама жасауға жаңа мүмкіндік туды. Егер ебін тапса, қарапайым қолданушылар да TikTok арқылы табыс таба бастады. Ал енді қазақстандық TikTok һouse-қа тоқталсақ. Елімізде ең таны­малдары – Bip house, Savage house, Yolo house, және Kex house. Қазақстанда пайда болған ең алғаш­қы әрі ең таны­мал TikTok house – Bip house болатын. Шығармашылық топ мүшелері өздері туралы 2020 жылы шілдеде ресми мәлімдеді. Bip house ашылған бірінші күні аккаунтына лезде 100 мың адам жазылған. Қазір олардың 10 мил­лионнан аса жазылу­шысы бар. 10 адам­нан тұратын «үй» Алматы қала­сының маңында орна­ласқан. Айт­пақшы, бұл «отбасы» танымалдылық жағынан әлемде үшінші, ал ТМД елдері бойынша бірінші орынға ие. Yolo house был­тыр қазанда ашылғанына қарамас­тан, қазір 5 миллионнан аса жазылу­шы жинап үлгерді. Командада 7 тиктокер бар. Бір мүшесі – Yolo есімді мысық екен. Тағы бір ерек­шелігі – топта әртүрлі ұлт өкілдері бар. Ал үздік үштікті Қазақстанда екінші болып құрылған Savage house қорытындылайды. Алғашқы 3 ай уақытта 379,5 мың адам жинаған. Қазір бұлардың 600 мыңға жуық жазылушысы бар. Жалпы, басылған лайк саны әлдеқашан 20 миллионға жеткен. Команда құрамын­да 8 тик­токер бар, олардың қатарында елге Kagiristwins деп танылған егіз қыздар да бар. Томирис және Наргиз есімді егіздер TikTok-тағы фоллоуерлер саны бойынша Қазақстандағы тик­то­кер­лердің көшін бастап тұр. Де­ген­мен тиктокерлер қауымын жас­тарға үлгі ретінде санауға бола ма? Бозбалалар мен бойжеткендер ара­сында әлем бойынша кеңінен қол­да­нылатын желіде қабылдауға қиын жазбалар да жетерлік. Ал оны көрген балалардың санасында өзгеше бет­бұрыс болары айтпаса да белгілі.

«Атың шықпаса жер өртенің» кебі ме?

TikTok қосымшасы басқа әлеу­мет­­тік желілер секілді видеоларын сүзгіден өткізбейді. Яғни, экстре­мизмді нәси­хаттап жатсаңыз да көңіл бөлмеуі мүмкін. Біреуді кем­сіт­кен пікірлер жазатындардың да аккаунтын бұғат­тамайды. Әркім өзі қожа, өзі би мұнда. Салдарынан бұл платформа арқылы теріс пиғыл­ды­лар да ойындағысын іске асыратын­дай. Мәселен, Еуропа мен Ресейде тым ашық киініп, камера алдында билеген қыздар педо­филдердің құры­ғына түсіп жатқан көрінеді. Әлем елдерінде мұндай оқиғалар жиілеп кеткен. Абырой болғанда, елімізде мұндай жағдай әлі тіркелген жоқ. Десе де, мамандар жастар қай­да болса, арам пиғылды адамдардың сонда болуы заңды құбылыс дейді. Айтпақшы, танымал болғысы кел­ген тиктокерлер небір қауіпті әре­кет­тер істеп жатады. Мысалы, был­тыр жыл соңында жасөспірім Ақтау­да көпқабатты үйдің шатырына шығып, сальто жасаған болатын. Кейін баланың кім екені анықталып, әке-шешесі жауапқа тартылды. Кəсіби психолог Дəулет Өскенбаев тегін жатқан ешқандай дүние жоқ екенін айтады. – Бұл жерде пайда көздеген топ­тардың мүддесі тұр. «Оңай олжаға кенелту», «жоқ нәрсені көзге елесте­ту» тәсілдерінің бәрі –сихологиялық манипуляция. Оны арнайы курстар арқылы да əбден үйреніп алуға болады. Тіпті, екі адам бір нәрсеге бәстесіп қал­са, ұтылған адамның кө­ңілі пәс тартады ғой. Ал жаңағы «ойындарға» мыңдаған, тіпті мил­лиондаған адамдар қатысып жатыр. Тобырлық санаға ерген адамдардың арқасында оңай ақша жасап, пайда­ға кенеліп жатқандар бар. Себебі біздің санамызда ақшаға деген көз­қарасымыз тұрпайы. Ең басты құн­ды­лық – адам емес, ақша деп ұғы­натын болдық. Сосын оқыған, са­уа­т­ты, шынайы жұмыс істейтін адам­ның 24 сағат бойы əәлеуметтік желіде отыратын уақыты болмайды ғой, – дейді маман. Қалай болғанда да, әлеуметтік желі хабар алмасу, байланыс, жаңалық­тармен қатар, тұрпайы істердің де «жаршысы» болып отыр. Оларды түбегейлі жою – тығырықтан шығар жол емес. Абзалы, саналы адам «жақ­сы­дан үйреніп, жаманнан жиренсе» керек. Ал балалардың жайына кел­генде, бұл мәселе күрделілігін арттыра беретін тәрізді.

Мадияр ТӨЛЕУ